«Аягөз, қайда барасың?»

4053

0

Жақында қазақ эстрадасын әсем әндерімен әрлеп, тыңдарманын талантымен тамсандырып жүрген ақын, композитор әрі әнші Нұртуған Жаңабаймен сұхбаттасудың сәті түсті. Алдағы 9 қараша күні Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында оның «Батаңды бер, ағайын» атты алғашқы шығармашылық кеші өтеді.

Нұртуғанның шығармалары жаттандылық пен жасандылықтан ада. Сондықтан болар, әр туындысы мөп-мөлдір, шынайы.

– Жаным маған дарасың,

Құрып сезім қаласын.

Теңеп едім өзіңе,

Көздерімнің қарасын.

Болмаса екен қадірлім,

Сезіміме таласың.

Емдейтін сен деп жүрсем,

Жүрегімнің жарасын.

Аягөз, қайда барасың? – деп әнін де, сөзін де өзі жазып, күллі қазақ даласына үнін жеткізген, елді есті әнге билеткен өнер иесі ақтарыла сыр шертті.

– Қолыңызда қара домбыраңыз бар. Бір жағынан жыршылығыңыз діңгегіңіз секілді. Сөз басын өлеңмен бастаған соң өзіңізді бір-екі шумақпен таныстырып жібере аласыз ба?

– Шабытым, шалқарымдай Арал-айдын,

Діңгегіндей нар ұлымын қарағайдың.

Келемін өнердегі өрнек ізбен,

Мен едім Нұртуғаны Жаңабайдың.

Желікпей жүрген жанмын ойға бөтен,

Қазағымның қасиетін ойлап өтем.

Бойымнан бір ұшқынды байқағасын,

Бекұзақ есімімді қойған екен.

Айтамын жүрегіммен күт деп ғалам,

Десінші басымызға құт кеп қонам.

Шынберген Сүлейменов бата берді,

«Шын өнердің шыңына шық» деп маған, – деп өмір жолымды өлеңмен өріп қойғаным бар еді.

– Пах, шіркін! Мына өлеңіңізден-ақ сіздің бүтін болмысыңызды біліп алғандай болдық қой. Шынымен «Балыққа таяз судан терең оңай, Ақынға қара сөзден өлең оңай» деген сөз рас.

Сізді ел-жұрт сазгер ретінде таниды. Осы тұста ән жазып жүргендер жөніндегі көзқарасыңызды білсек…

– «До» мен «ре»-нің арасына таксимен барып келетін адамдар көбейіп кетті» деп 1979 жылы қазақтың өте талантты композиторы Әбілахат Еспаевтың жазғаны бар еді. Сол сөздің нағыз көкесін енді көріп жүрміз: қалтасын толтырып студияға барады, екі нотаның басын қоса алмай, ыңылдаған бірдеңесін жаздырады. Ақшасын төлеп, әншіге айтқызады. Бір-екі рет эфирден көрініп, «мен композитормын» дейтіндер көп. Мен бағаны тек халық берсе екен деймін. Нағыз өнердің төрешісі – қазыналы қазақ елі.

Композитор латынның «compositor» – құрастырушы деген сөзінен шыққан. Әнді бастан-аяқ оранжировкасына дейін өзім дайындайтын кездер болады. Оған өз баламдай қараймын.

– Жарыңыздың есімі Аягөз бе?

– Жоқ! Басқа… (Күліп)

– Түсінікті! Шығармашылық тоқырауды қалай жеңесіз? Жалпы, шабытты қайдан аласыз?

– Шығармашылық адамы үнемі іштей ізденіс пен дайындық үстінде жүреді. Менде де солай. Ойыңа алып, қаншама уақыттан бері қорытып жүрген дүниең бір күні жарыққа шығады. Кейде ән шығармақ түгіл, ән айтуды да, домбыра шертуді де қоя тұратын мезеттер болады.

Шығармашылыққа қайта оралуыма осы «Аягөз, қайда барасың?» атты ән себепші болды. Сөйтіп қайта қалпыма келе бастадым. Ең алғаш жазған әнімнің аты «Қисық қабырғам» деп аталады. Осы «Қисық қабырғам» атты өлеңім өнердің түзу жолына салып жіберді десек болады.

– Сазгердің бітім-болмысы қандай болуы керек?

– Сазгердің атақ-даңқ қумағаны жөн. Ән – оның ішкі толғанысының әуен түрінде құйылған иірімі ғана. «Сұмдық ән жаздым» деп тыңдағысы келмейтін тыңдарманға әндерін тықпыштап жүрудің қажеті шамалы. Әннің қандай болмағы алғашқы ноталарынан-ақ белгілі емес пе?

Қысқасы, әннің тыңдарманды мезі етпей, рахатқа бөлегенін қалаймын. Ол жоспарсыз, жүрек әмiрiмен тууы тиiс. Ал жүректiң ән туғызуы өте сирек. Содан да болар, менде әндер жүрек тілінде жазылады. Осы «менiң пәлен жүз әнiм бар» дейтiндерге де таңғаламын. Ел айтпаған ән – ән емес. Кейде менен «қанша әнiңiз бар?» деп сұрайды. Мен ел iшiнде айтылып жүргендерін ғана есепке алып, жауап қатуға тырысамын.

– Бүгінгі эстрада мен ондағы айтылып жүрген әндерге көңіліңіз тола ма?

– Әуенде кінә жоқ. Ол – әр сазгердің төл туындысы. Эстрада да кінәлі емес. Ол – әуенді жеткізудің қазіргі заманғы жаңа формасы. Мәселе сол эстрадалық әндердің ұлттық нақышында. Байқайсыз ба, шетелден ән ұрлап, оған қазақша сөз жазып, арзан ұпай жинау тенденциясы қалыптасып барады. Мұндай «жиендікті» ағаларымыз бастап еді, қазір өздерін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарымыз деп жүрген барлық әншілер бірінен соң бірі жалғап жатыр.

Осыдан соң қазақ әуенінде не қадір-қасиет қалады дейсің? Кейінгі жастар шығыс ырғақтары мен латын американдық әуендерге «сусындап» өсіп жатыр. Ертеңгі әуеніміздің қалай боларын бір Құдайдың өзі білсін. Енді елу жылдан кейін Біржан мен Ақандардың әнін естіген немере-шөберелеріміз галактикадан құлағымызға біз естімеген бір әуендер келіп жатыр деп таңғалатыны сөзсіз.

Осы «жұлдыз» деген атауды, мадақ па, мақтан ба, әйтеуір, әншілердің иеленіп алғанына қайранмын. Шетелде әнімен әлемге танылған, дүйім ел ауызынан суы құрып тыңдайтын Уитни Хьюстон, Джо Дассен, Патрисия Каас, Кэти Перри, Таркан, Мұстафа Сандал, Энрике, Ализе сияқты небір айтулы әншілер бар. Өзіміздің Бибігүлді, Ескендірді, Нұрғалиды алыңыз. Бұған Димашты қосыңыз. Бірақ олар, неге екенін білмеймін, өздерін жұлдыз санамайды. «Жұлдыз аспанда болмай ма?» деп күледі. Ал біздегі әншілер сахнаға «жұлдыз» деп шақырмасаң, біртүрлі бұртиып қалатын болып жүр. Өнер ардың ісі екенін ұмытпағанымыз жөн.

– Барлық туындыңыз – төл балаңыз. Дегенмен өзің жазған бірнеше әндерді атап өтсеңіз…

– Халық арасында кең тараған «Аягөз, қайда барасың?», «Көктемде үйленем», «Шайыр Шынберген», «Өмір бумеранг», «Науат», «Келесі кездесу», «Сенің жаныңда», «Махаббатым», «Отбасы», «Екінші сұлу», «Махаббат заңы», «Өмір», «Жауап», «Әке-Ана», «Пайда» атты әндерді халық шырқап жүр.

– Өнеріңіз өрлей берсін! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<