Өткірдің жүзі, кестенің бізі өлеңі

1423

0

 Халқымыздың ежелден келе жатқан салтымен ұтымды уәжбен ұйқас өріп, сөз қағыстыруға келгенде жүрегінің түгі бар, екі иығында қолдап тұрар пірі бар арқалы ақындары қарап қалсын ба, әрқайсысы бір-бір елдің атынан айтысқа шығып, алдарына жан салмаған ғой, жарықтықтар.
Сондай айтыстың бірі 1943 жылы, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде елдегі еңбекшілердің көңіліне дем беру мақсатында Нартай Бекежановтың басқаруымен Жаңақорған ауданында да ұйымдастырылады.
Осы айтыста «Кеңесарық» колхозы атынан Манап Көкенов, «Елтай» колхозының атынан Әбжан Құрышжанов сөз сайысына түседі. Екеуі да өз колхозындағы табыстарды санамалап, бір-біріндегі кемшіліктерді сынмен түйрейді. Сол кезде Манап бар болғаны
15 жаста екен. Екеуіне де риза болған Нартай ақын Манап пен Әбжанға ақ батасын берген екен.
Өз ғұмырында туған жерден кіндігін үзбей, атамекеннің жазиралы маңдайына жырмен моншақ кестелеген кесек тұлға Манап Көкенұлы 1928 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Аталары Ыбырайым Сырдария бойында Ақтас деген жерде шығыр тартып отырған. Манап ақынның еңбек кітапшасында он бес жасында Мәдениет үйі жанынан ашылған №1 «Қызыл отаудың» меңгерушісі болып тағайындалғаны туралы бір ғана бұйрық бар. Ол бойындағы дарын шеберлігі ел алдында шыңдалып, тұла-бойында тұнған табиғат тартуын түгелдей сарқып, туған халқының игілігіне жұмсады.
Сыр бойында есімдері кең танылған – Ешнияз сал, Балқы Базар, Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп, Шораяқтың Омары, Күдеріқожа мен Бұдабай, Тұрмағанбет, Нартай секілді ақын-жыршылардың жөргегін жуған бұл өлкені халықтың «Сырдың елі – жырдың елі» деуі тегін емес.
Манап – осы мектептің шәкірті.
Халық ақыны әрі композиторы Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты 1974 жылы өткізілген айтыста Манап ақын өзімен сөз додасына түскен Жамбыл облысының ақыны Асылқұл Бүрбаевқа:
– Ел қамын жырлар ақын он ойлана,
Ол міндет жүктелмеген оңай ғана.
Сен – Кенен, Мен – Нартайдың шәкіртімін,
Мені де кем ойлама, абайла, аға! – деуі оның сүлейлер тұнығынан қанып ішкен қасиетін байқатады.
Ал енді алматылық ақын Әсімхан Қосбасаровпен бір қақтығысында Манап:  
– Сырда туған дүр еді,
Сүлейлердің бірі еді.
Бағасын берген шақырып,
Жамбыл оның пірі еді.
Мен Нартайдың шәкірті,
Сіздерге өлең түстенсе,
Бізге келіп түнеді.
Сырдың елі – жыр елі,
Екенін қазақ біледі, – деп төгілдіреді.  
Тәңір сыйлаған талантымен тас жарып, атағы алысқа тараған, он бес жасынан асау өлеңді өресіне бағындырып, өзі содан бақ тапқан, жыр-жақұты жауһарды көкіректе жаттатқан Манап ақынның өзі де бүгін Сыр сүлейлерінің біріне айналған.
 ***
Манап Көкенов басқарған «Қызыл отаудың» іс-тәжірибесі бүкілодақтық халық шығармашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысуға жолдама алған. Сондай-ақ, оның алғаш жазған «Дала жұлдыздары» атты сценарийі негізінде мәдениет үйінің жанынан мәдени-көркем үгіт бригадасы ұйымдастырылды. Бұл ұжым 1974 жылы республикалық байқауға қатысып, оның бірінші дәрежелі жүлдесіне ие болды. 1983 жылы оған «Халықтық мәдени-үгіт бригадасы» деген құрметті атақ берілді. 1987 жылы өнер ұжымдары арасында республикалық өнер байқауына қатысып, тағы да І орынды жеңіп алса, 1988 жылы Мәскеуде өткен байқауға қатысты.
Осы жетістіктердің барлығында Манап Көкенов  ағамыздың орны бір төбе.
***
 М.Көкенов 1943 жылдан бастап 1987 жылға дейін түрлі деңгейде 50 рет айтысқа түскен. Соның 23-де қыз-келіншектермен айтысқан екен.
1945 жылы күзде аудандық айтыс өтеді. Осы айтыста Манап пен Гүлсара қыз айтысқа түседі.
Сонда Гүлсара қыз:
Жақсыларға өз басын теңемес кім,
Сенің қалжыңдасарың мен емеспін.
Өзіңді қанша мақта, мен сүймеймін,
Сыртымнан сұқтанған жан не демесін? – деген кезде, Манап:
Көк етікті кезікпей сақа дейтін,
Сендей жан қызығында қапа жейтін.
Көн етікті болсам да сені алмаймын,
Жайым жоқ қосағымды апа дейтін, – деп сүріндіреді.
Манаптың Надежда Лушниковамен, Тәушен Әбуовамен, Әселхан Қалыбековамен өткен сөз сайыстары тәрбиелік, тәлімдік, мағыналық, мазмұндық тұрғысынан бір-бір зерттеу еңбегіне жүк боларлық салмақты сарынымен қымбат.
Сондай-ақ, ақын 1980 жылы Алматыда өткен ІІ республикалық айтыстың  бас жүлдесін жеңіп алған.
Айтыс – жүгі ауыр жанр. Сөз додасына түскен айтыскерлер жеке бір мәселеден бас­тап, күрделі тақырыптарды да толғап, ел мен жер жағдайы, көп көңіліндегі көкейтесті мәселелерді көгенін жамыратпай, көбесін қожыратпай, жып-жинақы, жалпыны жалқы сөзбен жымдаса өріп, тыңдаушыны тапқыр сөзбен таңғалдыра білуі керек. Бұл орайда іште жатқан терең ойды төтеннен төгілдіре жөнелер суырыпсалмалық қабілет қайрауы жеткен қан­жар сынды қапыда қал­дырмаса, қане. Мұны импровизаторлық өнер дейміз.
Манап – импровизатор ақын, яғни, тұтқиылдан, табан астында суырып салып өлең шығаратын алмас тілдің иесі. Майлықожа мен Мәделінің, Иса мен Нұрлыбектің, Нұрхан мен Саяділдің, Кенен мен Нартайдың бойында бар дара қасиет Манаптың да ғажайып бір қыры еді.
 ***
1987 жылы Керекуде (Павлодарда) халықтың сұрауына орай, Манап ақын өзінің ұлы Әбдікеріммен айтысқа түседі. Әбдікерім Манапов Талап кеңшарында туған, мамандығы филолог, қазір Түркістан қаласында, мәдениет саласында қызмет атқарады.
 Осы айтыста перзентіне тілектес пейілдің шуағын төккен ақын сөз соңында:
О, балам, құрметтің бар салмағы да,
Толғану керек зер сап, жан-жағыңа.
Жолымды ұста, ұсындым домбырамды,
Жас мұрат, жет аңсаған арманыңа! – деп талай жыр додасында жанына серік болған домбырасын ұлының қолына табыстайды.
Осыдан кейін Манап ақын домбыра алып, айтысқа түспепті. Бірақ облыс­та, республикада өткен ақындар айтысын өлеңдетіп ашып беріп жүрді. Әділқазылар құрамында айтысқа төрелік етті. Айтыскер шәкірттерін тәрбиеледі. Ғұмырының соңына дейін қолына қалам алып елді, достық пен бауырластықты, адамгершілікті, бейбіт өмірді жырлады. Қазақтың айтыс өнерінің туын биікке көтеріп кетті.
Әбілқайыр Сыздықов, Оразқожа Мәм­бетов, Ұлзира Үсейінова, Нұрберген Тастаев, Жұмабай Шерниязов, Асқар Дүйсембиев, Ерлан Исмайылов, Аманбай Өтебаев, Нұрлан Жапеков, Мұхит Құрбанбеков, Батырхан Жоланов, Оразхан Сейілханов секілді жолын жалғаған жас талаптар ізіне ерді.
***
Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов 1992 жылы 64 жасында дүние салды. Ақиық ақынның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Жаңақорған аудандық Мәдениет үйіне, қоныс орталығындағы үлкен бір көшеге есімі берілді. Өзінің туып-өскен ауылы «Манап ауылы» деп аталды.
Биыл Манап ақынның туғанына 90 жыл толып отыр. Аудан басшылығының жан-жақты қолдауымен Жаңақорған ауданының 90 жылдығымен орайластырылған ақын мерейтойын биік деңгейде өткізуге бар дайындық жүріп жатыр. Осы жұмыстарға қоса шараның бас сценарисі Зульфия Шалабаева: «Кезінде «Қызыл отаудың» негізін қалаған «Дала жұлдыздарының» сарқыттары қатарымызда жүр. Жаңақорған ауданының өткен тарихы мен Манап ағаның жүріп өткен шежірелі жолдарына рухани жаңғыру аясында шынайы жан бітіріп, кеше мен бүгіннің сабақтастығын сараламақ ойдамыз. Осы күні көшпелі өнер кешенін Манап салған ізбенен қазақы қалыпта ел аралатып, дәл баяғыша кең даланы әнге бөлеп, термемен тербеп, төлтумаларымызды табиғи түрде тамашалатуға талап қылып отырмыз. Бірақ бұл ұсынысты әрбір ауылдың басшылығы, зиялы қауым өкілдері терең түсініп, жанашыр пейілмен қабылдаса, құба-құп. Сонда ұмытылып бара жатқан жыршы-сүлейлеріміздің есімдерімен қайта қауышқандай болар едік», – дейді.
Иә, өткенді ұлықтау, сайып келгенде, өзімізді танып, болашаққа бай қазыналарымызбен қадам басу үшін қажет.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<