Сағыныш

631

0

Облыстық «Сыр бойы» газеті басылымның байырғы редакторы Қалқабай Әбеновтің туғанына 100 жыл толуына орай баспа және электронды БАҚ өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз қаламгерлер арасында «Туған жер – тұғырым» атты байқау жариялаған болатын. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған облыстық байқауды үйлестірушілер – «Сыр медиа» ЖШС, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы және Қ.Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қоғамдық қоры.

Бүгін газет оқырманы Нұрбай Жүсіптің «Сағыныш» атты шығармасын жариялап отырмыз. Еске сала кетейік, байқау материалдары 20 қазанға дейін қабылданады.

Матвей аға түсінен оянып кетті. Түсінде Қамбаш көлінде рахаттана шомылып жүр екен. Содан азанға дейін көз  іле алмады. Жүрегі атша тулап, кеудесін сағыныш пен өксік қоса қысып, тынысы тарылды. Көзге тығылған жас еріксіз  сыртқа парлай бастады. Солқ-солқ еткен екі иығы әлдебір ыңыранған дыбысқа ерік бергізді.

Түн ортасы ауа жанындағы ерінің қос тізесін құшақтап, солқылдап жылап отырғанынан селк етіп оянған асыл жары Лида жеңгей шошып кетті.

– Ей, Матвей, саған не болды?

Осы сәтті күтіп отырғандай Матвей аға кеудесін керіп, жанын шығарып бара жатқан сағыныш аралас өксігіне ие бола алмады. Солқылдап кеп жыласын. Жұбатуға келмеді. Сүйген жарын сығып, кеудесіне кіргізіп алардай құшақтады. Лида жеңгейдің де көзіне жас үйіріліп, күйеуінің құшағына кіре түсті. Не жағдай болғанын сұрамай-ақ іштей сезді.

– Сағындым! – деді Матвей аға солқылы басылған бір сәтінде.

– Нені? – деді қапелімде аузына сөз түспей қипақтаған Лида жеңеше.

– Туған ауылымды!.. Қамбашымды! Көлімді!

Енді Лида жеңгейдің кеудесіне өксік тығылды. Күйеуін бұл да қапсыра құшақтап, екі жарты бір бүтін бола қалды. Сол күйі қанша отырғандарын білмеді. Әйтеуір, солқылдарын басқанша отыра беріпті.

– Лидажан, ауылдан алып келген топырақ қайда? – деді есін жиғандай болған Матвей аға.

– Мен қазір… –  деп орнынан сүйретіле тұрған Лида жеңеше кілемнің жоғарғы тұсына ілінген түйіншекті алып, ерінің қолына ұстата берді.

Күйеуі мейірлене иіскеді. Ұзақ иіскеді. Бойына бақыт үйірілгендей өңі кіре бастады. Жасаураған көзі күлім қақты. Туған жердің бір уыс топырағы бейне сиқырлы дүние секілді. Әп-сәтте мұңды көзін ойлы көзге айналдырып, қиял әлеміне шарлатты. Бар дүниені ұмытқан күйі, әлденеге емірене басын шайқап қояды.

Мына көрініс Лида жеңгейді де қатты толқытып, көзіне жас үйірді. Матвейдің жан дерті – туған жерге деген сағынышы екенін анық сезді. Күйеуіне көмектесер еш дәрмені жоқтығына күйінді. Тек басынан сипай берді. Матвей аға да Туған жер – Анасына еркелегендей, жас балаша әйелінің бауырына тығыла түсті.

Қанша  отырғандары белгісіз, таң да қылаң бере бастапты. Жүректері орныққан екі мұңлықтың көздеріне ұйқы қайта тығылып, отырған орындарына қисая кетті.

Туған жердің бір уыс топырағы түйілген шүберекті алақанына қысқан күйі Матвей аға кенет көзін ашып алды. Бөлме іші жап-жарық. Күн едәуір көтеріліп қалыпты. Жанында пыс-пыс етіп ұйықтап жатқан Лидасының басынан сипап оятты.

– Қатын! Мына тірлік бізге жараспас! Сағыныштан сарғайып өлер түріміз бар. Құдайға шүкір, қазақтың жерінде  жүрміз ғой! Айналаның бәрі қазақ! Біздің қанымыз неміс болғанымен, жанымыз қазақ болып кеткен жоқ па?! Ағайындармен араласып, ауылға деген сағынышымызды басайық. Мына көршілер біздің түріміз бөлек болған соң, қазақ емес деп жоламай жүр-ау! Біз қазақтығымызды білдірейік! Қазір шай ішіп болған соң, ана тонды ки! Мен сені балағаттап, сегіз өрім қамшымен сабайын! Сосын көрейін бұл қазақтардың сөйлеспегенін!

Матвей аға толқи сөйледі. Лида жеңеше күйеуінің қайғыра бермей, жол тапқанына қуанды. Шай ішіліп болған соң, іске дереу кірісіп кетті. Көп ұзатпай-ақ, ауладан қатты айқай шықты.

– Өй, әкеңнің!.. Жаман қатын! Айтқанды істемеуге айналдың ғой! Мені қартайды деп ойлап жүрмісің?!…

Көрші ауладағы айқай мен сусылдап тиіп жатқан қамшының дыбысы есік алдында әңгімені соғып отырған көрші шалдарды елең еткізді.

– Апыр-ау, көшіп келген мына үйдегілерді бөтен деп  жүрсек, өзіміздің қазақтар екен ғой!

– Бәсе!… Қазақтың да көк көз, сарылары көп емес пе?!

– Ойпырым-ай, қанша күннен бері жөн сұраспай… Өте ұят жасаған екенбіз!

Қапелімде сасып қалған көрші шалдар өзара уағдаласып, жан-жақтағы басқа шалдарға да адам жіберіп, түстен кейін жаңадан көшіп келгеніне бірталай болған құдайы көршілеріне кіріп, сәлемдесуге ұйғарым жасады.

Қазақтың жан дүниесін терең білетін Матвей аға мен Лида жеңеше «қатын сабау» көрінісін сәтті орындап болған соң, уақыт оздырмай,  келіп қалатын қонақтарына дастархан жаю мәзіріне дереу кірісіп кетті. Дастарханды немістерше ұқыпты, қазақтарша дәмді тағамдармен жайнатып қойды. Келер қонақтар да көп күттірмей, түстен кейін сау етіп кіріп келді.

–  Ассалаумағалейкум!

– Уағалейкумассалам!

Келген қонақтар үй иесімен төс қағыстырып, амандасып жатыр. Лида жеңгеміз бәйек болып, меймандарды күтіп алуда.

– Біз ұятты болдық! – деді Байғанин ауданынан  көшіп келген қаба сақалды ақсақал, жұрт дастархан басына  отырғаннан кейін сөз бастап. – Сені басқа жұртқа балап, ата жолын бұза жаздаппыз. Қазақ екеніңді білгенде, әттең, мұндай жөнсіздікке жібермес едік. Әлдеқашан  «оң болсын!» айтып, шаңырақтарыңа кіріп шығар едік.  Қазақта «ештен кеш жақсы» деген бар, айып бізден!

– Оқасы жоқ! Көк көз сары боп жаратылған бізден де айып бар.

– О не дегенің! Түрде тұрған не бар, жаның қазақ болса, болды ғой! – деді Ойылдан көшіп келген мұртты шал ыңғайсызданып.

– Қатынды оңдырмай сабайды екенсің! Біздің ара түсуге дәтіміз бармады. Ашуың қатты екен. Бүгінде қатындар да құтырды. Айтқанды істей салса, несі кетеді екен, тәйірі! – деді Шалқар жақтан көшіп келген шал қулана.

– Айтқанды қылмаған қатынға рахмет айт! Таяқ жемегенде, бұл көршіміздің қазақ екенін білмей кетер ме екенбіз?! – деді ойылдық шал.

Одан әрі қауқылдасқан көршілер қазақы  дәстүрмен  бір-бірінен аты-жөнін, руын сұрастыра бастады.

– Айтпақшы қай жерденсің? Руың не? – деді шалқарлық шал.

– Аралдың Қамбашынан боламын. Атым қазақша – Мәтіби. Жұбайым Лида. Әліммін. Жаманақ… – деді Матвей аға.

– Е-е, өзіміздің  Алшын екен ғой. Әлім – аға баласы. Жаманақ? Ә-ә, ал қай Шектісің?

– Шыңғысұлы Жақайым…

– Әй, сенің құдаң болды ғой!

– Жақайымның қайсысысың?

– Жақайымның Немісімін…

Шалдар бір-біріне таңдана қарасты.

– Жақайымның Немісі дегенді бұрын-соңды естімеппіз…

Матвей аға рахаттанып күліп алды. Лида  жеңгеміз де неміске тән мәдениеттілікпен сәл жымиыс білдірді.

– Рас, мұндайды бұрын-соңды естімеулерің мүмкін. Арал өңірінде мұндай үрдіс бар. Түрлі ұлт өкілдері қазақтың  салт-дәстүрлерін меңгеріп, сіңісіп кеткені сонша, қазақтармен ағайындас, рулас боп қатыса береді. Мен Жақайымның «немісі» болсам, Палуанның «орысы» дегендер бар. Мұндайлар әр руда кездеседі. Той-томалақ, өлім-жітімде бір-бірімізден қалмаймыз. Кейін өлер шағында ағайыннан ажырамас үшін мұсылман дініне кіріп, қазақы салт-дәстүрмен туысқандар арасына жерленіп, о дүниеде  қауышып жатқандары қаншама?!

– Апыр-ай, ә?! – десті шалдар.

– Мұндай үрдіс бүкіл қазақ жерін қамтыса, шіркін! Елімізде ғұмыр кешіп жатқан түрлі  ұлт өкілдерінің бәрі бір кісідей қазақ ұлтының  маңайына шоғырланса, ұлтаралық, дінаралық қақтығыс деген қауіптен аулақ болар едік-ау! – деді бұрын мұғалім болған шал.

Ет желініп болған соң да, ақсақалдардың қызу әңгімелері басылмады.

Балаларына ауылдарынан  жұмыс болмай, қалаға еріксіз көшіп келіпті.  Бәрі де Ақтөбе облысынан екен. Әр жерден келіп қауышқандарына қарамастан, бір ауылдың адамдарындай етене араласып кетіпті. Сөздеріне қарағанда, бәрі де туған ауылдарын сағынады екен. Ақсақалдардың басын біріктірген де, осы ауылдарына деген сарғайған сағыныш екені білініп тұр.

Ал, Матвей ағаның  жөні бұлардікінен бөлектеу болатын.  Он жастан асқанда соғыс басталап, сонау Еділ бойынан күштеп көшірілген немістермен бірге тағдыр тәлкегімен қазақ  даласына келіп қалған. Иен далаға келемін дегенше, бауырларын, туған-туыстарын жолай жоғалтып, Арал маңындағы белгісіз ауылға әке-шешесінен айырылған күйі әрең жетіпті. «Ендігі күйіміз не болар?» деп күңіренген немістер сәл уақыттан соң-ақ, дархан даланың жұпар ауасын еркін жұтып, бойлары жылынып, қуат алғандай әсерде болады. Жергілікті халықтың кең пейілі бұларды өгейсітпей, жан-дүниелерін баурап алады.  Естерін жиып, бойларын түзей бастайды. Матвей аға ата-анасынан айырылған өзіндей мұңлық  Лида жеңгейге үйленіп, үйлі-баранды болады. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіреді. Арманы  қазақпен құда болу еді. Онысы орындалмады. Оқу іздеп кеткен балалары сол жақта өз ұлттарынан бақыт тапқан.

Енді, міне, қартайғанда, Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы қиын жылдарда ұлдары мен қызы отбасыларымен Германиядан бір-ақ шықты. Кенже баласы осы Ақтөбеде еді. Бұларды қасына көшіріп алғаннан кейін, көп ұзамай ол да жарының айтқанынан шыға алмай, неміс жеріне тайып тұрды. Жапанда жалғыз қалып, ауылына қайта көшіп кетуге дәрмені жоқ қос мұңлық сағыныштан әбден сарғайған түрлері еді.

– «Әй, балаларым, қазақтың жеріндей жер жоқ дүниеде. Сендерді барған жерлерің сыйдырмайды бәрібір. Бақыт дегенің – қазақ жеріндегі еркіндігің!» – дегем. Айтқанды істемеді. Кетті. Қазір сағыныштан аһ ұрып, елге қайта алмай жүр. Өркені өскірлер! – деді Матвей аға күйіне.

Мұны естіп, Лида жеңеше орамалмен  көзін сүртіп, теріс айналды. Көрші шалдар да біраз нәрсеге қаныққандай, бастарын шұлғып, үнсіз төмен қарап кетті.

Осындай бір ыңғайсыз сәттегі үнсіздікті Матвей ағаның толқи күрсініп, жан дүниесінен тебірене шыққан сағынышқа толы даусы бұзып жіберді.

– Қайран, қазақтың дархан даласы-ай! Қадіріңді тағдырдың қиындығын көрмегендер қайдан түсінсін! Бұл дүниеден түңілген талай бейбақтарды өмірге қайта ынтық қылдың-ау! Өзіңе тілмен жеткізе алмастай ғашық еттің-ау!

Мұны естігенде:

– Қазақтың жері шынында да киелі ғой! Қадіріне жетсек-дағы! – десті қонақ шалдар да.

Кенет Матвей аға тағы да ойланып кеткендей болды да, артынша мырс етіп күліп, басын шайқады.

– Уа, ағайындар, жаңа ғана айттым емес пе, естеріңде ме, менің туған жерім – Еділ бойы демеп пе ем?! Әнебір жылдары сол жақтағы туысқандарым шақырып қоймаған соң, барғанмын. Олардың орысшасын шала-шарпы ұққанмен де, немісшелеріне тіпті түсінбедім. Салт-дәстүрлері де өзгеше. Олар үшін мен бөтенмін. Мен үшін олар да бөтен. Сонда немістің бір ақсақалы тұрып: «Е-е, Матвейді туған жерінің емес, тұрған жерінің махаббаты баурап алыпты. Қазақ жеріне деген махаббатынан айырып, күнә жасамайық! Біздің бауырымызды қазақ жерінің шексіз ықыласы тартып әкетіпті» деген. Рас екен. Еділ бойынан  ауылға  тезірек қайтуға асықтым. Бірдеңе тартады да тұратындай. Әйтеуір, бір тылсым күш бар секілді! – деді.

Қонақтар да тебіреніп кетті.

– Е-е, бұл қазақтың жері кімге пана болмады, кімді ықыласына бөлемеді десеңші?!

Матвей аға тағы да:

– Балаларым да ауылын, қазақ жерін қатты сағынатын көрінеді. «Бекер көштік!» дейді… – деді күрсіне өкінішті түрде.

– Сағынса, кейін қайтуларына болады ғой!

– Әрине… Әрине, болады! Туған жер қашан да ыстық қой! Ол жақтағы немістер де бұларды жатсынады екен… Қайта көшіп келуге дәрмендері жетпейді-ау!

– Неге көшті екен?

– Жастықпен білмей қалған да!

– Тау алыстаған сайын биіктейді емес пе?! Туған жердің қадірі де алыстаған сайын білінеді ғой!

Сағынышқа толы сезімдер ақсақалдарды түннің бір уағына дейін ұстады. Шер тарқатып, марқайып қалған көршілер қазақы салт бойынша жаңа көршілерін кезекпен қонаққа шақырудың күнтізбесін жасап, үйлеріне тарқасты.

Жаңа көршілерімен етене араласып кеткен Матвей аға мен Лида жеңеше сағыныштың сары уайымынан құтылғанымен, өздерінің Қамбашын, көлін саналарынан өшіре алмады. Дегенмен, жаңа көршілерімен аралас-құралас боп, өзгелердей бақытты ғұмыр кешті.

Туған жерінен гөрі, өздерін табыстырып, биік махаббатқа, ыстық ықыласқа бөлеген қазақ жерінің құдіретін терең сезіне білген қос мұңлық, біраз жылдан кейін бірінен соң бірі қасиетті қазақ жерінің  қойнына сағынып кіргендей мәңгілікке жай тапты.

Нұрбай ЖҮСІП.

Қамбаш ауылы,

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<