Жетпіс және жаңа кітап

1289

0

Биыл жерлесіміз, жазушы-сатирик, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, «Ақпарат саласының үздігі», облыстық «Сыр бойы» газетінің ардагері Нұрмахан Елтай 70 жаста. Бұған дейін 20-ға жуық кітаптың авторы атанған қаламгердің журналистика мен әдебиет саласына қосқан үлесі мол.

Ал өткен жексенбіде жазушының тағы бір жаңа туындысы оқырманға жол тартты. «Қандөз – құт мекенім» деп аталатын құнды дүниені автор өз туған ауылына арнаған. Сондай-ақ кітаптың ең алғашқы тұсаукесері де Жаңақорған ауданындағы Қандөз ауылында өтті.

Тағылымды іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков жазушыны мерейтойымен құттықтап, жаңа кітаптың жарық көруіне өз тілектестігін білдірді.

– Қадірлі жерлестер! Шағын ғана ауылда өтіп жатқан шарамыздың шын мәнінде мазмұны бай. Өйткені, осында туып, елге қаламымен қызмет еткен, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрмахан Елтай ағамыз туған жеріне, туған еліне арнап жазған «Қандөз – құт мекенім» атты кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз. Әрине, Нұрмахан Назымханұлы бұған дейін де бірнеше кітап жазып, ел руханиятына өз үлесін қосты. Әрі ол еңбек ақталып, талай марапат төрінен көрінді. Бүгінгі күні 70 жасқа келген жазушы ағамыз алдымен туған жеріне тәу етіп, туындысының тұсаукесерін осында өткізуі – ауылына деген шексіз құрметтің белгісі. Бұл –бізге де, артымыздағы өскелең ұрпаққа да үлгі, – деді ол.

Сондай-ақ Ғалымжан Жарқынбекұлы жаңа кітапқа қысқаша шолу жасап, ондағы құндылықтарға тоқталды. Сонымен қатар, аудан әкімі Мұрат Тілеумбетовтің құттықтау хатын оқып беріп, жазушыға арнайы табыстады.

Бірнеше сатиралық, публицистикалық және деректі кітаптардың авторы Нұрмахан Елтайдың аталған еңбегі төрт бөлімнен тұрады. Бірінші «Алтын бесік – ауылым» бөлімінде ел мен жер тарихы, онда туған азаматтардың өмір жолы баяндалса, екінші «Өткен жылдар бедері» деп аталатын бөлімде 70-80-ші жылдардағы ауыл адамдарының қоғам жұмысына атсалысуы, сол уақыттағы елдің тыныс-тіршілігі шынайы бейнеленген. «Құмдағы тіршілік» атты бөлімде «Қызылқұмды» игеру барысындағы ауыл шаруашылығы мамандарының, малшы қауымның, механизаторлардың ерен еңбектері жазылған. Ал соңғы бөлім «Қандөздіктер қалжыңы» деп аталыпты. Аты айтып тұрғандай, осы ауыл айтқыштарының тауып айтқан әзілдері топтастырылған.

Жаңа туындының тұсаукесерінде Шиелі және Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, жазушының әріптестері мен жерлестері сөз сөйлеп, құрметін білдірді. Нұрмахан Елтайдың шәкірті, ақын Асқар Дүйсенбі өлең оқып, ҚР Мәдениет қайраткері, журналист Ерубай Қалдыбек, аудандық «Жаңақорған тынысы» және «Өскен өңір» газетінің бас редакторлары Баян Үсейінова мен Нұрболат Пірімбет қаламгер жайлы кеңірек тоқталып, шығармашылығынан құнды мысалдар айтты.

Аудандық А.Сопыбеков атындағы кітапхана қызметкерлері жазушы жайлы көрмемен таныстырды. Ал жиын соңында қаламгер жерлестеріне өз алғысын білдіріп, аудандық және бірнеше ауылдық кітапханаға жаңа туындысын тарту етті.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<