Шежіре кеуде

1192

0

Қарттықтың қандыауыз қақпаны қаусыратып, қос жанары су қараңғы болса да, шежіре кеуде сайрап жатыр. Көрші қарияның шайқұмар екенін білеміз ғой, кесесінен ыстықтай бір ұрттауға титімдей үзіліс таппай отырғанын сезіп отырмыз. Кішкентайымнан журналист боламын деп талпынған мен әңгіменің тиегі ағытыла бастағаннан диктофонымды қосуға жүгіремін. Шүкір, 94 жасты еңсерген атамның айтары азайған емес. Әлқиссасын небір долы борандардың қаһарына ұшырап, астындағы жүрдек түйенің өзі шыдас бермей, тапжылмай шөгіп алғандағы түндерден бастады. Сол кездері қарусыз қасқыр соққан қолдары сыралғыға келгенде түк тарылмайтын.

Бұл – дастарқан басындағы кезекті әңгіме еді.

– … «Құдай пейіліне қарай береді» деген рас-ау, сірә! Сыр бойында белгілі бір бай болған. Төрт түлік малы түгел, есептеп болмайсың. Қараған  көз сүрінген. Жылдар бойы байдың барлық тірлігін Жөкетабан деген кедей жігіттің өзі ғана тындырып келген. Негізгі аты – Жөке, Найманның Қарабаласынан шыққан. Аяғына киері болмай, көрінгенді іліп жүре береді екен. Содан «Жөкетабан» атанып кеткен.

Көктеуге көшіп, мал төлдетуге ыңғайланып жатқанда бай Жөкетабанды шақырып, әуелі мал жататын жайлы жерді дайындап, жердің тоңын оюды жүктейді. Бұған қоса үй тігілетін жерде ыза болмасын дегені тағы бар. 

Аз уақыт ішінде Жөкетабан қолайлы жерді тауып, топырақты оюға кірісіп кетеді. Тоң кесектердің барлығын жел жаққа ық етіп қалай береді. Табиғатынан мазасыз бай «әлгінің артынан барып, не істегенін көрейін» деп келсе, Жөкетабан жалаң етімен әрлі-берлі аунайды кеп. Жаңағы ойықтан сыртқа кесектер лақтырылып жатыр. Біраз бақылап тұрған бай:

– Әй, неғып жатсың? – депті.

–  Мына жерді ойып болып едім. Астында бірең-саран  түйір кесектер бар екен. Менің арқама батқан кесектер малға да батады ғой. Аунап көріп тазалап жатырмын…

Әлгі бай жұмған аузын ашпастан қонысына беттейді. Үйіне келе салып малшысына рахмет айтып, қанша жылғы еңбегіне есептеп малын береді. Байдың алғаусыз алғысы мен риясыз рахметін алған Жөкетабан  меншігін алып,  өз алдына үйін тігеді. Еңбектен әбден қажып, мүжілген ол байып шыға келеді. Батпандап келген бақтың арқасында «Жөкебай» атанады. Кезінде кедеймін деп жасымаған ол баймын деп те тасымады. Керегеге тізілген өңшең түте-түтесі шыққан ескі киімдер. Кей күндері байлықтың буы көтермелеп жіберген кезде: «Әй, Жөкебай! Бұл не қылғаның, а? Анау шарығың мен шапаныңды ұмытпа!» деп өзіне айтып отыратын көрінеді.

Құлтанның күмбезінен шығыс жаққа қарай Жөкебай қыстауының орны бар. Мыңғырған мал жайылған өріс бүгінде «Жөкебай көлі» деп аталып жүр. Бұл көлден ойысқан су «Қарамолаға» қарай кетеді.

Бәрі ұйып тыңдап отыр. Кеседегі шайдың қаймағы қойылып, мұзданып ол тұр. Әңгімеден әңгіме шығып,  қатар жатқан «Телікөл» мен «Сегізсайдың» сай-саласы мен ұшы-қиырсыз ойпаттарының тасада қалып жатқандары жоқ. Бәрінің басы бір шалынып жатыр. Жер-су атауларының бәрі мен үшін таңсық дүние емес.  Сарысу даласына жасаған сапар барысында көзбен де көріп қайттым. Атамның қос жанары көрмесе де, жолаушысын адастырмай діттеген жеріне алып баратын.

Қолындағы кесесінен бір ұрттап алып, әңгімесін жалғай кетті.

– Белең әулиені білесіңдер… Сәл төменіректе Жарма деген жер бар. Сол тұста Сарысудан өзек шығады. Арна сай болып, төбенің арасынан жарып өтіп жатыр. Осы жерлерді ерте заманда Әзірет Әлі жаулап жүрген кез болатын. Тұлпарының аты – Дүлдүл. Шіліңгір ыстықта қатты шөлдеген Дүлдүл арнаның ішін аяғымен тепкілеп жібергенде, кенеттен ыза су шыққан көрінеді. Осыдан келіп бұл жер «Дүлдүл тепкен» аталған. Содан Сарысуда су жүрген соң, терең шұңқырға, қара суға айналады. Кейінірек Дүлдүл тепкен қара су жағасын Досбол датқа жайлап, бір жаз отырады. Аталған аймақ бүгінгі күнге дейін «Досболдың қара суы» атауымен танымал. Қазірдің өзінде өте тереңдігімен ерекшеленеді.

Сәл үнсіздікті пайдаланған Құрманғали ата:

– Апыр-ай, жер-су атауларының бәрі нағыз тарих қой. Қайсысын алып қарасақ та, бір-бір оқиға, бір-бір тағдыр. Тіпті ұмытылмас дүние дерсің…, – деп таңданысын жасырмады.

Жер-су атауларының шығу тарихын білу – туған өлкені құрметтеп, дәстүрді дәріптеуге, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін, нанымы мен танымын ұғынуға жетелейді. Атам бабаларымыздың жер қасиетін жетік білгеніне, ұмытпау үшін осылайша белгілегеніне қатысты талай оқиғаларды бала кезінде қариялардан естіп алған. Бар-жоғы үш сыныпты бітіргенімен, қисса-дастандарды көп оқыған. Даланы жортып жүріп, қолынан қамшысы, қойнынан кітабы түспеген. Содан болар, түйсігі терең, жады мықты.

Әңгімеге еліткен көпшілік дастарқан басында ұзақ отырып қалғандарын аңғармай да қалды. Жан-жағына жалтақтай қарап, тыпырлай бастағандарын, асыққандарын атам сезе қойды. Демде қолын жайып, ақ батасын беруге кірісті:

Я, Құдайым оңдасын,

Жамандық атаулы болмасын!

Жаратушы Алла жар болып,

Жаратқан өзі қолдасын!

Меккеде бар Мұхаммед,

Үмбетіңе жәрдем ет!

Көз-қырыңды сала алсаң,

Болмайды мүлде қайғы-дерт.

Бабамыз бар Арыстан баб,

Тілегенге болсын жақ.

Тілегенге берсеңіз –

Бастарына қонар бақ.

Түркістанда Қожа Ахмет,

Сұрағанға рақым ет!

Арманына жеткізіп,

Бақ қарап, Қыдыр дарып өт!

Кіші жүздің Жетіруынан шығып,

Мүсірәлі – үш жүзге пір болған

Жеті өліктің рухымен сөйлесіп,

Жүзіне оның нұр толған.

Қол жайып бата тілегенге,

Шапағатыңмен жәрдем ет!

Атағы белгілі Әулие ата,

Сыр бойында Оқшы ата,

Есабыз бен Асан ата,

Еңсебай әулие мен

Оразай Ишан ата

Үш жүзге мәлім болған –

Марал ишан ата,

Әулиелігінде жоқ қата.

Аты аталған әулиелер

Шапағатымен қолдасын!

Бақыт жолдарың ашық болсын!

Дәулетің шалқып, тасып толсын.

Алланың бар жақсылығы,

Отбасыларыңа нәсіп болсын!

Көк байрағымыз биіктесін!

Дұшпан ел иығын тығып килікпесін!

Халқымыздың бірлігі мықты болып,

Іргесі еліміздің берік болсын!

Аллаһу акбар!

Айғаным Құрмашева

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<