Дональд Трамп бір жылда АҚШ-қа қандай елеулі өзгеріс әкелді?

503

0

Дональд Трамп бір жылда АҚШ-қа қандай елеулі өзгеріс әкелді? Дональд Трамптың президенттік қызметінің екінші жылы бастау алды.

Сарапшылар мен саясаттанушылар АҚШ-тың 45-ші президентінің тындырған тірлігін саралап, өз қорытындыларын шығарып жатыр. Ал Дональд Трамп болса өз саясатын жүргізіп, тіпті 2020 жылы өтетін президент сайлауына қатысты жақтастарын жинады,-деп хабарлайды 24 kz.

«Трамп Дүниежүзілік сауда ұйымын қатал сынға алды», «Трамп өзінің шаш үлгісі жайлы әзілдеді», «Трамп әйелі мен баласын жауын астында қалдырды», «Трамп келесі сайлауда Опра Уинфриді жеңетінін айтты». Америкалық басылымдар күнделікті дәл осындай атаумен кезекті  мақалаларды жарыса жариялайды. Мұндай түрлі ақпарат ағыны Дональд Трамптың билігін күшейтпесе, кемітпегені анық. Керісінше, жігерлендіре түссе керек-ті.   

Ол өзінің жыл сайынғы АҚШ конгрессіне жолдауында «Дәл қазір америкалық армандардың жүзеге асатын уақыты» екендігін ашық айтты. Сондай-ақ АҚШ-тың 45-ші президенті өзінің басты жетістігін экономика саласымен байланыстырады.

Сонымен, Дональд Трамп бір жылда елге қандай елеулі өзгеріс әкелді? Жергілікті тұрғындар бұған не дейді?

Марк:

– Менің ойымша, Трамптың бірнеше кеңесшісі бар. Ол солардың көмегімен шешім қабылдайды. Оның өзі бір тірлікті тиянақтайды дегеніне өз басым сене алмаймын. Негізі көбісі Трампты дербес саясаткер деп ойлайды. Бұл қате пікір. Оған мыңға жуық адам көмектеседі. Не айту, не айтпау керектігін, сұрақтарға жауапты солар тауып береді. Бұл жүйе осылай жүзеге асады.

Дорен:

– Маған Трамп ұнайды. Ол өте тамаша жұмыс істеп жатыр. Мен елімізді республикалық партия өкілдерінің басқарғанын қалаймын. Трамп шағын кәсіпкерліктің салығын азайтып, қаржы табуға мүмкіндік беріп отыр.

Кейбір сарапшылар Дональд Трамптың Ақ үйге бейімделіп келе жатқанын айтады.  

Оның үкіметті тез және агрессивті басқару бастамасы ақылға қонымды және өлшенген әрекеттерге ұласып келеді. Мәселен, 2017 жылдың қаңтарында Трамп АҚШ-тың Транс-Тынық мұхиттық әріптестігі мен Париж келісімінен шығу қарарына қол қойса, бүгінде мемлекеттің сыртқы саясатына басымдық беріп отыр. Тіпті, екі күн бұрын АҚШ президенті Солтүстік Корея басшылығымен келісімге келуі мүмкін екендігін жеткізді. Дегенмен жергілікті тұрғындарды ішкі мәселелер алаңдататыны анық.

Данте:

– Алдымен қоғамның өмір сүру деңгейін ескеру керек. Биліктегі адамдар қарапайым халықтың қалай өмір сүретіндігінен бейхабар. Үй-күйі жоқ халыққа олардың алаңдамайтыны анық. Ал тұрғындардың көбісі осы қиындықтарға тап болады. Сол себепті де олар осы жүйеге қарсы.

Майкл:

– Трамп менің көңілімнен шығады. Оның ұстанған саясатына да қосыламын. Елді тек көркейтіп келеді. Ол кәсіпкер және ол бізге қажет адам.

Бүгінде америкалық бұқаралық ақпарат құралдары есірткі тарату жағдайының өршіп кеткендігін айтады.  

АҚШ-та апиын да жайлап барады. Трамп бұл жағдайға қатысты төтенше жағдай жариялады. Өткен жылдың өзінде есірткіні артық дозада қабылдаған 64 мың американдық өмірден озған. Сол себепті Дональд Трамптың алдында әлі талай сынақ тұрғаны анық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<