ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ ТЕРБЕЛГЕН АЛТЫБАҚАН

1101

0

ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ ТЕРБЕЛГЕН   АЛТЫБАҚАН Наурыз мерекесі бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, ба­қыт­тың мерекесі ретінде тойланады. Бұл  жақсы тілек тілеп, кешірім жасап, табысу сияқты қасиеттер көрініс тауып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мейрам. Мерекеде түрлі салт-дәстүрлер орын алып, арнайы тағамдар дайындалып, ерекше тойланады.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан ажырамас құн­ды­лық­тарының бір бөлігі – ұлттық ойындарымыз. Сол ұлттық ойындар мәні мен мағы­насына қарай әртүрлі болып бөлінеді. Әр ойынның өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы: спорт бағытына арналған ұлттық ойындарға аударыспақ, теңге ілу, көкпар, садақ ату, қазақ күресі, арқан тартыс және өзге де ойындарды қосуға болады. Спорт бағытындағы ойындар ер жігітті шымыр, шапшаң, дәлдікке, мықты болуға бау­лиды. Бұдан басқа тоғызқұмалақ және асық ату ойындары баланы өзінің ақылына жүгінуге, дұрыс шешім қабыл­дауға және икемділікке, қар­сыласының ойын оқуға тәр­бие­лейді. Сондай-ақ, бұдан бөлек ойын-сауық, тұрмыс-салтқа ба­­­ғытталған ұлттық ойын түр­лері бар. Оларға: «Сақина салу», «Алтыбақан», «Ақсүйек»,  т.б ойын түрлері жатады. Бұл – көңіл көтеру мақсатында ауыл жастары бас қосып ойнайтын ойындары. Солардың бірі – алты­бақан ойыны.

Алтыбақанды құру үшін 6 сырық (бақан), үш арқан керек. Алты бақанның басын үш-үштен түйістіре байлап, аралығын үш-төрт қадам етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да, «мосының» басында пайда болған ашаға көлденең сырық бекітіледі. Көлденең сырықты «арқалық» дейді. «Арқалық» бақанға екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп, үш саты арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе белді сүйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Кейде табан тірейтін арнайы тақтайша бекітіледі. Қыз бен жігіт қарама-қарсы отырып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның де­меуімен тербетіледі.

Қарапайым тілмен айтсақ, алтыбақан – кәдімгі өзіміз бала кезден теуіп өскен әткеншек. Тек құрылымы өзгешелеу. Не­гізінен бұл көшпелі түр­кі­лер­дің ұлттық ойыны ретінде аталып жүр. Алтыбақан ойы­ны қазақ, қырғыз, хакас ха­лық­тарының мерекелері мен тойларының көркі десек те болады. Мұны екі адам тербетеді және тербеліп отырған қыз бен жігіт ән шырқайды. Тек нау­рыз мерекесінде ғана емес, той-то­ма­лақтың барлығында ауыл­дың қыз-жігіттері аулақтау жерге алтыбақан құрып, бас қосады. Халық аспаптарының сүйе­­мелдеуімен ән салып, айтысып, әзілдесіп, көңіл көтеріп, сауық құратын болған.

Аружан МАХМУД,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<