Біздің таразымыз – көрермен талғамы

578

0

Елдің рухани тұрғыда дамуы мен кемелденуіне мәдениет сала­сының  ықпалы айрықша. Өңірі­міздің барлық өнер ұжым­дары осы мәдениет ұғымы аясында бір мүддеге бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Тарих қойнауына енген ескі жылда ақжолтай жаңалықтың жаршысы болған біршама ілкімді істер жүзеге асты. Облыстық филармония ұжымы өңірдегі ауқымды мәдени шаралар мен іргелі бастамалардың бел орта­сында болып, руханият керуені­нің көшін бастады. Өнер ұжымының өткен жылдағы өмір ағымы, шығармашылық ізде­ніс­тері мен жемістері туралы об­лыстық филармония директоры Талғат Мақашовқа бірнеше сауал қойған едік.

– «Өнер ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастырады» десек, сіз басқаратын ұжым бірталай шетел сахналарын бағындырды. Біздің халықтың табиғатын, бол­мысын танытатын концерттер арқылы өнер әлеміндегі ел­шілік миссияны да атқарып жүрсіздер…

– Дұрыс айтасыз, өткен жыл облыстық филармония үшін жемісті жыл болды. Жыл көлемінде гастрольдік сапар­лар­дың көкжиегі кеңейді.  Ресей, Ұлыбритания, Түркия, Бірік­кен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған гастрольдік сапарлар жоғары деңгейде өтті. Таратып айтатын болсақ,  Орынбор қаласы мен аудандарында аралас құрамда әртістеріміз өнер көрсетсе,  Лондон қаласында «Ақмешіт»  фольклорлық ансамблі мен дәстүрлі, классикалық орындаушыларымыз болып қайтты. Ал Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі маусым айында Түркия мемлекетінің Кас­тамону, Болу, Ақсарай, Анкара сынды тарихи қалаларында өткен түркі тілдес халықтарының фестиваліне қатысты. Сондай-ақ, «Томирис» би ансамблі еліміздің мәдениетін халықаралық дәре­жеде дәріптеу мақсатында Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид әл Нахаян атындағы гуманитарлық ұйымының ұйым­дастыруымен Әбу Даби қала­сында өткен халықаралық мәдени фестивальде ай бойы өнер көрсетті.  Бұл – ең алдымен ұлттық өнер, мәдениеттің кере­гесінің кеңей­генін білдіреді. Екіншіден, өнерпаздардың кәсіби дең­гейінің жоғарылауына, тә­жі­рибе алмасуға мүмкіндік береді. Осы орайда жан-жақты қолдау көрсеткен облыс басшысына айтар алғысымыз шексіз.

– Қазір адамдарды таңғал­дыру – қиынның қиыны. Өнер­дің шоу сипатына баса назар аудару белең алды. Мұн­дайда көрермен талғамына сай бағдарлама түзудің өзі – еңбек. Шетелдіктердің назарына ұсынылатын кон­церт­тік бағдарламада не қамтылды? Көрерменнің ықы­ласы қалай болды?

– Көрерменнің ықыласына бөлену үшін репертуарлық ұсыным сұранысқа сай болу керек. Әр халықтың өнерге деген көзқарасы бар, мәдениеті бөлек, әлбетте. Репертуарды жасақтау барысында осы мәсе­лені назарда ұстаймыз. Өзгені өзіміздің ұлттық болмысымызбен, қазақи салтымызбен, дәстүрлі өнерімізбен ғана таңғалдырамыз. Таңдау барысында әлем классиктерінің шы­ғармалары мен ұлттық музы­калық туындыларға баса назар аударамыз. Көрерменнің қызы­ғу­шылығына келсек, олар­­ды біздің шеберлігімізден бөлек ұлттық киімдеріміз, сахна мәдениетіміз де қызықтырды.

– Филармония өңірдегі жас­­тарға музыкалық-эсте­ти­ка­лық тәрбие беру, жергілікті тұр­ғындарға классикалық, дәс­­­түрлі әндер сыйлап, рухани қажетін өтеу қызметін қалай атқарып жүр?

– Филармония жастармен қалай жұмыс жасап жатыр дегенде тек  көрерменмен шек­теліп қалмауымыз керек. Өйткені филармонияның өзінде классика, дәстүрлі орын­дау­шылық, эстрада, аспап, би жанрлары бойынша ­жас­тар жұмыс атқарып келеді. Олар­дың шеберлігін шыңдау мақсатында әртүрлі конкурс, байқау, фестивальдарға қатыс­тыруға мүмкіндік жасап отырмыз. Ал көрермендерімізге кел­сек, бір күн концертке келгеннен ешнәрсе өзгеріп кетпесі анық. Мәселе – бір келген көрерменді ұстап қалуда. Әр жанрдың өз тыңдарманы бар. Бұл жерде әңгіме – әр адамның талғамында. Классикалық немесе дәстүрлі концерттерден гөрі эстрадалық ән кештеріне көрермен көп жиналады. Биылғы жылы осы классикалық өнерді тереңінен насихаттау мақсатында «Мәртебелі классика» атты жобаны қолға алып жатырмыз.

– Жылдар өтіп, ұрпақ ауыс­қанмен, біздің тамы­ры­мыз­дағы, түп негізіміздегі аталы сөздің мәйегін ұғу, тыңдау мәдениеті сақталып қала­ты­нына сенемін. Сыр бойынан шыққан ақын-жырау­лардың шығармалары орын­­далғанда елең ете қалып, оны соңына дейін тың­дайтын ынта жас ұр­пақ­тың бойында да бар. Тек сол ұшқыннан жалын лаулату үшін олардың назарын бұра білу керек сияқты. Сіздің ұжымның сүлейлер есімін ұлық­тау мақсатында жасаған жұмыстарына тоқталсаңыз.

– Жалпы облыстық филармония концерттерінің не­гізгі мақсаттарының бірі – шығар­машыл адамдардың өнерін насихаттау. Концерт бары­сында мүмкіндігінше шы­ғарма авторларына тоқтауға тырысамыз. Мы­салы,  лекция-концерттер, та­­­нымдық му­зы­калық ­кештер форматында көп өткіземіз. Ал нақты жырау­ларға келетін бол­сақ,  филармонияда Сыр ­елі­нің үш жыраулық мектебінің өкілдері жұмыс атқарады. Олар берген әрбір концертте шайырлар шығармашылығы  насихатталады. Осы күндері А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Аталы сөзден ал кеңес!» атты жыршы-термешілердің ­мысал орындау концерті және 26 ақпан күні филармонияның концерт залында қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор К.Әзірбаевтың 135 жылдығына орай «Ән кемеңгері» атты дәстүрлі орындаушылар кон­церті өткізіледі.

– Жас баланы қалай исең, солай өсетін жас шыбыққа теңеп жатамыз. Балаларды өнерге баулудағы басты қағида – осы. Бұлақтың көзін ашып, жолын тазалаудан, яғни таланттардың талабын ұштаудан өнер өлкесіндегі ұр­пақ­тар сабақтастығы құ­ра­лады. Филармонияның осы орайдағы миссиясына –  балалар шығармашылығына орай өткізілген шараларға тоқталып өтсеңіз.

– Осыдан 4 жыл бұрын  «Әдемі» балалар музыкалық ­театр студиясын аштық. Студия бірнеше қойылымдарды сахналап, тұрақты жұмыс жасау­да. Сонымен қатар облыстық жобалық кеңсе аясында облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасының қол­дауымен талантты бала­лар­дың мүмкіндіктерін көр­сетіп, сах­­налық тәжірибе жинап, шы­ғар­­­машылығын ­шың­дау мақ­­­сатында «Ля-ля-фа» ба­ла­лар мюзикл студиясы құ­рыл­ды. Мәде­ниет қайраткері ­Т.Бек­­арыс­­­­тановтың «Таусылмасын ер­­­тегім» қойылымының пре­­мьерасын Н.Бекежанов атын­дағы музыкалық драма теат­рында өткізіп, көрерменнен оң бағасын алды.

– Жыл басында жетістіктер мен «әттегенайларды» безбенге тартып, алдағы кезеңге жоспар жасайтын үрдіс бар. Өнер өлкесіне жетістік  өз аяғымен келмейтіні белгілі. Онда адамдардың ой еңбегі мен шығармашылық ізденісі тоғысады. Сондықтан қол жеткен табыстарды ауыз толтырып айту – еңбек пен ізденістің бағасы деп ойлаймын.

– Филармония өнер ие­лері өз жетістіктерімен өңір жұрт­шы­лығын қуантты. Олар­дың қатарында жырау К.Түрікпен «Мен қазақпын» мега жобасының гран-при иегері атанса, Ш.Бимбетова ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Құрмет» орденімен мара­патталды. Мұнан бөлек, филармония директорының орынбасары А.Іздіқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Сонымен қатар, Ш.Ті­леу­­лесов «Қазақс­тан­­дық са­лалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлес­тігінің «Еңбек даңқы» төс­бел­гісімен марапатталды.

Өнер  ұжымдары да көрер­менін өз жетістіктерімен қуан­туда. Атап айтсам, каме­ралық оркестр Қазақ­стан­ның халық әртісі Ж.Әбдіра­шовты еске алуға арналған рес­пуб­ликалық камералық оркес­тр­лер фестиваліне қатысып лау­реат атанды. Камералық ор­кестрге М.Өскінбаев атын­дағы Маңғыстау облыс­тық филар­мо­ниясының ­симфо­ния­­лық ор­кестрінің көркемдік жетек­шісі және бас дирижері, ха­лық­­­аралық, республикалық кон­­­курстардың лауреаты Ә.Бес­тенбековтің шеберлік дәрісі ұйымдастырылды. Камералық оркестр ұжымы ақпан айында Еуропаның Босния-Герцеговина мемлекетінде өте­тін камералық оркестрлер фес­ти­валіне қаты­сады.  Ал, Тұрмағамбет атын­дағы халық аспаптар оркестрі Құр­ман­ғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Атырау қаласында өткен халықаралық ұлт аспаптар оркестрлерінің фес­ти­валіне қатысып лауреат атанды.

– Басталған жылдың айдары – «Жастар жылы» екенін білеміз. Жақында Елбасы атау­лы жылдағы бірқатар бас­­та­маларға старт берді. Филармония ұжымы да бұл бас­тамалардан сырт қалмайтын болар?

–  «Жастар жылы» аясында көп­теген мәдени шаралар жос­парланып отыр. Оның ішінде  филармонияның жас әншілері Н.Нұраддинова, Р.Үсеновтің жеке шығармашылық кештері,  «Жас толқын» кәсіби әншілер мен әнге қабілетті жұмыссыз жастардың жұптасып ән салу жобасы, 29 сәуір –  Халық­аралық би күніне орай рес­пуб­ликалық  «Dance-ART» би фестивалін өткізу, 6 шілде күні Қазақстан эстрада жұлдызының қатысуымен филармония  әр­тіс­терінің «Астана жастар жүре­гінде» шоу концертін өткізу көзделіп отыр.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<