Кешенді жоспардағы келелі істер талқыланды

561

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешов кешенді жоспарда көзделген бірқатар мәселелер туралы баяндады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік-экономикалық даму жоспары жалпы құны 219,7 млрд теңге болатын 119 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 156,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 50,6 млрд теңге және басқа көздерден 12,4 млрд теңге қаралды.

2020 жылға Кешенді жос­парды іске асыруға барлығы 69,4 млрд теңге көздел­ген, оның ішінде республикалық бюджеттен – 52,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге, басқа көздерден – 3,5 млрд теңге.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биыл 15,6 млрд теңге болатын 42 іс-шара қолдау тапты. Оның ішінде Кешенді жоспар шеңберінде 1,4 млрд теңгенің 11 іс-ша­расына қолдау көрсетілді. Қалған іс-шаралар 2021-2023 жылдарға арналған бюджет шеңберінде кезең-кезеңімен жү­­зе­ге асырылмақ.

Облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық жоспар экономиканы дамытумен қатар тұр­ғын үймен қамтамасыз ету, газ, энергия, жылу, сумен жаб­дықтау, жолдарды жөндеу және басқа да мәселелерді шешуі қажеттігін атап өтті.

Биыл кешенді жоспар шең­берінде жаңа мұнай кен орындарын одан әрі игеру мақсатында «Шу-Сарысу» шөгінді бассейнін зерттеу жұмыстары басталады. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенінде Қызылорда қала­сын­дағы ет комбинаты мен Қар­мақшыдағы құс фабри­касын салу жұмыстары жүргі­зіліп, оларда 80-ге жуық жұ­мыс орны ашылады. Ет өнім­дерінің үлесі артып, ішкі на­рықты қамту көзделеді.

Жиында кешенді жос­пар­да көзделген тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық саласы бағытында қолға алынатын мә­селелер қаралды. Биыл Арал, Қазалы, Қы­зылорда қаласында 43,6 шақырым су құбыры же­лілерін салу көзделуде. Осылайша, өңірде 4 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алады. Сонымен қатар, Тереңөзек, Жосалы және Арал ауданындағы Жақсықылыш кенттерін газдандыру жұмыс­тары аяқталады. Нәтиже­сінде 37 мыңға жуық адам табиғи газды пайдаланып, игілігін кө­реді.

Даму жоспарында инфра­құрылым мә­се­лелері жан-жақты қаралған. Облыс­тағы барлық аудандарда 136 ша­қырым жол жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіледі. Бұл жергілікті жол­дардың үлесін 69 процентке дейін көтеруге мүмкіндік бе­реді.

Аяқсумен қамтамасыз ету бағытында да мәселелер ше­шімін таппақ. Биыл «Көк­арал» бөгетін және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру, сондай-ақ, «Кү­міскеткен» жә­не «Қараөзек» су қой­мала­рын жаңғырту бойынша жоба­лау-сметалық құжаттама әзірленуде. Атал­ған нысандарда құрылыс жұмыстары рес­пуб­ликалық бюджет есебінен 2021 жылы бастау алады.

Кешенді жоспарды орындау нәтиже­сінде тұрғын үй құ­рылысы бағытында жаңа пә­терлер табысталады. Осы жылы 815 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үйдің құры­лысы жүргізілуде. Оның ішінде көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін облыс көлемінде 698 пәтерлік 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Жиында облыс әкімі ке­шенді жоспарда көзделген мә­се­лелердің уақытылы іске асып, атқарылған жұмыстар нәтижесі өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына оң сер­пін беруі керектігін атап өтті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<