ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ МИССИЯ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

404

0

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен және Германия Федеративтік Республикасының бас консулы Йорн Розенбергпен кездесті. Кездесу барысында әріптестікті дамыту  мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы А.Бородавкинді жаңа қызметімен құттықтап, облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырды.

– Өңірлік сауда-экономикалық әріп­­тестікті дамыту жұмысымыздың ба­сым бағыты болып қала береді. Ортақ жұмыстың арқасында 2018 жылдың 1 тоқсанында Қызылорда облысы мен Ресей Федерациясының өзара сауда жасау көлемі 14 437,6 мың АҚШ долларын құрап, 2017 жылы осы кезеңмен салыстырғанда 16,7 процентке  артты, –  деп атап өтті облыс әкі­мі.

Кездесуден соң журналистерге сұхбат берген елші:

– Сапар барысында Байқоңырда болдым. Облыс әкімімен арадағы әңгімеміз іскерлік бағытта өрбіді. Аймақ экономикасын өр­кендетуге ресейлік бизнесмендердің үлес қосуы, білім саласындағы мәселелерді талқыладық. Қазірдің өзінде Ресейде 70 мыңға жуық қазақстандықтар білім алуда.  Байқоңырдың болашағы мен «Бәйтерек» бағдарламасын іске асырудың тиімділігіне тоқталдық. Бұл кездесуіміз келешекте қолға алынатын іргелі істерге алғышарт болады деп ойлаймын, – деді.     

Осы күні аймақ басшысы Қазақстандағы Германияның Бас консулы Йорн Розен­бергпен кездесті. Облысқа жұмыс сапары аясында Й.Розенберг аймақтың әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралап, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ракета ұшы­рылымын тамашалады.

– Бұл менің Қызылордаға екінші келуім. Осы жолы Аралдан бастап көлікпен жүріп өттік. Кездесу барысында Қазақстанда өкіл­діктері бар неміс компанияларының Сыр өңіріндегі түрлі жобаларға қатысу мүм­кіндіктерін талқыладық. Күзде өте­тін форумға Қазақстандағы неміс компанияларының өкілдерінен құралған делегацияны бастап келуге уәде бердім, – деді Бас консул өз сұхбатында. 

Дипломатиялық миссия өкілдері аймақпен әріптестік орнатуға қызығушылық танытты.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<