Биыл 22 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі

836

0

Пандемия біраз саланың жұмысына іркіліс әкелді. Қауіпті вирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде экономиканың қозғаушы күштерінің бірі – құрылыс саласы да тоқтады. Әйтсе де, карантиндік шектеу шаралары азайтылғанда жұмысын қайта  жалғастырған алғашқылардың қатарында құрылысшылар да болған еді. Бүгінгі ахуал қандай? Алдағы уақытта нендей өзгерістер болмақ?

Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовпен болған әңгіме-сұхбатымызда бірқатар сауалға жауап алған едік.

– Бердияр Автайұлы, бас­қармаға басшылыққа жа­ңадан келдіңіз. Сізді және бар­лық құрылысшыларды кә­­сіби мерекелеріңізбен құт­тық­таймын!

Білуімізше, құрылысқа жас ке­зіңізден араласып, одан бер­гі ке­зеңде талай құры­лым­­дарды бас­қарып мол тә­жірибе жинақтаған екенсіз. Ай­тыңызшы, өңірге келгелі қан­дай ой түйе алдыңыз?

– Жақсы тілектеріңіз үшін рах­мет! Мен өзім Сырдария ау­даны­ның түлегімен. Алғаш еңбек жо­лымды Қызылорда қа­ласындағы №355 құрылыс-монтаж пойызы ме­ке­месінде бастадым. Бұл мекеме Ақтөбе облысына қарағандықтан, көп ұзамай жұмыс бабымен сол жаққа ауысуыма тура келді. Сол кезеңнен бері Ақтөбе облысында қызмет атқардым. Арасында сирек болса да туған жерімізге келіп тұрдық. Сонда  Қызылорда қаласының жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын көріп қуанатынмын. Әдемі, тап-таза қала. Көп құрылыс салынған. Сол жағалау игеріліп, жақсы нысандар бой көтеріпті.

Енді көп жылдан кейін туған же­рімізге қызмет етуге келдік. Құры­лысшы ретінде бір байқағаным, соңғы жылдары бой көтерген үйлердің бәрі тек қызыл кірпіштен ғана са­лыныпты. Сонымен бірге үй­лердің дизайнына да өзгерістер енгізу керек. Кеше мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырзаға арнайы жолығып, өз ойларымды жет­кіздім. Құрылысқа басқа да ма­териалдар пайдалану жөнінде ұсы­нысымды айттым. Кейбір салынып кеткен нысандардың сыртын жаңа технологияны пайдалана отырып, 30-40 жыл­ға шыдайтын, ыстыққа да сал­қынға да төзімді жақсы бояу­лармен сәнін келтіру секілді ой­ларымды ортаға салдым. Бір­қатар жобаларға өзгерту ен­гізу қажет болады.  Ол кісі ұсы­ныстарымды құптады. Әри­не, айту жеңіл ғой. Енді оны орындау үшін  барлығын есеп­теп шығарып, жобаларын да­йындап апаруым керек. Оған бір­шама уақыт қажет. Содан соң қала басшысымен бірлесіп, бюджеттің шамасына қарап, бір тоқтамға кел­геннен кейін ғана концепциямызды облыс әкіміне ұсынатын боламыз.

– Қазіргі күрделі кезеңнің эко­номикалық зардаптары жетер­лік. Бәлкім барлық жер­де бюджетті қайта қарау­ға тура келер. Облыста биыл­ғы жылға жоспарланған әлеу­­меттік және басқа да нысандар құ­рылысына өзгерістер еніп жүрмей ме? Келесі жылы қа­лай болмақ? Құрылысқа бөлі­нетін қаржы көлемі қысқара ма?

– Облыста биылғы жылы жос­парланған құрылыс жұмыс­­тарына еш өзгеріс ен­гі­зіл­мей­ді. Соған сәйкес, жос­пар­лан­ған қаржы өз көлемінде бө­­лінеді. Ағымдағы жылы әлеу­­меттік нысандар құрылы­сына және жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп са­рап­тамадан өткізуге мемлекеттік бюд­жеттен, оның ішінде рес­публи­калық және облыстық бюджет есебінен бар­лығы 9,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал­ғашқы жартыжылдықтың қо­ры­тындысы бойынша жос­парланған 2,9 млрд теңге қаржы толықтай игеріліп, жоспар 100%-ке орындалды.

Жалпы басқарма арқылы 30 әлеу­меттік нысанның құры­лысын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, білім саласында  – 11, денсаулық сақтау са­ла­­сында – 4, мәдениет саласында – 4 нысан құрылысы жоспар­ланған. Сондай-ақ,  4 спорт, 4 қоғамдық тәртіп саласы ны­саны, 4 әкімшілік ғимараты мен «БЖК-2020» бағдарламасы шең­берінде 1 нысан салынады.

Жыл соңына дейін барлығы 22 әлеуметтік нысанның құры­лысы аяқ­талып, пайдалануға бе­ріледі. Қалған 8 нысан жос­парға сәйкес 2021 жылға өтпелі болып қалдырылады. Оның ішінде, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы арқылы 5 нысанның, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 4 нысанның құрылысын жүргізу жоспары бар. Бүгінгі күнге құ­рылысқа рұқсат алынып, құрылыс-монтаж жұ­мыстары басталып жатыр.

2020 жылы барлығы 16 нысанның жоба-сметалық құжат­тамаларын әзір­леп, мемле­кеттік сараптамадан өткі­зу жұ­мыс­тары жоспарланса,  оның екеуі (Байқоңыр қаласын­дағы әкім­шілік ғимараттың рекон­струк­циясы, сол жағалаудағы әкімшілік ғимарат) мемлекеттік сараптамадан өтті. Жыл­дың соңына дейін қалған жобалар бойынша да мемлекеттік сарап­тама­ның оң қорытындысы алы­нады деп күтілуде.

Ал келесі жылға жоспарлан­ған бағдарламалар әзірге өзгер­ген жоқ. Жалпы өзгерістер бола қоймайды деп тек жақсылықтан үміттенейік. Мемлекет үшін де халық үшін де құрылыс қарқыны бәсеңдемегені тиімді.

– Баспаналы болу – әр адамның арманы. Соң­ғы жыл­дары Сыр құ­рылыс­шы­­­лары тұр­ғын үй құры­лы­сын қар­қынды жүргізіп,  мың­даған отбасы қоныс той­­ларын өткізгені бел­гілі. Биыл тағы қандай жаңалық­тар бол­мақ?

– Мемлекеттік қолдау­дың арқасында, облы­сы­мызда тұр­ғын үй құ­­ры­лысында жыл­дан-жыл­­ға өсу байқалады. Биыл об­лыста «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағдар­ла­­масы аясында 1406 пә­терді құрайтын 87 тұрғын үй құрылысы жүр­гізі­луде. Оның ішінде, 815 пәтерлі сатып алу құ­қы­ғынсыз жалға бе­рілетін 20 тұрғын үй, 215 пәтерлі 57 несиелік тұрғын үй­ және 376 пәтерлі 10 тұр­ғын үйдің құрылысы жеке ком­паниялар есебінен жүргізі­луде.

Жыл соңына дейін 698 от­басы сатып алу құқығынсыз жалға бері­летін, 115 отбасы кре­диттік тұр­ғын үймен қам­тамасыз етіліп, жеке құрылыс салушылар есебінен 156 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға бе­рілетін болады. Жыл соңына дейін барлық бағдар­ламалар шеңберінде 969 пәтерлі 74 тұрғын үй құрылысын пай­далануға беруді жоспарлап отыр­мыз. Осы жыл­дың өзінде мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды.

Жеке тұрғын құрылысы үшін ашыл­ған жаңа тұрғын аумақ­тар  инже­нерлік-коммуникация­лық инфра­құ­ры­лыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бағдарламалар ая­сын­да облыста осы бағытта 15 жобаның құрылысы жүргі­зілуде. Оның ішінде 11 жоба облыс орталығына тиесілі бол­са,  Арал ауданында 1,  Сырда­рия ауданында 2, тағы бір жоба Шиелі ауданында жүзеге асырылмақ.

Жалпы 2020 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 591,5 мың шаршы метр тұрғын үй­ді пайдалануға беруді және 45,3 шақырым инженерлік инфра­құрылым желілерін жүргізуді жоспарлап отырмыз.

– Құрылыста ең басты талап сапа екені анық. Бұған қаншалықты мән берілуде?

– Сапа мен сәні үйлесім та­буы тиіс. Бұл бағытта бақылау құрылымдарымен ұдайы  бірлесе жұмыс  жүргізіп келеміз. Техникалық-қадағалау қызметі үнемі құрылыс барысын қада­ғалап отырады. Олар нысанға тапсырыс берушінің тікелей өкілі болып табылады. Нысан құрылысының жобаға сәйкес жүргізілуі авторлық қадағалау арқылы ұдайы тексерілуде.

Облыс әкімі де әркез құры­лыс­тың сапалы болуына аса мән беру керектігін ескертіп отыр.

– Қазіргі эпидемиоло­гия­лық аху­ал кезінде құры­лыс нысан­дарын­да сақтық ша­ралары қанша­лық­ты орын­­далып отыр? Кәсіби ме­ре­ке­леріңіз қалай атап өтіл­мек?

– Облыстың бас санитарлық дә­рігерінің тиісті қаулысына сай 29 сәуірден бастап құрылыс жұмыстарын жалғастыруға рұқсат берілген. Қазіргі уақытта нысандардың құрылысы то­лық­­тай жүргізілуде. Бар­лы­­­ғын­да міндетті түрде кү­шей­тілген сани­тарлық-де­зин­фек­­циялық шаралар мен техни­калық қа­уіп­сіздік талаптар орын­­дала­ды. Әрбір жұмысшы сақ­тық ережеле­рі­мен таныс­тырылып, қолдарын қояды. Құрылыс жұ­мыс­тары­ның қауіптілігі жоғары дең­гейде саналатын нысандарда жұмыс­шылар міндетті түрде арнайы киім­дермен, қауіпсіздік белдіктерімен, каскалармен қам­тамасыз етілген.

Ал енді құрылысшылар үшін кәсіби мерекенің маңызы ерекше.  Пандемияны сылтау етіп, мейрамды мүлде ұмыт қалдыруға тағы болмайды. Ең­бегі сіңген құрылысшы аза­маттар бар. Оларды мара­паттау салтанаты бұрынғы кез­де­гідей үлкен жиын ретін­де өткізілмейтіні белгілі. Сақ­тық шаралары барынша ес­керіліп, бірнеше жерде шағын көлемде марапаттау сал­та­наты болып өтеді. Оған құ­рылысшыларымыз түсінікпен қарайды деп ойлаймын.

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<