Мезгілінде туған мақала

1248

0

Жұтынып тұрған жаһандану заманында ат арқасынан ауып қалмай, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің азаттығын баянды ету – әрбіріміз үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында жаңашыл сипатта сарабдал сөз түзген мақаласы қоғамға осындай құнарлы ой салып отыр.

Президент айтқандай, «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?». Осы тұрғыда отыз жылдың онжылдықтар легі келісті кескінделген мақалада «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» айдарлары айрықша мәселелерді алға тартады. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара көшбасшылығы ерекше атап өтілді.


Мақалада қазіргі қоғамның беталысы дәлдікпен сипатталған. Ең бастысы, Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ».


«Таным мен тағылым» айдарына арқау болған ой өзегі де өте әсерлі. Тәуелсіздікпен бірге түлеген буынның санасы, көзқарасы, өмір салты өзгеше. «Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шеге­леніп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек».
Мемлекет басшысы ұлт тарихы, ұрпақ тәрбиесіне қатысты қызықты әрі сыни пікірді де келісті келтірді. Соның ішінде бір ғана кино әлеміне қатысты шынайы көріністің шындығы айтылды. Бұл ретте: «Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз.


Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті» деді Президент.


Қоғамда әралуан пікір тудырып, базбіреулердің жалаң ұранына айналып келген ең маңызды һәм қастерлі – жер мәселесіне осы жолы нақты байлам жасалды. Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Сонымен: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн.
Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді.

Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық», деп шегеледі Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қысқасы, Мемлекет Басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарыққа шыққаннан бастап ерекше қолдау мен жан-жақты пікір алмасуларға негіз болып отыр. Облыстық «Сыр бойы» газеті де қоғамның белсенді өкілдерінің пікір-пайымын насихаттауға ниетті. Оның бір парасы сенбі күні жарияланатын «Талқы» айдарына арқау болмақ.


Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<