«Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін – математика»

1777

0

Біз «Шанхайда» қатар өстік. Бұл бүгінгі өркениетке бет бұрған Қызылорданың шеткі аймағы. Тарихы соғыстан кейінгі жылдардан бастау алады. Көрген, алған тәлім-тәрбиемізде ұқсастық бар. Үш жүздің өкілі қоныстанған осы аймақта ақылына ісі сай дария көңілді керемет адамдар өмір сүрді. Ашаршылықтың, соғыстың небір нәубетін басынан өткергендіктен шығар, өмірдің әрбір қалтарыстарында кездесетін ауыртпалықтарға шүкіршілік етіп, төңірегіндегілерді ұдайы сабырға шақырып отыратын еді, жарықтықтар. Жастарды сол кісілер жүріс-тұрысымен, ақыл-парасатымен тәрбиеледі.

Менің кейіпкерім – қоғамдық саяси формация сипатымен алғанда екі дүниенің адамы. Кеңестік тәрбиемен өсіп жетілді, оқыды. Жоғары білім алды. Отыз жылға жуық Қызылорда қаласының жеті бірдей орта мектебін басқарды, яғни директор болды. Қатар өскен кейіпкерімді жоғары парасаттылығы, білімі мен біліктілігі үшін құрметтеймін. Ұзақ уақыттан бері қанша қолқа салсам да ыңғайы, сәті кеше түсті. Алтынсары Әлекеұлы Шүренов – Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Енді шегінуге жол қалмағанын ескерттім…

ЖА: – Сауалымды бүгінгі күннің өзекті мәселесінен бас­тағым келеді. Әлемде әрбір мем­лекеттің  даму деңгейін анық­тайтын үш өлшем бар. Олар – мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің көлемі, халық жа­сының ұзақтығы және білім деңгейі. Қазір оның біріншісіне қатысты көзқарас өзгере бас­тады. Бүкіл әлемде солай. Қазақстан Президентінің кейін­гі Жолдауында ішкі жалпы өнім­нің цифрларынан гөрі бізге халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғанын өздері сезінетін нақ­ты жағдай орнықтыру қа­жет деген сөзі бүгінгі күннің бол­мысына тура сипаттама бе­ретін сияқты. Халықтың өмір жасының ұзақтығына келетін болсақ, соңғы жылдары бұл бағытта мемлекет тым-тәуір көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл орайда өзіңіз бүге-шігесіне дейін жақсы білетін білім саласына қатысты не айтар едіңіз? Ойыңызды жүйеге түсіру үшін мына фактіні алдыңызға тарт­қым келеді. Биыл облыста 6 мыңнан астам түлек орта мек­тепті тәмамдап, ҰБТ-ға қа­тысқан. Солардың 500-ден аста­мы «Алтын белгі» иегері ата­ныпты. Көрсеткіш жақсы. Он процентке жуықтайды. Шын­дыққа жанасымды ма?

АШ: – Бұл өзі көптен бері айты­лып жүрген түйткілді мә­селе болғандықтан біршама тал­дау жа­сауға тура келеді. Ай­талық, мен орта мектепті бі­тірген 1972 жылы бүкіл Сыр­дария ауданында 4 бала, Қы­зылорда қаласында 6 жасөспірім ғана Алтын медаль иегері атанды. Біз соңғы уақытта цифр соңынан тым қуалап кеттік. Тіпті несін жасырайық, ұятты жағдайға дейін жеттік. Бүкіл Қа­зақстанның білім жүйесі қазір реформаларды тың бастамалармен үйлесімді етуді ұйғарды. Мысалы, халықаралық PIZZA бағдарламасы бойынша елдегі білім деңгейі бұрын 3-6 орынмен бағаланса, соңғы зерттеулер нәтижесі біздің едәуір кейін қалғанымызды көрсетті. Бағалау жүйесіне қатысты мектеп бітіруші жастардың математика, басқа да пәндер бойынша сауаттылығына бұрын қойылып келген талаптар өзгерді. Білесіз бе, талап өзгерген соң біздің нақты мүмкіндігіміздің әлеуеті де белгілі болып қалды.

Өз зерттеуімді, яғни жағ­дайдың орын алу себептеріне талдау жасап көрейін. Әдетте бізде өткенді сынап-мінеу жағы басымдау. Бірақ дұрысын айт­уымыз керек, кеңес дүниесінде білім негіздеп оқытылатын. Оқушылардың логикалық өзі­нен-өзі ойлау жүйесін дамы­туға мән берілетін. Отыз жыл бұрын ортақ жүйе құлады. Бірақ оның орнына жаңасын әзірлеу тым кешікті. Білім жү­йесінде сабақтастық жетіспеді. Айталық, өткен ға­сырдың 30-жылдары «ликбез­бен» сауатын ашқан халық 60-80 жылдары білімді ұрпақ қатарын толықтырды. Білімге деген құш­тарлық пайда болды.  Сосын өздеріңіз айта беретін тұтынушылық психология қа­лыптасты. Оның соңы на­рыққа ұласты. Жастардың санасында білімнен гөрі ақша табуға деген ұмтылыс пайда болды. Осының барлығы Қазақстанда ғана емес бүкіл посткеңестік елдерде жаппай етек ала бастады. Қазір әлемде өркениетті елдердің өзі білімнің қадірі қашқанын сезінді. Ия, өмір бір орында тұрмайды. Тоқырау болады, тоқыраудан кейін жаңа ізденістерге жол ашылады, біз қазір нақ сондай өзгерістер алдында тұрған жағдайымыз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі мәлім­де­ме­лерінде жалғыз білім емес, барлық салаларға рефор­ма жүргізу қажеттігін атап көр­сетті. Жоғары оқу орын­да­­рының талапқа сай келмей­тіндерінің лицензиясы алынуда.  Бұл үрдіс жалғаса беретін болады. Уақыт жаңа талаптарды алға тартуда.

ЖА: – Өмір философия­сы күрделі. Бұрынғы есті адам­дар тоқтыққа үш жолмен – еңбекпен, ұрлықпен, ті­лем­сектікпен жетуге болады депті. Менің білуімше, сіздің жас кезіңізден еңбекке деген құл­шынысыңыз ерекше болды. Бұғанаңыз қатпай жатып қара жұмысқа жегілдіңіз. Үй қала­дыңыз. Әкеңіз Әлекенің ерте қайтыс болғанын, майданға ат­та­­нып, капитан шенінде Ста­­лин­градтан Берлинге де­йін­гі жолдан өткенін, ана­ңыз Жа­напияға қолғабыс тигі­зіп, әскерге барған­нан кейін ғана Қызылорда педагогика инс­титутының физи­ка-мате­ма­тика факультетіне түс­­­­ке­­ні­­ңізден хабардармын. Ал со­­дан кейін 30 жыл Қызылорда қала­сының жеті бірдей орта мекте­бінде директорлық қыз­мет атқарғаныңыз көз алдымызда. Бірнеше мәрте қалалық кеңес депутаты болып, түйінді-түйінді деген мәселелерді ше­шуге атса­лысқаныңызды біле­міз. Тағы бір білетінім, қала­дағы санаулы деген білікті матема­тиктердің бірі болып саналасыз. Уақыт өзгере бастағанда біреулер барлығын тастап, бизнеске бұрылып дегеніне жетті. Тағдырыңызға ризасыз ба? Өкінішіңіз жоқ па?

АШ: – Бұл енді менің тағдырым. Оған өкінуге болмайды. Қазақтан сөз қалған ба, ертеректе бір ақынымыз:

«Дүние деген ұшқан құс,

Байқай алмай қаласың,

Басыңнан шарлап өткенін»,–деген екен.

Сол айтқандай, өмір ағысы тым жылдам екенін бірден байқамайсың. Ел аман, жұрт тыныш. Соған қанағат тұтамын. Байқайсыз ба, қазір байып жатқандар баршылық, оған тек қуануымыз керек, есесіне өмір тағдыры өкінішпен аяқталып жатқандар да жоқ емес ортамызда. Бұрынғылар бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам деген. Өмір барлығын орнына қойып жатыр. Сол ел аман, жұрт тынышта, басың аман, бауырың бүтін кезде зейнеткер болу, әрине, меніңше үлкен абырой. Тіпті білесіз бе, жұмыстың қауырттығынан кейде осы демалысқа шыққанымды бақытты сезінемін.

Жаңа айтқан әкем Әлеке, анам көп қиыншылықты көрді. Жеті баламыз. Кеңес дүние­сінде қаншама әлеуметтік әді­леттілік болғанымен, үнемі мар­дымды бір нәрсеге қолың жете бермейтін. Жалақы 60 сом, әрі кеткенде 100 сом. Ұдайы жетіспеушілік. Енді үй салып, кірпіш қалап дегендей, қосымша қаржы табудан басқа амалың қалмайтын. Мен қай дәуірде болмасын өзімді аямаған адаммын.

ЖА: – Ұзақ жыл басшылық креслода отыру оңай емес. Әділдіктің жолында шындыққа жетем деп қиналған сәтіңіз болды ма? Кадр қабылдауға деген ұстанымыңыз қандай?

АШ: – Әділетсіздікпен күрес­кен жағдай болды. Өмірдің мә­ні шындық деп жатамыз. Әл­­бетте, шыңырау түбіндегі шын­дыққа жету дегеніңіз оңай емес. Математикада нолдің ноль екенін дәлелдеу үшін оның оң жағынан да, сол жағынан да келуге болады. Бірақ ол бәрібір ноль деген ұғымды білдіреді. Абсолютті шындық ешқашан болмайды. Өмір – күрес.  Оның кейде бағынбауға болмайтын объективті заңдылықтары бар. Өмірден көңілге түйгенім, жал­тақ болсаң өз үніңді жоғалт­қанмен бірдей екен. Ұлы жазу­шы Федор Достаевский: «Бір мақсатты көздеп үлкен жолға шыққанда саған үрген кез кел­ген итке тұра қалып тас ата берсең, онда ешуақытта көз­деген мақсатыңа жете алмай­сың» депті. Қызмет жылдарымда әртүрлі оқиғалар болды. Алаңдамай ойсыз жүрдім десем күлкілі шығар, кейде ақылды да, ойды да басқаруға тура келеді. Өзіңді басқара біл­сең жеңілдейсің. «Бақыт күле қарап тұрған адаммен сал­ғыласу ақылға қонымсыз» деп­ті бір данышпан ертеректе. Кон­фуцийдің кезінде білімді деп алты өнерді меңгерген адамды айтады екен. Олар – рәсімдерді дұрыс орындай алатын, музыканы түсінетін, садақ ата білетін, арба айдауды білетін, оқи білетін және мате­матиканы білетіндер екен. Осыларды қан­шалықты меңгергенімді айта алмаймын. Бірақ арба де­генің бүгінгі машина, оны бір адамдай жүргіземін, математиканы қаншалықты біле­ті­німді айналамдағылар айтады. Бір адам «Арифметика – мате­ма­тиканың, ал математика – ғы­лымдардың патшасы» депті. Ал Ло­моносовтың «Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін математика» дегені есімде. Егер тағдыр мені бүгінде осындай жетістікке жетуге жетелесе, онда аздап оқу мен тоқудың, одан кейінгісі өмірден көрген тәлім-тәрбиенің әсері ғой деп ойлаймын.

Кадр таңдау деген мәселе де күрделі. Бір қызық факті айтайын. Танысым өтініш айтты. Мектепке институтты су жаңа қызыл дипломмен бітір­ген, көркіне көзің тоятын жап-жас келіншек келді. Сынайын деп математика емес, ариф­метиканың 5-6 сынып оқушы­сына берілетін есепті алдына тарттым. Шығара алмады. Кері қайтардым. Танысыма айтып барды ма, әлде үнсіз кетті ме, білмеймін, өтініш айтқан адам қайтып хабарласпады. Бәлкім жаңағы келіншек ол кісіге не болғанын айтпаған шығар деп ойлаймын, себебі ондай есепті шығара алмаудың өзі ұят қой.

Кітәби сөзді айтты демеңіз, бірақ ұстаз деген ұлы тұлға. Мен әрдайым оларға «Киген киім­деріңе ұқыпты, сөйлеген сөз­деріңе, жүріс-тұрыстарыңа абай болыңдар. Оқушылар сен­дерді сырттарыңнан өлшеп-пішіп отырады» дегенді жиі қайталаймын…

Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

P.S Біздің әңгіме-сұхбатымыз екі сағатқа ұласты. Оның қалай өткенін аңғарып та үлгермедім. Бұл оқушыға білім беретін өлшеммен алғанда үш сағатқа жуықтайтын сабақ. Мен тәжірибелі, білікті де білімді басшы ұстаздың ұлағат сабағынан айрықша тағылым алғандай қанағат сезіммен көлігіме қарай бет алдым…

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<