Жасампаз Сырдың жаңа жұлдыздары

1211

0

Жаңа жыл қарсаңында Сыр өңірін ерекше елең еткізген жағымды жаңалықтар болды.

Алғашында «Qyzylorda-nеws» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев “Үркер – 2020” ұлттық сыйлығын алып , қомақты сыйақы иеленді. Айтыс ақтаңгері Мұқтар Ниязов «Алтын домбыра» бәйгесінің үшінші мәрте жеңімпазы атанып, қасиетті қара домбыраның Сыр елінде қалуына қол жеткізді.

Республикаға танымал белгілі жыршы Күнсұлу Түркпенова «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
Ежелден ән қонып, жыр ұялаған киелі Сыр топы­рағының дарынды перзент­тері­нің табысы мерейімізді өсірді, көгімізде жанған жұлдыздары жарқырай түсті.


Журналистика саласындағы жоғары нәтижеге жеткен Нұр­сұлтан Мықтыбаев мектеп қабырғасында жүр­ген кезінің өзінде облыс­тық, рес­публикалық басы­лым­дарға хат-хабар жолдап тұратын. Түрлі тақырыптарда дайындаған мате­риалдары облыстық, орталық басы­лымдарда жарық көре бастады.

Университетті бітіргеннен кейін журналистік қызметін Батыс Қазақ­стан облысында жалғастырды. Ол жақта да абыроймен еңбек етті. Бүкіл республикаға танымал журналист болды. Сол өңірде тұратын көр­некті қазақ ақыны Ақұштап Бақты­­герееваның қамқорлығы мен қолдауын көрді.


Сыр жұртшылығына айтыскер ақын Мұқтар Ниязовтың есімі жақсы таныс. Ол табиғи талантымен біздің ұлтымызға ғана тән айтыс өнерін алға сүйреп, жаңа деңгейге көтерді. Ондаған жылдар бойы айтыс аламанында жүзден озған жүйрік атанып жүр. «Алтын домбыра» бәйгесінің үш мәрте жеңімпаз атануы осының айғағы.


Ұлы Мұхаң Мұхтар Әуезов атақты Жамбыл Жабаевтың айтыс кезінде шапшаң айтылған ұтымды ұйқастарына риза болып, «Жамбылдың жадында миллион ұйқас бар. Оны қажет кезінде пайдалана алады» деген екен. Мұқтар Ниязовтың да айтыс кезінде орамды ойлары шебер сомдалған өлеңмен өрнектеліп, тасып, төгіліп жатады.


«Дарын» мемлекеттік сыйлығын иеленген аса талантты қызымыз Күнсұлу Түркпенді жыр дүрдүлі, Сыр бұлбұлы деуге болады. Ол мектепті қала іргесіндегі Тасбөгетте бітірді. Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып, қазір өнер саласында өнімді еңбек етіп жүр.


Күнсұлу мектеп қабырғасында жүрген кезінен түрлі концерттерде жыр айтып, елді ерекше елең еткізді. Соңғы кездерде республикалық түрлі байқауларда топ жарып, тыңдау­шыларының шынайы құрметі мен ілтипатына ие болуда. Біз Күнсұлуға жыр көгінде еркін самғап, абырой биігінен көріне беруіне шынайы тілектестігімізді білдіреміз.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<