Жүрегімен жол қараған, өлеңімен өрге тартқан

758

0

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде жас ақын Биболат Сәтжановтың «Жолқараған» атты тұңғыш кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Шараның алғысөзін ал­ған Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов дарын­дарға бай Сыр елінің жыр көшін жалғаушылардың ішін­де Биболаттың өз бейнесі айқындалған ақын атын иеленіп, талай бәйгелерді бөктеретін жүйрік болатынына сенім білдірді.

Расында да, Биболат ақынды екінің бірінен ерекшелеп тұратын қасиет –  аса ізденгіштігі мен ілгерішілдігі.

– Мін іздесең,

Табу оңай, мінсіз кім?!

Мән іздесең, мәнсіз күнім –

жырсыз күн.

Сен айтарың жоқ болған соң

көпірдің,

Мен айтарым көп болған соң

үнсізбін, –

деп рухани ортаға үнсіз келіп қосылған ақын аз уақытта әдебиет мамандарының аузына ілініп, өлеңсүйер қауымның ықы­ласына бөленіп үлгерді.

Осыдан бір жыл бұрын аңыз ақын Әділ Ботпановты ұлықтау құрметіне арналған республикалық мүшәй­рада Биболат Сәтжан бас бәйге алған болатын. Сол өлең мерекесінің ұйым­дас­ты­рушысы, руха­ният жанашыры Аманжол Сақыпұлы өз есебінен Бибо­латтың бір кітабын шығарып беруге уәде еткен. Сөйтіп, «Жолақараған» деп аталатын көлемі жұқа, өлеңі қалың бір дүние өмірге келген.

Жыр кешінде «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Дәурен ­Омаров сөз сөйлеп, 420 дана кітап­ты облыстық кітапхана дирек­торының орынбасары  Айгүл Жанғабыловаға табыс етті. Ол өз кезегінде ақынның тұңғыш жинағы облыстағы барлық кітапханаға жеткізілетінін айт­ты.

Сондай-ақ, ақынның рухани ағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы сөз алып, Биболаттың қара сүрлеу емес, қанаттылар ғана шығатын шыңға апаратын жол қарап жүргенін әдемі мысалдармен айтып жеткізді.

Десе дегендей, Қызылорда қалалық Жастар театрының әртістері оқыған ақын өлең­дері тың­дарманын терең ойға батырып, шырқау биікке жетеледі.

Сонымен бірге Б.Сәтжан­ның өзі де сахнаға шығып, жыр шаш­уын шашты. Ақын өлеңдерін филармония әнші­лері әдемі әуендермен әрледі.

Кешті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<