Рухымыз нұрлансын

669

0

Наурыз – төрт мезгілдің қасиетті шағы. Әрбір адам­ның жақсылыққа қарай қадам басатын мезеті. Осы күні өз қолымызбен қоршаған ортаны жасартып, қурап қалған тал-теректердің орнына көшет отырғызамыз. Қыдыр атаның бейнесінен береке тілеп, Жаратушы Иеден игілік сұраймыз. Наурызкөжеге берген аталардың ақ батасынан қуат алып, ойын-сауық қыздырамыз.

Самарқанның көк тасы еріп, дүние дидары жасаулы қыздай әсемденеді. Бұл айда табиғат бусанып, қыста жер тоңына жасырынған жәндіктер оянып, төрт түлік көк қуалап, төріміз сәулеленіп тұрады. Жылы жаққа кеткен құстар туған мекеніне оралады.

Ғажайып шақта барлық тіршілік иелері секілді адамдар да ерен көңіл-күйге кенеледі. Бір-бірімізге жақсы ниетпен ақжолтай тілектер ағытамыз. Құшақтасып көрісіп, жақыннан соққан жүрегіміздің ыстық табымен рухымыз нұрланады.

Қадірлі Сыр елім, келген сиыр жылы құтты болсын, еліміздің еңсесі биіктей берсін. Халықты күйзелткен дерт пен қиындық өткен жылда қалсын. Әр әулеттің ақылшысы, ел-жұрттың тілекшісі ардагерлерімізге көрген бейнеттің зейнетін тілеймін, көптің мүддесін арқалаған ат үстіндегі азаматтарымыз аман болсын, жарқын ертеңіміздің егесі жастарымыз жасай берсін.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<