Мәслихат депутаттарының жауапкершілігі облыстың дамуына қажетті қаржылық шешімдерді қабылдауда артатыны анық. Сондай сәтте білім мен білігі, адами және кәсіби қабілеті аймақтағы маңызды жобаларды қаржыландыруға қатысты шешім шығаруда таразыға түседі. Жалпы олардың жұмысы жұртшылықтың алдында айнадай көрініп тұрады. Мінберде өз ойын ашық айтып, ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген жергілікті депутаттар баршылық. Осы ретте «Ақ жол» ҚДП атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Нұрымжан Сопбековпен газет тілшісі әңгімелескен еді.
– Нұрымжан Жарқынбекұлы, мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару саласында маңызды рөлге ие. Азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғайтын сенімді саяси институт. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Облыстық мәслихат депутаттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жобаларды іске асыруда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүйелі жұмыс жүргізуде. Олар өздерінің өкілеттігі шеңберінде өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп қана қоймай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айқындалған басым бағыттар мен міндеттердің, елімізде қабылданған түрлі бағдарламалардың сапалы және уақытылы орындалуын қадағалап, өңіріміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялар мен сессия отырыстарында өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған шешімдер қабылданып, нақты нәтижеге бағытталған ұсыныстар талқыланып келеді.
– Өзіңіз сайланған округ бойынша қандай өзекті мәселелер бар? Оның шешімін табуға қаншалықты үлес қосып келесіз?
– Мен 2023 жылдың 19 наурызында «Ақ жол» демократиялық партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына партиялық тізіммен сайлауға түсіп, нәтижелі дауыс алу барысында партиялық тізім бойынша облыстық мәслихат депутаты болып сайландым. Қазіргі таңда облыстық мәслихаттағы «Ақ жол» партиясы фракциясының және Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде жұмыс істеп келемін. Депутаттық қызметімнің нәтижесі ретінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Ақ жол» партиясының «2024 жылдың Үздік депутаты» төсбелгісімен марапатталдым. Бұл – бір жағынан сенім, екінші жағынан – үлкен жауапкершілік. «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат ретінде алдымен партияның негізгі ұстанымдары мен бағдарламалық бағыттарын басшылыққа ала отырып, өз жұмысымды жүргіземін. Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп, сайлаушылардың мүддесін қорғауға бағытталған маңызды мәселелерді тұрақты түрде көтеріп келеміз. Облыстық мәслихат депутаты ретінде облыс аудандары мен қала маңындағы ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдауға баса мән беремін. Халық тарапынан көтерілген әрбір ұсыныс-тілектің ескерусіз қалмауына, заң шеңберінде шешімін табуына ықпал ету мақсатында тиісті мекемелер мен құзырлы органдарға депутаттық сауалдар жолдап отырамын. Мәселен, биылғы жылдың өзінде білім сапасына қатысты сұрақтарға байланысты, мемлекеттен түрлі бағыттарға берілген гранттардың тиімділігі және мемлекеттен грант алған тұлғалардың салық міндеттемесін орындауына талдау жасап, мемлекеттік құзырлы органдардың алдына мәселе қойылды. Сондай-ақ жекеменшік балабақшалардың қаржыландыру мәселесі мен ауылдық жердегі денсаулық сақтау мәселесі және ауыл тұрғындарының қауіпсіздік мәселесі көтерілді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдік жасау мақсатында «айыппұл» шарасын «ескерту» шарасымен ауыстыру жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсыныс берілді.
– Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті депутаттардың жұмысын сынға алған болатын. Мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдында есебі көбіне формалды түрде өтетінін айтты. Олардың біліктілігін арттыруды тапсырып, мәслихаттар мен әкімдіктерді үйлесімді жұмыс істеуге шақырған еді. Сіз тұрғындармен қаншалықты жиі кездесесіз?
– Тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, халық көтерген әрбір мәселеге жіті назар аударып, оның оң шешім табуына күшімді салып келемін. Қоғамдық қабылдауыма әртүрлі саладағы өтініш-тілектермен жүгінетін азаматтар көп. Атап айтқанда, әлеуметтік қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық жүйесі, қолжетімді несие, экология және еңбек қатынастары сынды маңызды мәселелер жиі көтеріледі. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің барлығы заң аясында қаралып, тиісті салалық мекемелермен бірлесіп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Жыл басынан бері 44 қоғамдық қабылдау мен 14 кездесу ұйымдастырылды. Барлық кездесу барысында тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдап, өз құзыретім аясында әлеуметтік қолдау көрсетуге тырысып жүрмін. Сонымен қатар, өңірде бұқаралық спортты дамытуға өз үлесімді қосу мақсатында түрлі спорттық іс-шараларға демеушілік көрсетіп келемін.
Облыстық мәслихат тарапынан ұйымдастырылатын оқыту семинарларына қатысып, депутат ретінде біліктілігімді арттырудамын. Сонымен қатар «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен республика көлемінде өтетін мәслихат депутаттарының форумдары мен семинар-кеңестеріне тұрақты қатысамын.
– Жұмыс жоспарыңыз туралы айтсаңыз…
– Алдағы уақытта атқарылар жұмыстар ауқымды. Ең басты міндет – халықтың сенімін ақтап, «халық қалаулысы» деген мәртебеге лайық болу. Осы мақсатта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу міндетім.
Қоғамдық қабылдаулар мен кездесулер арқылы халықтың талап-тілегін ескеріп, заң шеңберінде шешім табуына атсалысамын. Сонымен бірге, депутаттық қызметіммен қатар қоғамдық бастамаларды қолдау, демеушілік жобаларға қатысу, жастар мен спортты дамытуға үлес қосу да басты назарымда болады.
Өңірдің дамуына бағытталған әрбір бастамаға қолдау көрсету менің азаматтық әрі депутаттық парызым деп білемін.
Әңгімелескен
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»