Жан азығын іздесең…

1161

0

Қоғамның өркениетке жетуі, өркениет жолындағы адамзат қоғамының болашағы, адамның тұлғалық қасиеттері, рухани өсіп-өркендеуінің бірден-бір негізі – кітап. Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор екені айтпаса да түсінікті жайт. Максим Горькийдің: «Мен бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа қарыздармын» деген сөзі бар. Бүгінгі қазақ қоғамында кітапқа қарыз жандар бар ма екен?

Кітап – бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да маңызын жоймаған дүние. Ендеше, осындай құнды дүниеміздің күретамырына айналған кітапхана мен кітапханашылардың атқарар қызметі орасан зор десек, саналы мақсаттың орындалып жатқаны да сөзсіз.

Оқырманға жан-жақты қызмет көрсететін кітапханалардың бірі – Қызылорда қаласындағы 73 жылдық тарихы, 106714-тен аса кітап қоры бар ғылым ордасына айналған А.Пушкин атындағы орталық кітапхана. Кітапхананың кітап қоры жыл сайын жаңа әдебиеттермен толықтырылып, бүгінде заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталған. Әлеуметтік желілер сайтында Instagram, Facebook, Telegram, Viber мессенджерлерімен, cbsorda.kz кітапхананың веб сайтында түрлі бағытта оқырмандарға кітап қорын насихаттау жұмыстары жайлы ақпараттар  жарияланған.

Күні кеше індет жайлаған тұста халықтың қам көңілін аулап, ойын сергіту мақсатында кітапханашылар онлайн қызмет түріне де көшкен болатын. Мәселен, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абайды білмек керек ойлы жасқа», «Ұлы халықтың ұлы ақыны» атты мерекелік іс-шаралар, «Абайдың қара сөздері» атты онлайн шара ұйымдастырылды. Кітаптың рухани азық екенін түсінген адамға біраз серпін берер деген үмітпен әлеуметтік желілерде «Сүйікті кітаппен селфи» атты онлайн сайыс, «Жергілікті ақын-жазушылардың оқырмандарға айтары бар..» атты қоғам белсенділерімен онлайн  сұхбат өткізілді. Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай виртуалді кітап көрмесімен таныстыру, ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау мақсатында «Қазақстаным – қасиетті мекенім» атты өзге ұлт өкілдерімен онлайн сұхбат, «Өнер өріндегі өр тұлға» атты қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына онлайн шолу көпке ұсынылды.

Мұнан да басқа көптеген онлайн іс-шаралар өткізіліп оқырман қауымға кеңінен насихатталды. Кітапханада желілік онлайн жобалар жыл бойына жүргізіліп келеді.

Кітапхана ісі жаңа инновациялық іс-шараларды, атап айтсақ: көрме-мозайка, ойын-тренингтер, жыр марафоны, ток шоу, әдеби сот, брейн ринг, буктрейллер және де кітап көрмелерін насихаттап, жедел мобильді түрде ақпараттармен қамтамасыз етеді. «Мәдени мұра», «Өлкетану», «Мемлекеттік тіл», «Атамекен», «Қамқорлық», «100 жаңа оқулық» жобасы, «Саламатты Қызылорда», «Жазғы кітапхана», «Буккроссинг», «Әдеби автобус», «Библиокеруен» бағдарламаларын және «Кітапхана сіздерге жол тартты», «Қала бойынша серуендеу» атты кітапхана жобаларымен жұмыс жасайды. «Әдебиет білгірлері» әуесқой клубы мен «Жас шахматшы» үйірмесі жұмыс істейді және сол мақсатта жастарды іс-шараларға тарту жұмыстары жолға қойылған.

Кітапханашыларға «РАБИС» бағдарламасымен жұмыс жасап, оқырман тарту үшін жаңа креативтік іс-шаралар өткізіп, кітапхана имиджін көтеру – басты мақсат. Қазіргі таңда кітапханада 6 жоғары арнаулы білімі бар кітапханашы жұмыс жасап, оқырман сұранысын сапалы қанағаттандырып отыр.

«Болашақта компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады» деген тәмсіл бар. Бұл – болжам емес, ақиқат сөз. Өйткені, өркениет шыңына шыққанда, қоғам өз болмысына қайта оралады.

Жас адам тұлғалық қалыптасу, рухани кемелдену үшін кітапқа жүгінгенде ғана мақсатына жетеді. Мұны білу керек. Қазіргі заманда кітаптан ажырап қалған ұрпақтың таным деңгейі жоғары болғанымен,  жан әлемінде жұтаңдық бар екенін аңғару қиын емес. Өйткені, олар көкірек сүтінен ерте шыққан төлдей, ертекке қанбаған, жырға жарымаған. Олардың дені Абайды, Мағжанды, Жүсіпбекті, Мұқтарды, Мұқағалиды парақтап көрмеген. Эдгар По, Марк Твен, Жюль Верн, Роберт Сивенсонды оқымаған.

Осының бәрін игеру үшін адамға ауыр арқалаудың қажеті жоқ, жанында тұрған кітапханаға бас сұқса болғаны. Шындығында кітап теңізіне бір түскен адам алыс көкжиектерге жүзіп, қалай саяхаттап кеткенін өзі де білмей қалады.

Ол сол сапарда кемелденеді, толысады, қиын тұста өзінше жол табатын ақыл иесіне айналады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<