Ұлытау ұлағаты

917

0

Ұлт мәйегін ұйытып Ұлытаудан,

Керуен-тарих көшімен ғасыр ауған.

Сарыарқаның кіндігі ата жұртым,

Тін өріліп, Тәңірдің нұры жауған.

Ақ киізге көтеріп хан-сұлтанын,

Ел бірлігі басталды  ұлықтаудан.

Ұрпақтардың  еншісі – Ұлы дала,

Аманаты – тастағы «таңба-таған».

Сақ, ғұн, түрік, қыпшақтың батырлары,

Көрік басып, дұшпанға қару жонған.

Іргелі ел, шаңырақты ұлылардың,

Ұлы жұрты, киесі, қыдыр қонған.

Топансу тоғытқанда  жердің жүзін,

Шың-шоқысын басының жаба алмаған.

Кенереңді көктеген өзен, сулар,

Табиғаттың тартуы дүррі-маржан.

Дешті қыпшақ қазығы Ұлытауда,

Ұлт ұраны  жалғасқан  Алашадан1.

Тұранды тұтастырды ол, айбатымен,

Өрелі билік етіп Хан ордадан.

Тоқтамыс, ер Едіге  ел билеген,

Мұрагерлер із басқан  ұлы  ханнан.

Азияның барысы – Ақсақ Темір,

Ат қаңтарып, жоныңда ізі қалған.

Асанқайғы желдіріп ақ бурасын,

Жерұйықты іздеген Ертағынан2.

Кетбұға азалаған хан баласын,

«Ақсақ құлан» күй тартып Кертағынан3.

«Ұлық ұлыс»4 – ұлы жол, ұлт арқауы,

Ұлытауды жастанған  Жошы ханнан.

Жәнібек, Керей дәуірлеп, ту көтерді,

Қазақ деген халықтың хандығынан.

«Жеті жарғы» мирасы Әз Тәукенің,

Әділетті «қасқа жол» – Қасым ханнан.

Жоңғардан елін, жерін азат еткен,

Абылай орда орнатты –    Бабатаудан.

Арғанаты, Айыртау, Әулиетау,

Шежіре, сыр шертеді заманадан.

Ұлытауым, ұлысың – ұлт ұясы,

Ұлтың да ұлы, нәр алған тек-қайнардан.

Әлемді мойындатқан сан қырларың –

Тарихыңның кәусары түпте тұнған.

Арманы орындалып бабалардың,

Тәуелсіз ел атандық, бағы жанған.

Ұлт ұпайын түгелдер ұлдарың бар,

Ту құлатпай, болатын елге қорған.

«Ай тұяқ» мөрлі алып ел – «Алтын орда»,

Шаңырағын көтерген  Ұлытаудан!

1. Алаша – Алаша хан (ұлт ұраны).

2. Ертағы – Ұлытау.

3. Кертағы–Кішітау .

(Жошы ұрпағы  Әбілғазы Баһадүр ханның «Түркі шежіресінен»).

4. «Ұлық ұлыс» – Алтын орда мемлекетінің негізі.

Даража Балапан,

заңгер,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,

Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<