Сөз қадірі – өз қадірің

2408

0

Ұлы Абай «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады» деген. Бұл сөз қадірі – өз қадірің дегенге саяды.


Шынында, санаға келген ой сөз болып тілге түспес бұрын жүрек пен ақылдың сүзгісінен өтуі керек. Ол беталды сөйлемей, ойды анық жеткізу, «Сөйлегенше сөзіңе өзің қожа, сөйлеген соң өзіңе сөзің қожа» дегенді есте ұстау керегін қаперге салады. Мұны біз айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» кітабының таныстырылымынан түйдік.

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен шара «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.
Ақынның 20000 данамен жарыққа шыққан төл туындысы «Сөйлеуге дейін», «Сөйлеу барысы», «Сөйлеп болғаннан кейінгі аудиториямен жұмыс» атты 3 бөлімнен тұрады. Автордың айтуынша, әдісте­ме­лік құрал ел алдында іркілмей сөйлеу, ойды ашық жеткізуге үйретеді. Сондай-ақ, жас ақын «Кітап жазудағы негізгі миссиям – қанда бар қасиетті қайта ояту» деп атап өтті.


– Кітаптың мазмұнына ерекше көңіл бөлдім. Тойда бата беруден бастап мінберге дейінгі сөз сөйлеу аясындағы тақырыптар қамтылды. Аудиторияға қажет дүниені біреудің көңіліне тимейтіндей, түсініспеушілік тумайтындай және елдің алдында еңсе түспейтіндей айтып жеткізу де – өнер. Адам баласына ойлану тән болса, оны сүбелі көркем тілмен жеткізу өнердің шыңы дер едім. Шыны керек, қазір заманның дамуына қарай адамның ойы, сөз саптауы, түсінігі өзгерді. Сондықтан бұл туынды осы уақытқа ыңғайлап шығарылды. Мұның ішінде халықпен тығыз байланыс жасайтын тұлғалар үшін барлық сөйлесу және өзін ұстау туралы дүниелер жеткілікті, – деді Жандарбек Бұлғақов.


Сөз деп аталатын тереңдікке бойлап кеткенде, санаңда буырқанып қайнаған ой орамдарына сүңги бастайсың. Сол ойды қағазға түсіру қандай қиын болса, көп алдына шығып, сөз сөйлеу де сондай болып көрінетіні рас.

Танымдық шарада қоғамды, ғылым мен білімді алға жылжытатын күш – ең алдымен осы сөз қадірін білетін және кітапты көп парақтайтын адам екені айтылды. Көзіқарақты оқырман сөз түзелмей, ел түзелмейді деген пікірге қосылып, автордың су жаңа туындысымен сусындауға асығып тарқасты.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<