Анам мен үшін не істеді?

545

0

– Анамның өмір сүру салты дұрыс емес. Оған қатты көмектескім келеді.

– Қалай көмектескің келеді сонда?

– Дұрыс өмір сүруді үйреткім келеді.

– Ал өзің?

– Маған не бопты?

– Сіз дұрыс өмір сүріп жүрсіз бе?

– Менің не қатысым бар? Әңгіме анам туралы.

Боямасыз шындық. Ашық түсті киімдегі жас әрі әдемі әйел. Қолында жалт-жұлт еткен білезік. Анасының өмір сүру салты дұрыс емес екен. Онда бәрі бар, санаторийге жолдама да алып берген. Бірақ өзі барғысы келмейді.

– Одан да саяжайға барып, картоп еккісі келеді. «Керегінше сатып ал, ақша берейін» деп мың рет айттым. Құрбылары да өзі сияқты. Немерелерін ғана айтып отырады.

– Сонда олар не туралы әңгімелесуі керек?

– Рухани даму жағын ойлауы керек қой.

– Сіз?

– Тағы мен бе?

– Өзіңіз туралы айтыңызшы.

– Мен журфак бітіргенмін.

– Ал анаңыз?

– Оқымаған.

– Әкеңіз?

– Оны ешқашан көрген емеспін.

– Сонда анаңыз сізді жалғыз өзі өсірген ғой?

– Әжем екеуі.

– Сіз қалай өстіңіз?

– Анам үшін үнемі ұялатынмын. Біз өте кедей болдық. Жаз шықса саяжайға тартамыз.

– Картоп егу үшін бе?

– Жеміс те жинайтынбыз. Басқа қыздар жемісті жесе, біз сататынбыз. Бәрі соған күлетін. Мен теңізге оныншы сыныпта ғана бардым.

– Сіз не істейтін едіңіз?

– Маған «оқы» дейтін. Тек оқуға ден қойғандықтан ба, жігіттермен араласа қоймадым.

– Сіздің мәселеңіз онда емес. Анаңыздың сіз үшін қаншама бейнет кешкенін білмейсіз.

– Солай ма, не істепті сонда? Бәрін өзім істегенмін.

– Оқуыңыздың ақысын кім төледі? Сіз аш қалмас үшін кім картоп екті? Мектепке баруыңыз үшін жеміс сатқан кім? Білуімше, балалығыңыз тоқсаныншы жылдар тұсында өтті ғой? Ол кезді жақсы білемін. Қиын уақыт еді.

– Сіз тек материалдық жағын айтып отырсыз. Мәселенің рухани жағы да бар. Достық! Сенім!

– Жағдайың жақсы болса, достық пен сенім туралы айту оңай. Балаңды асырайтын шамаң болмаса, көрер едім. Сіздің анаңыз қолдан келгеннің бәрін істеді. Қазіргі деңгейге жетуіңіз соның арқасы. Иә, оған қиын. Басқаша қалай өмір сүру керегін ол білмейді. Сөзіңізге қарағанда ол мақсатына жеткен сияқты. Одан кейінгісі сізге байланысты.

– Нені айтасыз?

– Ойланып көріңіз.

Университетте психфакта оқып жүргенімде мұғалім: «Ата-ананыкі ешқашан дұрыс емес, бірақ қандай өмір сүру өз қолыңда. Бұл таңдау мүмкіндігі ата-анаңыздың арқасы», – деп еді. Біздің ата-аналарымыз өте қарапайым өмір сүрді. Мен балалық шағымды жақсы білемін. Анам мен әжем киімді қолмен жуатын. Әке-шешем жарты жылдап айлық алмаған кездер болды. Қыста картоп пен саяжайдан жиналған консервіленген көкөністен басқа ештеңе жоқ еді. Мектепте ауыстырып киетін аяқ киімім ұрланғанда анам жылаған. Жаңасын алатын ақша болған жоқ.

Ата-аналарымыз біз үшін бәрін істеді. Балаларымыз бізден жақсы өмір сүрсе екен деді. Иә, өмір сүру салтын сынап отырсың. Біз солай ойлаймыз. Бірақ санаторийге барып, музей аралап, саяхат жасауымыз, өзімізді дамытатын кітап оқуымыз сол кісілердің еңбегімен келді. Әке-шешеміз өздерінің маңдай тері сіңген картоп егістігінде жүріп те бақытты болуды үйренді.

Біздің мақсат – өзгелердің еңбегін құрметтеу. Әуелі құрметтеу. Сосын алғыс білдіру. Сол арқылы ғана аяққа тұрамыз.

Елена Пастернак

Аударған:

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<