Тұрмағамбеттің Әзиз атты баласы қайтқандағы өзін жұбатуы

418

0

Қарағым, қалқам, Азизжан,
Жолдас болсын иманың!
Қонбады бірі, қайтейін,
Еткен ем, дәрі иланың.
Өмірің ұзақ болғанда,
Біз едік — сенің мейманың!
Бағатын түрің бар еді,
Ата-ананың, қалайда,
Маңдайына сыймадың.
Жиырма бес жасқа жеткенше,
Шаруаңа шақ тұрып,
Қол қусырып, сыйладың.
Айт айының ақырында
Ақыретке аттанып,
Шылбырдың ұшын жинадың!
Бағыңнан ұшып беймезгіл,
Тарттырып қайғы, қапанды,
Еңіретіп бізді қинадың!
Шақналық шамдай ең,
Оғы тиіп өлімнің,
Қапияда қирадың!
Арасаттың күнінде,
Алдымнан шықсаң, арман не —
Айдай болып дидарың!
Ұжмақтағы орныңа,
«Бері жүр!» – деп, бастасаң,
Ұшынан ұстап бұйданың.
Шамадан тыс шат болып,
Ашуы сонда тарқар еді,
Өкшеге кірген сиданың!
1930

Дұшпаныңа тілемейтін жағдай. Құдай да сүйген құлын сан түрлі сынаққа алады. Тұрекең де алты ұлының бетін жасырған шерлі ақын. Шемен болған қайғыны қайтару мүмкін емес. Осылай өзін өзі жұбатып, ертеңгі күні алдымнан шығып шапағатшы болшы деп, шырылдайды. Аза бойыңды қаза қылып, аяғында Ұлы жаратушының кеңдігіне салады. Сонда да болса үмітін үзбей, ертеңгі күні жақсылық боларына иланады. Бауыр етіңді өзіңнен бұрын шығарып салудың азап екенін аңғартып, мына жалғанға барша пенде қонақ болса да, ақтық сапарға шығарып салудың ретімен болғанын тілейді. Алла, оларды күнәсі болса кешіріп, раһымына бөлесін!

Берік Саймағанбетов, жыршы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<