Жас көшбасшылар қазақ тіліне неге бейқам қарайды?

788

0

Қазақ тілінің тағдырына алаңдайтындардың қатарында екеніңді айту басқа, іс жүзінде дәлелдеу бөлек. Мұны қазір жас көшбасшылардың қоғаммен байланысынан-ақ байқауға болады. Басқаларды жанына топтастырған, замандастарына үлгі дейтіндей ұлты қазақ жастардың неліктен ресми тілде сөйлеуге ынталы екені, әсіресе қазіргі басты қарым-қатынас құрал – әлеуметтік желілерді неге орысша жүргізуге бейім екені ойлантады.

Мұны жас көшбасшылар, белсенді студенттер жиылатын республикалық форумдар мен лагерьлерге қатысу барысында анық байқаймыз. Бірде осындай жастар лагеріне спикер ретінде шақырылған тележүргізушілер алдымен көпшіліктен қай тілде сөйлегені ыңғайлы екенін сұрап алды. Журналистердің ана тілде еркін көсілетіні айтпаса да түсінікті еді. Бірақ жастардың арасында «Орысша айта беріңіз» деп дауыстағандардың басым екендігі байқалды. Ана тілге жанашыр тележүргізушілер орыс тілінде ойларын білдіргенімен, сол кеште барынша қазақ тілінде медиа саласы туралы ақпарат беріп, сұқбат жасады.

Мұның алдында келген спикерлердің орыс тілді екенін білген соң жастардың «орысша сөйлей беріңіз» дегені қалыпты көрінген. Бірақ ұлты қазақ әрі үнемі ана тілінде ел-жұртпен араласатын тұлғаларға осындай ұсыныстың айтылуы, жас көшбасшылардың арнайы жиындарда ғана емес, танымдық ойын, байқауларда да орысша сөйлегенді қолайлы көретіні ресми тілде тек қажеттіліктен ғана емес, үлкен қызығушылықпен сөйлейтіндерін аңғартты. Әсіресе, лагерьге келген күні топқа жетекші (фасилитатор) ретінде бекітілген солтүстік өңірден келген қазақ замандасымыздың Біржан деген есімін Бержан деп таныстырып, апта бойы қазақшаға сараңдық танытқаны қызық көрінді. Байқағанымыз, ол тілді түсінгеннен бөлек, сөздің тігісін жатқызып, ойын жақсы жеткізе алатын.

Кейін жастар форумы, лагерьде бірге қатысқан көшбасшылардың әлеуметтік желідегі жазбаларын оқып, қоғамдағы оқиғаларға көзқарасын, атқарған жұмыстарын білуге тырысатын болдық. Байқағанымыз, көбі ойларын орысша жеткізеді. Бұл олардағы ұлттық иммунитеттің әлсіздігін көрсететін жағдай ма, әлде басқа ма? Ана тілдің қолданыс аясын кеңейту, «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын» замандастарына ұғындыру жас көшбасшылардың да міндеті, ал олардың нағыз жастармен араласатын алаңда мемлекеттік тілді қажетсінбейтінін қалай түсінуге болады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газе­тіне берген сұхбатында да мемлекеттік тіл­ге қатысты пікірін білдіріп, «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» деген болатын. Ал тілді құрметтеу, оның бағасын арттыру аға буынның ғана міндеті емес, ізін жалғаған кейінгі толқынның да жауапкершілігінде емес пе?

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<