ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КӨҢІЛДІ КЕШ

532

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында көңілді тапқырлар клубы әдемі әзіл кешін өткізді. Аталған шараның өтуіне ұйытқы болған «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС басшылығы. Бұл кеш өңіріміздегі ірі мұнай компаниясының 20 жылдық мерекесіне арналып отыр.
Бұл жолғы көңілді тапқырлар клубының сайысы орыс тілінде өтті. Мерейлі мереке қарсаңында ұйымдастырылған шараға екі команда қатысып, бақ сынасты. Оның бірі Оңтүстік Торғай өңіріндегі мұнай кәсіпорындарында еңбек ететін, әзілді сүйетін жастардан жасақталған «Мұнайшылар» тобы болса, екіншісі, яки жергілікті командаға қарсы ойнаған топ алматылық «КZландия» тобы болды. 
«Мұнайшылар» тобына жергілікті жердегі «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС, «ТорғайПетролеум» АҚ, «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ, «ҚуатАмлонМұнай» БК» ЖШС, «Ай-данМұнай» SNPS» ЖШС, «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС, «Саут-Ойл» ЖШС және «KAZPETROL GROUP» компанияларында еңбек ететін қызметкерлер мен жұмысшылардан барлығы 8 жас іріктеліп алыпты. Сонымен қатар, бұл фестивальға «Мұнайшылар» тобындағы ойыншылардың отбасы мүшелері көрермен ретінде қатысып, алматылық тәжірибелі командамен тең ойын көрсеткен жерлестеріміздің өнеріне риза болды. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС инженер-технологы, команда ойыншысы Ахмет Аббасовтың айтуынша, көңілді тапқырлар клубының құрылғанына көп уақыт бола қоймапты. 
– Аталған іс-шараның мақсаты – мұнайшылардың шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, аймағымыздағы мұнай өндіру ісімен айналысатын кәсіпорындарда еңбек ететін жастар арасында тығыз байланыс орнату, – дейді сайысты ұйымдастырушылар. 
Айта кетейік, мерейтой иелерінің қонақтары ертесіне «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-на қарасты Ақшабұлақ кен орнына барып, кеніш басында вахталық тәсілмен жұмыс істейтін компания қызметкерлеріне концерт қойды.
Ал, көпшілікке қуаныш сыйлаған күлкі кешінің соңында қос команда мүшелеріне мерекелік шарадан естелік сыйлықтар табыс етілді. Фестивальға «Кеш You» музыкалық триосы қатысып, әзіл кешін әсем әндерімен өрнектеді. Осы кешті ұйымдастыруға атсалысқан «Дарын» жастар продюссерлік орталығы» қоғамдық бірлестігіне аталған компания басшылығы алғысын білдірді. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<