Татьянаның тәтті жымиысы

368

0

Сұлулыққа мұнша құштар болармысың, дүние! Орыс қызының теңіз жанары тағы да алдымыздан шықты. Көңілге іңкәр бейнесі күлімсіреп қарап тұр. Маған, сізге, оған… бәрімізге бірдей көзқараста. Оның келбетіне ұзақ үңілген сайын қымсынамыз. Құдды, өзіне сонша сүйсінгенімізге өкпелейтіндей.

Бізді мұндай ойға жетелеген Сурет­шілер одағының мүшесі Виктор Кельдің «Татьяна» атты картинасы. Автор күллі славян халқының сұлулығын бір адам­ның бойына сыйдырғандай. Қараған жан қайран қалары анық. Сіз де айналып өте алмайсыз. Себебі «Татьянаның» нәзік жымиысы жүрек толқытып, кеудеңе әлдебір күйдің ырғағын әкеледі. Көктем шығар дейміз ішімізден…

Қылқалам шебері Тула облысында дүниеге келген. Алайда оның отбасы көп ұзамай Целиноградқа көшіп кетеді. 1969-1973 жылдары Смоленск педагогикалық институтының көркем­сурет-графика фа­куль­тетінде оқу бітір­ген соң, өзінің туған қаласына қайта оралады. Туламен сурет­шінің бар ғұмыры біте қайнасып жатыр.

Виктор Кель әртүрлі сипатты суретші. Ол майлы бояу, акрил, акварель, пастель, темпер сынды түрлі мате­риал­дарды пайдалана отырып, кескін­демемен және тасқа сурет салумен ай­налысады. Бүгінде кескіндеменің түрлі жанрларын дамытуда. Пейзаж бен портрет оның ең сүйікті жанрлары саналады. Біз ұсынып отырған картина – солардың бірі.

Өнердегі ең ұлы тақырып – әйел бейнесі. Әрбір қылқалам иесі өз дәуірінің сұлулық идеалын салады. Оның осы бір туындысы өзіне көптеген суретшінің назарын аудартты. Неге десеңіз, автор кейіпкері ретінде целиноградтық су­рет­ші Татьяна Хохлованың бейнесін алған. Картинаның бар құпиясы сонда жатқандай.

Портретте келбеті айқын, жұмсақ жүзді, жымиысы сүйкімді, иығына түскен шаштары сарғылт, көздері мейірім нұрын шашқан ару бейнеленген. Ол өзі таратып тұрған қуаныш пен махаббатқа қосылуға шақырып тұрғандай. Қыз ойдағы пейзаж фонына салынған. Найзағай алдындағы бұлт болмаса картинада күн көрінбейді. Алайда қыздың бойынан төгілген жарық сәулелері айналаға шашырап тұр. Виктор Кель бас мөлшеріне бояуды жалпақ жағу арқылы әйелдің жүзіне жарық береді. Бұл нұрлы жарық бет келбетінің әсемдігі мен мойнының ұзын әрі әдемі екендігін әйгілейді.

Картина бір қарағанда қарапайым-ақ, алайда терең үңілсеңіз шынайы һәм табиғи сұлулықты көруге болады. Суретші нағыз эмоцияны, сезімді жеткізе алған. Оған қарап тұрып, Татьянаға жа­уа­п ретінде өзіңізде жымиғыңыз келеді.

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз