Аймақтың агроөндірісіне жаңа көзқарас қажет

1795

0

Кейінгі уақытта Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесі жиі қозғалып келеді. Бұл дариядағы су жағдайына байланысты айтылуда. Үш жылдан бері қызылордалық егіншілер аталған қажеттіліктің тапшылығын көріп отыр. Алдағы уақытта диқандар қандай дақыл түріне маңыз бергені жөн? Қандай мәселеге назар аударуымыз қажет? Көкейде жүрген көп сауалға Қазақстан фермерлер одағы облыстық ұйымының төрағасы Омархан Пашкеновпен әңгімеде жауап іздеген едік.

Тығырықтан шығатын жол қайсы?

– Сіз ұзақ жылдар бойы аймақтың аграрлық саласында қызмет етіп келе жатқан мамансыз. Еңбек жолын ауылда агроном ретінде бастап, біраз уақыт бойы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болдыңыз. Маман есебінде күріш көлемін қысқартуға байланысты не айтасыз?

– Ескіден жеткен «Сырдың суы сирағымнан келмейді» деген мақал бар. Ол қай кезде неліктен айтылған? Тарихтан білетініміз, дариядағы дәл қазіргідей жағдай бұрын-соңды болған емес. Ата-бабамыз қай уақытта да судың қадірін білген. Бұл неге айтылды? Қай кезеңде де Сырдария суы мол өзен болғаны белгілі. Қазір жазда дария тартылып, адамдар оны арық секілді кешіп өте беретін жағдайға жетті. Бұған байланысты әркімнің пікірі әрқалай. Баспасөз беттерінде былтырғыға қарағанда биыл судың деңгейі аз болатыны жөнінде әңгіме жиі қозғалуда.

Тығырықтан шығатын жол қайсы? Кейбір азаматтар ол үшін күріш көлемін азайту қажеттігін айтады. Олардың орнын суды аз қажет ететін дақылдармен ауыстыру жөнінде пікірлер айтылады.  Күріш алқабын қазіргіден 20 мың гектарға қысқартуға байланысты ұсыныстар бар. Мәселенің арғы жағын ойлап көрдік пе? Өңірде қанша адам сол кәсіптен пайда табуда. Өзге қандай тіршілік көзі бар? Кейбір адамдар оған терең үңіле бермейді.

– Маман ретінде оған қандай пікір айтасыз?

– Мен осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. Тәжірибелі маман ретінде көптеген ойлар мазалайды. Сырдария суы алдағы уақытта молая ма? Климаттық жағдайға қарай отырып оған жауап табу қиынға соға қоймас. Яғни, су мәселесі келешекте де өзектілігін жоймайды. Кейбір мамандар оны циклдық жағдай ретінде бағалайды. Белгілі бір уақытта су қалпына келеді деген болжам айтады. Мен оған онша сене бермеймін. Кезінде Аралды толтыратын екі ұлы өзен болды. Оның бірі – Әмудария қазір теңізге құймайды, тартылып қалды.

Айтайын дегенім, Өзбекстанға қарайтын Қарақалпақстан деген жер бар. Ол біздің облыстың іргесінде жатыр, 300-400 шақырым қашықтықта орналасқан. Жер жағдайы бізге өте ұқсас. Онда жоспарланған егіс алқабы бар. Тоқсаныншы жылдардан бері судың жағдайына байланысты ол аймақта күріш егілмейді. Кезінде Сыр өңірінің диқандары олармен тәжірибе алмасып жататын. Қазір ондағы ағайын өзге тіршілік көзіне бет бұрды. Ендігі кезекте қарапалпақ диқандары бұрынғы күріш алқаптарында қай дақылдар егіп жатқанын білуіміз қажет. Рас, бұрынғыдай емес қазір барыс-келіс азайды. Облысқа келген қарақалпақ ғалымдарының бірімен бұған байланысты ой бөліскен едім. Ол күріштен босаған алқапта көкөніс-бақша дақылдарын егуге мән беріп жатқанын айтты. Аталған жауапқа толық қанағаттана қойған жоқпын. Осы орайда ұсынысым бар. Қарақалпақстанға арнайы делегация барып қайтқаны дұрыс деп санаймын. Оған әр ауданнан 2-3 шаруашылық басшысы енгізілуі тиіс. Делегация мүшелері қарақалпақ диқандарының тіршілігіне зер салып қайтқаны артық емес. Нәтижесінде судың аз жағдайында қандай әрекет жасалғанын бағамдап қайтамыз. Бұл біз үшін оң тәжірибе болады.

Жайылым мәселесі ұмыт қалмауы тиіс

– Көршілес Түркістан облысында да кезінде күріш егілді емес пе? Кейінгі жылдарда ол басқа дақылмен ауыстырылды. Бұл орайда олардың тәжірибесіне де назар аударып көрген жөн шығар.

– Оның рас, аталған облыстың Шардара ауданында кезінде 80 мың гектарға жуық инженерлік жүйеге келтірілген жер бар еді. Уақытында бұл жердің басым бөлігінде күріш егілгенін білеміз. Қазір ол аудандағы диқандар бидай, мақтаға бет бұрды. Бұл мәселені де зерттеуіміз қажет секілді.

Сондай-ақ, біз табиғаттың әрбір құбылысын көзден таса етпегеніміз жөн болар еді. Мәселен, былтыр бізде жаңбыр өте аз жауды. Салдарынан Арал ауданында қуаңшылық жағдайы болды. Биылғы қыс жылы болуымен ерекшеленді. Сол уақытта дария арқылы келіп жатқан суын тиімді пайдаланып қалғанымыз абзал. Дария суын жайылымдық, шабындықтарға бұрып, суландырып алуды ескергеніміз артық етпейді. Нәтижесінде ол аумақтарда өсімдік түрлері молаяды.

Осыған байланысты шаруашылық басшыларымен сөйлесіп көрген едім. Алайда, олардың тарапынан түрлі сылтау айтылды. Уәжі «Каналдарды тазалап жатырмыз. Гидротехникалық құрылыстарды жөндеп жатырмыз» дегенге саяды. Ал сала мамандары суды Қараөзек көлдер жүйесіне бағыттап жатқанын айтты. Рас, кейінгі күндерде өңірде жаңбыр жиі жаууда. Алайда ол тұрақты емес қой. Алдағы күндерде қалай болады? Ол жағын білмейміз. Сондықтан келген суды пайдалана отырып шабындық және жайылымдық жерлерді ұмыт қалдырмауымыз тиіс.

Көршілес Түркістан облысында мынадай тәсіл бар. Онда қыс жылы болғандықтан қыста мақталықтың тұзын шаяды. Әрине, бізде де кейбір уақытта табиғат құбылысы солай болады. Осындай уақытта суды тиімді пайдалану жағдайын ескерсек деген ұсынысым бар. Өкініштісі, мұндай жағдай бізде жасала бермейді. Соның салдарынан шабындық пен жайылым мәселесі ұмыт қалып қояды. Агротехникада арандатып суару деген әдіс бар.  Қазір бұл жұмыс  атқарыла бермейді. Бұл суды үнемді пайдалануға әсерін тигізеді.

Жоңышқадан мол пайда табамыз

– Күріштен өзге қандай дақылдардан пайда табуға болады?

– Бүгінде дария табанында су деңгейі төмен. Соған қарамастан өңірде бүгінде 80-90 мың гектар басты дақыл егілуде. Қазіргі су деңгейі оған мүмкіндік бермейді. Суға байланысты күріш көлемі азайтылды. Былтыр ол 80 мың гектарды шамалады. Егістің кейбір бөлігіне су жетпей қалғанын жасыра алмаймыз. Рас, өңірдегі диқандар негізінен күріш егуге бейімделген, ол өңірден экспортқа шығатын тауардың негізгісі саналады, оған сұраныс зор.

Дегенмен бұл тұрғыда кең ауқымда ойланғанымыз дұрыс. Аймақта күріш дақылынан өзгесінен мол табыс түсе ме? Мені осы сауал мазалайды. Негізінде өзге де өнімдерден кіріс кіргізуге мүмкіндік бар. Мәселен, жоңышқаны алайық. Былтыр еліміздің кейбір өңірлеріндегі қуаңшылыққа байланысты оның бағасы аспандап кетті.

– Бұл тұрғыда ойыңыз қандай?

– Енді аудандар бойынша егіс көлеміне назар аударып көрелікші. Облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданында күріш жалпы егістің төрттен бір бөлігін ғана құрайды. Қалғанында өзге дақылдар егіледі. Жоңышқа көлемі де аз емес. Жергілікті диқандар одан күріштен аз пайда тапқан жоқ. Оны көршілес Түркістан және еліміздің өзге облыстарында саудалады.

Айтарым, ендігі кезекте агроөндіріске жаңа көзқарас қажет. Бұл толықтай күріштен бас тарту дегенді білдірмейді. Оның көлемін белгілі бір дәрежеде сақтай отырып, өзге де дақылдарға бетбұрыс жасайық. Осы орайда алдымен ойымызға жоңышқа оралады. Сондай-ақ, мал азығы дақылдарына өз деңгейінде мән беріп жүрміз бе?

Жүгері неге ұмыт қалды?

– Бұл орайда жүгері дақылы жиі айтылады. Кезінде олардың көлемі қазіргіден артық еді. Неге азайып кетті?

– Бұл ұзақ жылдан бері өзектілігін жойған емес. Қуанарлығы, өңірде жылма-жыл төрт түліктің басы арта түсуде. Енді жем-шөпке сұраныс артуы мүмкін. Рас, шөп мәселесін жоңышқа және табиғи өсімдіктер арқылы шешуге болады. Ал жемді қайдан табамыз? Осыған байланысты жылда қатты қиналамыз. Тоқсаныншы жылдарға дейін құрама жем бізге негізінен сырттан келді. Өңірде жем мәселесін шешу үшін жүгері дақылы көлемін өсіруіміз керек. Өкінішке орай, қазір олай емес. Кезінде дәндік жүгері 30 мың гектарға егілді. Ол әрбір ауданда 5 мың гектарды құрады.

Тоқсаныншы жылдарға дейін мен Шиелі ауданына қарасты Ы.Жақаев ауылында бас агроном қызметін атқардым. Сол уақытта шаруашылықта 150 гектар дәндік жүгері егілді. Оған қоса 300 гектар жүгері сүрлемі болды. Жүгері сүрлемі сиырдың сүтін молайтып, құнарын арттырады. Қазір оны егуде нақтылық жоқ. Осыдан келіп сыртқа тәуелділіктен еңсе тіктей алмай отырмыз.

– Сонда аймақтағы іргелі құрылымдар егінмен қатар мал шаруашылығын алып жүруі қажет деп санайсыз ба?

– Өңірдегі іргелі агроқұрылымдар тіршілігіне көз салып көрелік. Қазалы ауданындағы «РЗА» АҚ егін және мал шаруашылығымен де айналысады. Одан өзгесі тек күріш өндірісіне көңіл бөледі. Зер салып көрсеңіз, олар негізінен алты ай ғана жұмыс жасайды. Қалған уақытында елдегі ағайынның қолы бос. Айта кетерлігі, олардың еншісінде ауыспалы егін алқабы бар. Сондықтан шаруашылықтар жоңышқа, жүгері көлемін арттырып, төрт түліктің бабын жасауға бет бұрса деген ұсынысым бар. Сол кезде елдегілер жыл бойына кәсіп таба алады. Бұл ауылдағы ағайынның жағдайының жақсаруына оң әсер етеді деп ойлаймын. Жалпы, аграрлық саланың екі бағытын қатар дамытқан жөн. Тіпті, әзірге мал шаруашылығына көбірек көңіл бөлсек деймін. Ашығын айтқанда, төрт түліктің жем-шөбін дайындау ісінде көптеген кемшілік көрініс беріп отыр. Бұл әзірге өз жүйесіне түсе қойған жоқ. Өйткені, мал баққандар егінмен айналыспайды. Оны қымбат бағасына сырттан сатып алады. Салдарынан малдың жем-шөбінің өзі шығынға батырып отыр. 

Ауыспалы егіс тәртібі сақталып жүр ме?

– Егін жайына оралайықшы. Біз осы ауыспалы егіс тәртібін қалай сақтап жүрміз?

– Күріш – мелиоративтік дақыл. Ғылыми тілде егіс айналымы деген түсінік бар. Бізде оған негізінен күріш және жоңышқа пайдаланылады. Күріш танапқа үш жыл егіледі. Содан кейін ол үш жылға жоңышқаға алмасады. Күріш егілгеннен кейін жердің қорегі азаяды. Әдетте, жоңышқаны органикалық тыңайтқыш ретінде санайды, ол жердің құнарын арттырады. Бұл – суармалы егіспен айналысатын Сыр өңіріне тән құбылыс. Еліміздің солтүстік өңірлерінде жағдай басқаша. Диқандар өзге дақылдарға оңай ауысып кете алады. Өйткені, онда жердің құнары жоғары. Бізде ауыспалы егіс тәртібі сақталмаса, егіннен өз деңгейінде өнім жинай алмайсың. Ол жердің тұздануына итермелейді.

Ауыспалы егіс тәртібін сақтау үшін тепе-теңдік болуы қажет. Негізінде облыста сегіз танаптық егіс жүйесі пайдаланылады. Жаңа айтып өткенімдей, Жаңақорған ауданында ауыспалы егісте күріштің үлесі төрттен бір бөлігін құрайды. Яғни, ол екі танабында ғана егіледі дегенді білдіреді. Қалғанына жоңышқа мен өзге дақылдарды орналастырады. Айту керек, аймақта жердің тұзданып кетпеуі үшін күріш ауыспалы егісте негізгі дақыл ретінде қала береді. Дегенмен дариядағы судың жағдайына байланысты жаңа көзқарас болғаны дұрыс. Облыс жағдайында жоңышқаны төрт мәрте орып алуға болады. Бұл жағдайда бір гектардан жеті тонна өнім жинауға мүмкіндік бар. Ал күріштен бес тонна өнім келеді. Бағасын есептеу ешкімге қиынға соға қоймас.

Кейінгі кездері облыстың оңтүстік бөлігінде күріш көлемін азайтып, басқа дақылдарға маңыз беру жөнінде ұсыныстар айтылуда. Өйткені, аталған аймақтарда суды өз деңгейінде қамтамасыз етіп отыратын гидротехникалық құрылыстар жоқ. Осыған байланысты онда негізінен мал шаруашылығына бейімдеу жөнінде ұсыныстарды естіп қаламыз. Мен оған толықтай қарсымын. Күріш пен жоңышқаның тепе-теңдігі барлық ауданда бірдей сақталуы қажет. Әйтпесе, жердің құнары төмендеп, қаншама еңбекпен жасалған алқаптар тұзданып кетеді. Оны ұзақ уақыт бойы қалпына келтіру мүмкін емес.

Алма бағы неліктен жойылды?

– Аймақ тұрғындары көкөніс-бақша өнімдеріне сыртқа тәуелді болып отыр. Өзімізде оған лайықты алқап бар. Бұл өнімдерді неге жергілікті жерде өндірмейміз? Оған не кедергі?

– Айтарым, көкөніс-бақшаға өз деңгейінде көңіл бөлінсе деген ойым бар. Облыста олардың барлығын өсіруге мүмкіндік бар. Тек күтіп-баптай білсек өнім жиналады. Қазір жергілікті қауын сорттары алыс-жақын шетелдер және еліміздің өзге өңірлерінде жоғары бағаланады. Еске түсіріп көрсек, кезінде Жаңақорған мен Қазалы аудандары аумағында қауын қабылдайтын базалар жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдардың басында ол орындар жойылып кетті. Неге? Ертеңімізді ойламаған секілдіміз. Әйтпесе, оларды талан-таражға салуға не түрткі болды?

Кезінде Шиелідегі Алмалы ауылында 500 гектар алма бағы бар еді. Өнімдері Кеңес одағының барлық аймағына жіберілетін. Алмасының дәмі ерекше болатын. Өкініштісі, ол алма бағы оталып кетті. Сол ауылдағы 150 гектар жүзімдіктен мол өнім жиналатын. Оның орнын беріде таппай қалдық. Құрып кетті. Елді мекендегі өнім өңдейтін цех та жұмысын тоқтатты. Қазір сол істі қайта қалпына келтіруге болады. Әр ауылда кемінде 2 гектардан алма бағы егілсе деймін. Одан жиналған өнім жергілікті халықтың сұранысын өтейді. Рас, кейінгі уақытта тың жобаларды қолға алып жатқандар бар. Мәселен, Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш аудандарында іске асуда. Дегенмен жиналған өнім облыс халқын қамтамасыз етуге жетпейді. Өзімізден артылған өнімді өзге жаққа сатуға әбден болады. Қазір жергілікті базарға барсаң, алма, жүзім, өрік түгелдей сырттан тасымалданып жатыр. Тіпті, капуста, картоп, сәбіз және көкөністің барлық түрінде осындай жағдай кездеседі.

Бізде оларды егуге болатын жер бар, суды да қамтамасыз етуге болады. Әзірге жетпей жүргені оған ықылас жоқ. Тезірек пайда табу жағын қалаймыз. Мәселен, алма ексең 2-3 жыл күтуіңе тура келеді. Бүгінде алманың да жылдам өнім беретін сорты бар. Жалпы, бізде табыс табуға болатын тірліктің көзі көп.

Мемлекет тек үлкен шаруашылықтарды қолдап келді деген әңгіме бар. Осының салдарынан қосалқы шаруашылықтардың дамуы кенжелеп қалды. Сондықтан бұған байланысты қолдаудың тиімді тетігін табуымыз қажет деп ойлаймын. Кезінде көп жылдық жеміс ағаштарына қатысты жобалар жасалды. Оған субсидия төленіп, кейіннен тоқтап қалды. Себебі, субсидия тоқтағаннан кейін олардың көп бөлігі оталып кетті. 

Сондай-ақ, облыстың әрбір ауылындағы үй іргесіндегі жерлер бос жатыр. Әрине, аяқ су мәселесі шешілсе, онда көкөніс-бақша дақылдарын егуге әбден болады. Көршілес өзбек халқынан үйренеріміз аз емес. Субсидия және өзге де көмектер жасалса, оған жергілікті халықтың қызығушылығы артар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<