“Ойқазықты” оқығанда

1246

0

Қолымда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаевтың «Ойқазық» атты кітабы. «Ойқазық» – ғылыми зерттеулер мен әдеби сын мақалалар жинағы.

Кітапты оқи бастағаннан-ақ, ойлы-күйлі сөйлемдерді көріп, ақыл, ой-сана рахатына бөлене бастадық.

Ғылыми зерттеуде деректердің көптеп келтірілуі мен материалдардың молдығы аса маңызға ие десек, бұл айтқанымызға мысал ретінде «Ойқазықтағы» «Қазақ әдебиетіндегі Бұқарбай батыр бейнесін» атауға болады. Ғалым бұл мақаласында Бұқарбай батыр туралы айтылған, жазылған қазақ әдебиетіндегі шығармаларды түгел қамтуға тырысқан. Нәтижесінде тарихи Бұқарбай батыр мен әдеби Бұқарбай батыр бейнесінің бір-бірінен өте алшақ кетпегенін кәсіби әдебиетші ғалым тұрғысынан дәлелдеп шыққан. Мол материалдар мен деректерді бір-бірімен шебер қиюластыра отырып,  қазақ әдебиетінде шын мәнісінде жан-жақты, толыққанды Бұқарбай бейнесі жасалғанына көзімізді жеткізеді.

Кез келген әдебиетші ғалым жалпы әдебиетті, әдеби процесті үнемі бақылап отыруы шарт. Өйткені әдебиет – үнемі өзгеріс, өсіп-өну, түлеу-түрлену үстіндегі жанды процесс, бірегей өнер түрі. Ал әдебиетші ғалым әдеби процесті үнемі назарда ұстап, бақылап отырмаса әдебиет туралы ғылыми еңбек, тіпті шағын мақала жазудың өзі қиын. Кәсіби әдебиетші ғалымдар өз кезіндегі ғана емес, өткен замандардағы әдеби процеске жіті көз жіберіп отырады. Жақсы жазылған ғылыми мақалалардың бірі – «Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы исламдық-ағартушылық сарын». Мұнда  «Дидактикалық өлеңдердегі ағартушылық бағыт, әсіресе, ХХ ғасыр басында әдебиетте ерекше сипатқа ие болды. Өйткені қаламгерлер ғасыр тудырған заман өзгерісін қалайда жөнге салуды азаматтық, ақындық борышы санады. Заманды түзеудің ең басты жолы адам санасын түзеу екендігін түсінген олар сол қоғамдағы адамдардың бойындағы теріс қылықтардан арылу қажеттігін, алдымен мінез-құлықты түзеу қажеттігін насихаттады. Сонымен бірге заман түзеуші ұрпақ үшін ең басты қажеттілік білім мен ғылым екендігін өз шығармаларына арқау ете отырып, қара халықты білім, ғылым, мәдениет арқылы өркениетке жетелеу жолында ғибрат, өсиет, насихат сөздер тудырды» (Ойқазық, 79-бет) делінген.

Сыр сүлейлері өздерінің жыр-толғауларында әдебиет тарихындағы үлкен бір кезең болып саналатын (ХV-ХІХ ғғ.) толғаулық поэзияның дамуына үлес қосса, сонымен бірге әдебиет өмірінде, қоғамда прогрессивті роль атқарған діни-ағартушылық ағымды да алға апарушы, дамытушылар болды. «Ойқазықтан» осы айтқандарымызға бірнеше нақты дәлелдермен берілген толымды ойлар мен тұщымды пікірлер таптық.

Тарихтан белгілі, діни-ағартушылық ағымнан мұсылман дініндегі реформа деуге болатын жәдитизм-жәдитшілдік өсіп шықты. Бұлар – қоғамдағы діни-ағартушылық ағым мен жәдитшілдік аса маңызды қоғамдық күшке айналған Алаш идеясының негізін қалады.

«Ойқазықтағы» «Абай және Тұрмағамбет» атты ғылыми мақаланың да айтары көп дүние. Абай және Тұрмағамбет шығармашылықтарының арасында байланыстың болуын әдебиет дамуы контекстінде алып қарар болсақ, заңды құбылыс екенін бағамдар едік. Ұлы Абай өз шығармаларымен жазба әдебиетіміздің негізін салушы болса, Т.Ізтілеуұлы – Сыр бойындағы кітаби ақындардың басында тұрған, шайырлық поэзияның негіздеушісі. Осы екі ақын шығармашылықтары арасындағы байланыстың тақырыптық, поэтикалық, жанрлық, көркемдік сипаттарына үңілу, сол арқылы әдеби дамуға тән сабақтастықтың жай-жапсарын ашып көрсету әдебиетші ғалым қаламынан қалыс қалмаған. Бұл жерде де біз кәсіби зерделілікті, зерттеушілік қарым-қабілетті, ғалымдық биік өрені айқын аңғарамыз.

Ғ.Тұяқбаевтың ғылыми мақалаларынан байқалатын бір ерекшелік – оның Сыр сүлейлерінің шығармашылықтарын жақсы білетіні. Бұл зерттеушіден мол білім мен білікті талап етеді. Өйткені Сыр сүлейлерінің шығармашылықтары – қазақ әдебиетінің құрамдас бір бөлігі, сол мұхитқа құятын қазақ әдебиетінің ағысты арнасы. Сыр сүлейлері әдеби мұрасының өзіндік ерекшелігі де бар. Қазақ әдебиеті Сыр сүлейлерінің шығармалары арқылы шығыс халықтарының классикалық әдебиетінің тәжірибесіне қол созды. Қазақ әдебиетінің тақырыптық аясын кеңейткен, мазмұндық сипатын молайтқан Сыр сүлейлері шығармаларының осы бір ерекшелігін қазақ әдебиетінің тарихы, даму тенденциялары деген мәселелерде ескеріп отырмаса болмайды. «Ойқазықтағы» «Абай және Тұрмағамбет» сияқты ғылыми мақалаларды оқығанда профессор Ғ.Тұяқбаевтың биік эрудициясын, мол білімін, тұжырым жасау мен ой қорытудағы қарымдылығын байқадық.

Профессор Ғ.Тұяқбаев – қазақ эмигранттық журналистикасын алғаш зерттеушілердің бірі. «Ойқазықта» бұл салада бірнеше ғылыми-зерттеу мақалалар бар және олар өзінің публицистикалық өткірлігімен ерекшеленеді. Ғалым бұл бағыттағы мақалаларында Мұстафа Шоқайдың Франция, Түркиядағы журналистік қызметіне айрықша тоқталады. М.Шоқайдың журналистік қызметінің қыр-сырын, публицистикалық, жанрлық сипатын, тақырыптық аясын, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты аша алған. Қазақ әдебиеттануы үшін тың сала – М.Шоқайдың эмигранттық журналистиканың негізін салушы болғанын ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдеп жазу оның зерттеушілік қырын, әдебиетші ғалымдық тұрғыдағы жеткен жетістігін көрсетеді. М.Шоқайдың, ұлтшыл-патриот тұлғаның болмысындағы журналистік, баспагерлік қызметінің жай-жапсарын танытуда бұл мақалалардың орны бөлек, бәсі жоғары. Олар – шоқайтануға қосылған салмақты дүниелер.

Профессор Ғ.Тұяқбаевтың әдеби сын мақалалары да көркемдігімен көңіл аудартады. Әдеби сын мақаланы көркем шығарманы әдеби-эстетикалық талдау десек артық кетпеспіз. Ғалымның әдеби сыны – әдеби-эстетикалық талдауға ұласқан, ойлы-күйлі, сезімге бай, тілі шұрайлы туындылар. Бұл бағыттағы Ғабиттың артықшылығы, біріншіден, өзі объектіге, нысанаға алып отырған көркем шығарманы жетік білетіні, сондай-ақ сол автордың басқа да туындыларымен толық таныстығы. Екіншіден, әдеби-эстетикалық талдау жүргізу үшін, бұған теориялық, эстетикалық білімнің жеткілікті болуы шарт. Зерттеуші не сыншы көркем шығарма талдаудағы әдебиет теориясында нәтижелі қолданылып келе жатырған әдіс-тәсілдер сырын білмесе, меңгермесе болмайды. Мәселен, Ғ.Тұяқбаев қазақтың белгілі ақыны, жерлесіміз Сейфолла Оспановтың шығармаларын талдаған «Жақұт жырдың рухы» мақаласында кәсіби сыншы, әдебиетші ғалым биігінен көрінген. Кәсіби деңгейі, әсіресе, Сейфолла Оспановтың табиғат лирикасын талдау үстінде көрінеді. Табиғатты барлық ақын жырлады.

«Күлімсіреп аспан тұр,

Жерге ойлантып әрнені»,

не «Күн – күйеу, жер – қалыңдық,

Сағынысып өзді-өзі» – деп ұлы Абай жырлаған табиғат туралы өлеңдер дәстүрі әдебиетімізде жалғасуда. Әр ақын табиғатты өзінше жырлайды, бірін-бірі қайталамауға тырысады. С.Оспанов та табиғат суретін өлеңде өрнектеуге өзінше келген. Міне, осы ақынның табиғатты суреттеудегі стильдік ерекшелігін тану мен танытуға келгенде профессор Ғ.Тұяқбаев біліктілік көрсетеді. Ең алдымен тіл көркемдігіне көңіл аударып, орынды қолданылған бейнелеу сөздерді тап басып таниды. Сондай-ақ, өлеңдердегі ақынның образ жасау, суреттеу, сипаттау әдіс-тәсілдеріне жіті көз жібереді. Сөйте отырып, жалпы өлең жазудағы, табиғат суреті – пейзаж жасаудағы С.Оспановтың дара қолтаңбасын, өзіндік мәнер-машығын анықтайды. Қысқасы, бұл мақала – оспановтанудағы өзіндік айтары бар, танымдық маңызы зор дүние, әдеби-эстетикалық талдаудың жарқын үлгісі.

«Ойқазықтағы» басқа әдеби сын мақалалар да – көркем тілмен, әдеби-эстетикалық биік талғаммен жазылған, оқырманды ойландыратындай деңгейдегі дүниелер.

Ойымызды қорытар болсақ, «Ойқазық» – оқырмандардың үлкен олжасы, әсіресе, жас әдебиетшілердің қолдан тастамас құнды дүниесіне айналатын кітап.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<