Сабақтастық үзілмеуі керек

1615

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын тыңдап, түйткілді мәселелердің көтерілгендігіне көз жеткіздім.

Биылғы жыл тек біздің елімізді ғана емес, әлем халқын сынады десек болады. Жер бетіндегі әрбір азаматтың денсаулығы қымбатқа түсті.  «Менмін» деген дамыған елдердің өзі туралап келген індетке қарсы күресуде дәрменсіздік танытты.  Әлем абдырады десек, қателеспейміз. Бұл індеттен еліміз де сырт қалмады. Жасыратыны жоқ, қаншама замандастарымызды жоғалттық. Індетпен күресуде медицина қызметкерлерінің еңбегі зор болды. Олар кәсібіне адалдықтарын білдіріп, күні-түні тынбай қызмет етті.

Президент бұл еңбекті бағалай білді. Жолдауда денсаулық сақтау жүйесін дамытуға байланысты нақты тапсырмалар берді. Дәрігер еңбегінің мемлекет тарапынан рухани да, материалдық тұрғыдан да бағалануы,  жалақыларының экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болатындығын айтып өтті.

Халық денсау­лығы­ның кепілі ретінде – отандық фармацевтиканы  және медициналық инфра­құрылымды дамыту туралы тапсырма берді.

Медицина саласы жүйелі болуы үшін алғашқы медициналық көмектен бастап, жоғары медициналық көмекке дейінгі сабақтастық үзілмеуі тиіс. Үкіметке берілген тапсырмада ұлттық денсаулық сақтау үлгісін қалыптастыру, қат мамандарды даярлау, ұзақмерзімді кадрлық жоспарлар мен медициналық жабдықтау мәселесін қойды.

Өзімнің ұзақ жылғы медициналық тәжірибеме сүйенсем, денсаулық сақтау саласы – біртұтас жүйе. Оны бөліп-жарып қарауға болмайды. Саланың бір жері қателікке ұрынса, тұтас жүйені әлсіретуі мүмкін. Сондықтан да, Президентіміздің әрбір пікіріне қосыла отырып, мемле­кетіміздің басты байлығы – халқымыздың денсаулығы екендігін ескеруіміз керек.

Рая  Көзденова,

облыстық медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрайымы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<