Отбасының құнды мирасы

891

0

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру орталығы бірлесіп, өнегесі мол өзгеше жоба ұйымдастырды.

Бұл – «Сыр қойнауы» бағдарламасы аясында «Біздің отбасының құнды жәді­гер­лері» атты жас зерттеушілердің облыстық сайысы өскелең ұрпақ үшін  тамаша тәрбиелік шара болатын. Айталық, атадан балаға мирас болып келе жатқан отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы жас ізденушілер тамыры терең рухани мұраларды танып-білуге, құрмет­теуге қалыптасады.

Айталық, келі-келсап, диірмен, қазан-ошақ, ұршық, ер-тоқым, қамшы, тұскиіз, те­кемет сияқты тұрмыстық бұйымдар, бұ­дан бөлек, ұлттық әшекей бұйымдары ту­ралы оқушылардың зерттеу жұмыстары – ата­дан балаға мұра болған құндылығымызды қадірлеу­дің айқын бір көрінісі.

Жалпы байқауға келіп түскен 114 жобаның ішінен 17 жоба іріктелді. Ал ақтық мәреде сол 17 оқушының әзірлеген рухани танымдық жобалары  сарапқа түсті. Қазылар алқасы оқу­шылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес қор­ғаған тақырыптарының мазмұны мен ойын жет­кізе білу қабілетіне қарай әділ бағасын берді.

Қорытындысында Қармақшы ауданы  Жан­­­қожа батыр атындағы №269 орта мектептің 5 сынып оқушысы Шайкуллаев Ардан,  Қазалы ауданы, №25 орта мектептің 8 сынып оқушысы Бақытжан Аружан, №276 орта мектептің 8 сынып оқушысы Қолдасбай Ақерке, Шиелі ауданы, №181 орта мектептің 6 сынып оқушысы Әбдіманап Ұлан, Жалағаш ауданы, №116 орта мектептің 5 сынып оқушысы Айтбай Төрехан, Қызылорда қаласы, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы Қайырғали Асылжан  сияқты ізденімпаз өрендердің еңбектері үздік деп танылды. Жеңімпаздарға «Рухани жаңғыру» орта­лы­ғының арнайы дипломдары, естелік сыйлықтар берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<