Құпиясы мол құт мекен

1220

0

Топырағын түртсең қалың қатпарлы тарихтың беті ашыла кететін қазақ даласы қадым заманнан бергі талай құпияны бауырына басып жатыр. Алаш тарихында Сыр өңірінің алатын орны ерекше. Түп-төркініміз түркі заманынан бастап сан алуан құндылықтар күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтқан емес. Бұл орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осындай оң істер облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданы аумағындағы тарихи орындарды қайта жаңғырту бағытында қолға алынып отыр.

Қыпшақ даласының гавані

Қызылордадан Түркістан қа­ласына бағыт алған жолаушы Жаңақорған ауданы аумағына енген сәтте Қаратау етегіндегі Сығанақ қалашығын бағамдайды. Көне шаһар Еуропа мен Азия арасын жалғаған күре жолдан екі-үш шақырым қашықта орналасқан. Арнайы ат басын бұрған адам түркі және қазақ тарихын түгендейтін қаншама жауһар дүниеге көз салып, ата-бабамыздың жауынгерлік және өркениетті өмір өрнектеріне көз салып қайтар еді.

Жаңақорған жеріндегі жауһар қазыналарды түгендеген сапар барысында алғашқы аялдамамыз – Сығанақ шаһары болды. Көне қала аумағында халқымыздың өткеніне көз салып, біз үшін баға жетпес қазына саналған талай дүниенің жарыққа шығуына ұйтқы болған мамандармен жолықтық. Руханият әлеміне жаны жақын аудан әкімі Руслан Рүстемовті осында жолықтырдық.

– Сыр өңірі жайында еліміздегі белгілі ғалымдар талай құнды пікір айтып, зерделі зерттеуді бізге мұра етті. Түбі бір түркінің түпкі мекені – Түркістан өңірімен іргелес жатқан Жаңақорған топырағында да қаншама көне шаһар, ел арасында абыздық қасиетімен танылған әзиз әулиелер бар. Қазір өзіміз тұрған Сығанақ шаһары кезінде Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда орталығы болған. Одан бергі уақытта қыпшақ мемлекеті мен Ақорданың бас қаласы атанды. Қазақ хандығының астанасы ретінде айбынын асырды. Қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі мекенде игілікті істер қолға алынғанын білеміз. Алдағы уақытта Сығанақ елдің көп келетін туристік және тарихи нысанына айналады деген сенімдеміз, – деді аудан әкімі.

2003 жылдан бері тарихи шаһарда зерттеу шаралары қолға алынып отыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті археологиялық ғылыми-зерттеу инс­титутының ғалымдары бұл ба­ғыт­та көптеген жұмыстар атқарды. Оған профессор Сейден Жолдас­баев жетекшілік жасап келеді. Негізгі зерттеу нысаны қаланың шахрис­тан бөлігінде жасалған. Археолог ғалымдардың еселі еңбегінің нәтижесінде екі мұнаралы шығыс қақпасы ашылды. Соңғы екі жылдың көлемінде шаһардың шахристан бөлігінде бір әулеттің жерлеу орны анықталған. Одан бірнеше адамның сүйегі табылды.

– Біздің зерттеуімізше, жерлеу орны ХV-ХVІ ғасырға тән. Мұнда мүрделерді табытпен жерлеуге мән берілген. Осындай тағы бір жерлеу орны қаланың рабат бөлігінде орналасқан. Онда кесене ішінде сағана орнатылған. Оның ішінен бес адамның қатар қойылған мәйіті табылды. Кесене көпбұрышты екенін аңғардық. Іші күйдірілген кірпішпен қаланып, қам кесекпен өрілген. 2003 жылғы қазба жұмыстары барысында қаланың шығыс бөлігінен осындай тағы бір үлкен ғимарат табылған болатын. Онда бір әулеттің адамдары жерленген. Жергілікті жұртшылық Сығанақты киелі тұтады. Көне бұйымдарға олардың тарапынан жанашырлық бар, – деді археолог Қуаныш Арынов.

Орталықта қызмет атқаратын PhD доктор Бақдәулет Сыз­дықовтың айтуынша, тарихи мекен кезінде қаншама құн­дылығымен ерекшеленді. Ол өзінің зерттеуі барысында мешіт­тің орнын тапты. Тағы бір айта кетерлігі, көне шаһардың айналасында пантеондар, кесенелер көп орналасқан. Себебі, орта ғасырларда бұл жер  Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы саяси-мәдени орталықтың бірі болды. Сондықтан сол заманда өмір сүрген билеушілер, хандар мен сұлтандар жерленгені археологиялық зерттеу барысында анықталып отыр.

Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл Әламда» кездеседі. Көшпелі халық Сығанаққа мал, ет, тері, жүн және өзге де дүниелерді жеткізіп, өздеріне қажетті заттарын алған. Сол кездегі тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гавані» деп атаған.

Қазақтың арғы-бергі тарихын түгендеген ғалым Әлкей Марғұлан «Орта ғасырдағы Сығанақтың сая­си тіршілігін, мәдениетін, ұлан-байтақ базарын, қала құрылысын, үйлерін, толығырақ зерттеген ғалымдар Шараффуддин Иазди, Фазулулла Ибн Рузбихан» деп жазады. Ол кісі Сығанақ қыр даланың іргесінде әдемілеп салынған шаһар екеніне тоқталады. Ескі дәуірлерде ол өте гүлденіп тұрған ірі мекеннің бірі болған. Сәулетті салынған шаһардың халқы да көп болған екен. «Қала базарында күн сайын 500 түйеге артылған тауар сатылып отырған. Оның маңайы толған егіндік, бақша, арық, тоған еді. Бұл қалаға Арқадан (Дешті Қыпшақ), Хажы – Тархан (Астрахань) жағынан қаншама бай дүние келетін, олардың ішінде мыңдаған қой, жылқы, түйе, қымбат ішіктер, тондар, қару-жарақ, қайыңның безінен жасалған жебелер, жібек маталар болатын» дейді Әлкей Марғұлан.

Имандылыққа шақырған

Айқожа ишан

Жаңақорған жеріндегі тағы бір киелі орын – Айқожа ишан кесенесі. Асқан білімділігімен елге танылған ишан Сыр өңірінде Ислам дінін насихаттау жолында ерен еңбек сіңірді. Алғашқыда қазіргі аудан орталығы – Жаңақорған кентіне 10 шақырым жердегі Қарасопы қонысында мешіт-медресе ашып, ағартушылық жұмыспен айналысады. Одан кейін сол аудандағы Бесарық станциясына жақын аймақтағы Сарықамыс аталған аумаққа келеді.

Сапар барысында елімізге белгілі кинорежиссер Қалила Омаровпен жолығып, туған өлке тарихы жөнінде кеңінен пікір алмастық. Қазақтың деректі фильм түсіру өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген режиссер Айқожа ишанның ұрпағы екен. Ол кісі бізбен әңгімесінде алдымен ишан сөзінің қандай мағына беретініне тоқталды.

– Парсы тілінен тәржіма­лағанда, ишан, олардың қайы­рымдылығы, шапағаты деген мағынаны білдіреді. Бұл – елдің арасындағы елеулі тұлғаларға құрметпен, ізетпен айтылатын сөз. Орта Азия елдері терминінде ол «ишон», «эшон», «эшен» деген атауға ие болған, қасиетті және құрметті дін иелеріне берілген. Айқожа ишан 1773 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Есейген соң Ташкент, Бұқара шаһарларында медреселік ілімді үйренеді. Одан кейін Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды теріс ағызатын  Ислам Шайхқа барып, оның қолында төрт жылдай жоғары білім алды. Сол медреседе оқып, ишан атанған Құлболды Тереңөзекке, Марал Қармақшыға, Қосым Қазалыға, Айқожа Жаңақорғанға ишан болып оралады. Тарихи деректерде Айқожа ишанның зеректігі және білімдарлығы жа­йында кеңінен айтылады. Оған қоса бойында адам сезе бермейтін бір тылсым күш бар екенін оны ұстазы Ислам Шайх  мед­реседе оқып жүрген кезінде білген, – деді Қалила ағамыз.

Осындай ерекше қасиетін сезген ұстазы оны сынау мақсатында өзіне шақыртады. Ұстазының үйіне келген сәтінде Айқожа ишан табалдырықтан аттамай тұрып қалады. Ислам Шайх оның себебін сұрайды. Сол сәтте ишан «Мына табалдырықтың астындағы қасиетті затты қалай басып өтіп, күнәһар боламын? Соны алдырып тастасаңыз, өтемін» дейді. Расында, табалдырықтың астында Құран Кәрім жасырылған екен. 

– Елдің аузында жүрген мына бір әңгіме де ол кісінің ерекше қасиетін айқындай түседі. Айқожа ишан жасы келген шағында «таңдайым таңдайыма тимеген ақын едім, жауы­рыным жерге тимеген бал­уан едім, теңдесі жоқ шабандоз едім. Бірақ, имандылықпен сол үш қасиетімнің біреуін де көрсете алмай барамын» деп отырады екен. 2008 жылы Айқожа ишанның дүниеге келгеніне 235 жыл толуына орай «Айқожа ишан және Ислам діні» тақырыбында мәдени шара өткізіліп, үлкен ас берілді, – деді аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Бақдәулет Тәждинов.

Айқожа ишан 1857 жылы сол аумақта дүние салады. Мәйітін Ақтас әулиенің қасына әкеліп жерлейді. Бабаның басындағы күмбезді кесене үлкен баласы Ибаділланың басшылығымен салынған. 1884 жылы Айқожаның немересі Ата мағзұм оны қайта жаңғыртып қалпына келтірген.

Бабаның жамбасы жерге тиген қасиетті мекен ұрпақтың ардақ тұтатын орнына айналды. Ақтас мешіті мен Айқожа ишан кесенесі басына тас жол салынды. Жолаушылар демалатын орындар бой көтерді.

Әзиз әулиелер әлемі

Жаңақорған кентінен 50 ша­қырымдай қашықта орналасқан Қылышты ата және Төлегетай кешенді мазарынан адам аяғы үзілген емес. Қазір бұл қасиетті орынға жол салынып, келген адамның қиналмай жетуіне қолайлы жағдай жасалған. Кешен басында қонақтар ас-су ішетін орындар бой көтерген.

ХІ-ХІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Қылышты ата ерекше қасиетке ие әулие адам болған деседі. Басына түнеп дертіне дауа іздеген ағайынға Алланың күшімен шипа беріп отырады. Қылышты ата өскенде аспаннан қылыш пен ақбоз ат түсіп, мың бір бәлеге қарсы тұрған. Уәзірлері мен билері алдына келгенде қылышы күн сәулесіне шағылысып тұрады екен. Жүзіне қонған шыбын екіге бөлініп түсе беретін болыпты.

Ал Төлегетай баба өз заманында қол бастаған батыр, елдің қамын жеп, бірлігін ойлаған қайраткер болған. Қазақ даласында жеке ұлыс болып қалыптасқан наймандарға басшылық жасаған. Ол кісі жер жадысына жүйрік болған деседі. Жері құмшауыт, суы тапшы келетін өңірде «Мына жерден су шығады» деп таяғымен нұсқаған орыннан су шығады екен. Халықтың  бірлігі мен тұтастығын нығайту жолында үлкен еңбек сіңірген.

Қылышты ата Төлегетайдың ерекше қасиетін бағалап, оны өкіл бала ретінде бауырына басады. Дүниеден өтерінде қасына қоюды сұрайды. Зияратқа келген адам алдымен Төлегетайға дұға оқып, одан кейін Қылышты атаға барады.

Аталған кешеннен сәл әрірек Қырөзгент шаһары жатыр. Бұл қала зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді. Осы күнге дейін мұнда кең ауқымда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген.

– Қала орнында кішігірім зерттеу жүргізген едік. Айта кетерлігі, Өзгент Сығанақ секілді екі қатар, ішкі және сыртқы бекініс қорған қабырғаларынан тұрады. Қазіргі таңда бекініс қорған қабырғалары толығымен бұзылып, тек төмпешік ретінде іздері ғана қалған. Соған қарамастан қаланың жалпы көрінісін аңғаруға болады. Сығанақта да, Өзгентте де қала қақпасының орны шығыс бетінде көрінеді. Өзгент қаласының солтүстік-батыс жағында тағы бір қақпаның іздері аңғарылады. Сығанақ қаласынан үлкенірек. Біздің пайымдауымызша, сыртқы көлемі үлкен қала XIII-XIV ғасырларда дамыған.  Кейін XV-XVI ғасырларда халқы азайып, қала үстінен көлемі кіші қосымша бекініс қорған соғылған. Себебі кіші бекініс қорғанның қабырғаларының іргесінде қорғасыннан құйылған мылтық оқтары көп кездеседі,  – деді жергілікті тарихшы Әлімжан Ержанов.

Қаланың іргесінде Үшата кесенесі орналасқан. Оған зияратқа келушілер Өзгенттен мыс, күміс теңгелер тапқан. Мұндай деректі осы жерге ХІХ ғасырдың аяғында келген зерттеуші И.Кастанье де келтірген.

Өткенге көз салып, қалың қатпарлы тарихқа қайта оралтқан сапар шын есімі – Әбдіжәлил баб пен баласы Хұсейін жерленген Қорасан ата кесенесінде аяқталды. Әбдіжәлил баб – Әзірет Әлінің жетінші ұрпағы.

Бабаның Қорасан аталуының себебі бар. Ол кісі шешек шыққан жанның үстінен аттаса, ауру адам көп ұзамай сауығып кеткен екен. Мұнда зиярат етуге келушілер алдымен Қорасан атаның басына тоқтап, Құран бағыштайды.

1995 жылы Жаңақорған жұрт­­шылығы әулиенің өмірден өткеніне 1100 жыл толуына арнап шара өткізді. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстандағы ұр­пақтары келіп қатысқан.  2007 жылы қарашада қалпына келті­рілген Қорасан ата кесенесінің қайта ашылу рәсімі өтіп, үлкен ас берілген. Сол жолы «Орта Азия мен Қазақстанға Исламның келуі және ондағы Қорасанның рөлі» атты аймақтық ғылыми-теориялық конференция өткізілді.

Қасиетті жерімізде ата-баба­мыздың тарихы аттың тұя­ғымен жазылған. Түп шежіресі көне заманнан бастау алатын қазақ  халқы қашанда іргелі ел, жоралы жұрт ретінде қалпын сақтап қалған. Халқымыздың еркіндік сүйгіш ерік-жігері, асқақ рухы ешқашан мұқалған емес. Дархан даламызда даналық дәнін сепкен Ислам дінін таратуға үлкен еңбек сіңірген әзиз жандар күні бүгінге дейін ел арасында зор құрметке ие. Сапар барысында көңілге осындай орамды ой түйіп қайттық.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<