Елбасы мақаласы еңбекті ширатты

493

0

Б.Сыздық,

Шиелі аудандық мәслихат хатшысы:

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы елімізден асып, шет елдерде талқыланып, аса жоғары баға берілуде. Расын айтқанда, еліміздегі бұл елеулі оқиға республикамыздың шеткі аймақтарында, атап айтқанда, жергілікті ұлт өкілдері жиі шоғырланған өңірлерде қызу қолдауға ие болғандығы белгілі. Осы орайда Шиелі аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздықпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Халық қалаулыларының өкілі өз әңгімесінде жергілікті мәслихат жұмысының да барысын әңгімелеп берді. 

– Болат Мүбаракұлы, Елба­сының осы мақаласында ай­тылған ой-тұжырымдар ал­дағы бағыт-бағ­дарымыздың айқын­дығын көрсетті. Ел арасында жиі боласыз, сіз не байқадыңыз?

– Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жалпы жамағатқа үлкен серпіліс туғызғандығына куә болдық. Еліміздің көне тарихын көз алдымызға әкеле отырып, ұлтымыздың ерекше қасиеттерін жайып салған мақала шет елдердің өзінде жоғары бағаланғандығы бізге мақтаныш сезімі мен зор сенімділік әкелгендігін айтқанымыз жөн. Тарихи сананы жаңғырту мәселесіне орай Президентіміздің: «Біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты», деп нақты санамалап көрсеткен алты ірі жобаның тезірек жүзеге асуына бар күш-жігерімізбен атсалысқысы келген азаматтар баршылық.

Елбасымыз аталған мақаласын: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», деп бастайды. Яғни, төл тарихымыздың болмысын өзіміз ғана біліп қоймай, оның ешкімнің тарихынан кем еместігін өзгелерге де танытарлық тарихқа деген дұрыс ұстанымымыз болуы керек.  Осы орайда Шиелі ауданы әкімдігі мен мәслихаты бірлесе ауқымды жұмыстарды жоспарлап, ретіне қарай жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл шаруаға барлық мекеме, кәсіпорын, шаруа қожалықтары, денсаулық, білім саласының белсенді топтары жұмылдырылуда.

– Жөн екен, ал аудандық мәслихат депутаттары халықпен кездесулерінде әуелі не нәрсеге маңыз береді?

– Тиісті заңдылықтарға сәйкес, ау­дандық мәслихат депутаттары өздері сайланған округтері бойынша сайлаушылар алдында жылына бір рет есеп беріп отырады. Аудандық мәслихат депутаттарының ауылдық округтер мен елді мекендерді  аралап, жұртшылықпен кездесулері барысында Жолдау және жоғарыда аталған құнды құжаттың халық тарапынан үлкен қуанышпен қабылданғанына куә болдық. Халықпен кездесулер барысында алда тұрған мақсаттарды айқындап, сайлаушылардың өтініш-пікірлерін қағазға түсірдік. Бұл, әрине, өз кезегінде мәслихаттың келесі жылғы жылдық жұмыс жос­парына және ауданның алдағы жылдарға арналған әлеуметтік экономикалық даму жоспарына енгізуге ұсыныстар жасауға толық мүмкіншілік береді.

Елді мекендерді аралау барысында депутаттар Дәулет Жұмбеков, Несіпбай Көпеев, Мейрамхан Дүйсенов, Патима Маханбет және басқа да халық қалаулылары өз сайлаушыларынан жоғары баға алып, мәнді де, мағыналы әңгіме өрбіте білді. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бастаған әкімдік өкілдері де өзара байланыстың нығаюына қызмет жасап, Елбасының өміршең бағдарламаларын мерзімінде, өз дәрежесінде орындалуға ерекше еңбек еткендігін де айтқан жөн.

Мәселен, «Қазақстан Республика­сындағы жергілікті мемлекеттік  басқару  және  өзін-өзі  басқару туралы»  Заңның  6-бабына сәйкес VІ шақырылған аудан­дық мәслихаттың 30 рет сессиялары өткізіліп, 253 мәселе қаралып, шешімдер қабылданды. 

– Биылғы қаралған мәселелер жөнінде айтсаңыз…

– 2018 жылы мәслихаттың 4 кезекті, 8 кезектен тыс, барлығы 12 сессиясы өткізіліп, сессияларда 117 мәселе қаралды: 2017 жылға арналған Шиелі ауданы бюджетінің атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалды, кенттің бас жоспарына өзгерістер енгізіп, бекітілді, аудан бойынша 2017-2018 жылдарға арналған жайлымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспары бекітілді. Осы жылдың соңғы айында жоспардың орындалуы жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының есебі тыңдалады.

Шиелі аудандық мәслихаты «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Қазақстан Респуб­ликасының 1995 жылғы 28 қыр­күйектегі Консти­туциялық заңы­на сәйкес аудандағы сайлау комис­сияларының мүшелерін сай­лауға уақытында конкурс жариялап, сайлау жұмыстарын заң шеңберінде атқарып келеді. Жалпы, халықтың әлеуметтік-эко­номикалық, өзге де мәселелерге қатысты талқылаулар болып, шешім қабылданды.

– Кезектен тыс сессиялар жиі өткізілген секілді, бұл аса бір қажет­тіліктен туындаған жағдай ма?

– Сауалыңызды түсіндім. Мәсли­хаттар құзыретіне Заңмен жүктелген мәселелердің бірі – жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту. Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы және оның тіршілігін жүргізудегі негізгі құжат саналатындықтан, сондай-ақ, жыл ішінде түрлі себептерге байланысты оны нақтылап отыру қажеттігі туындайтындықтан, бюджетті нақтылау мерзімі кезекті сессия өткізу мерзіміне сәйкес келмеген жағдайда Заңға сай кезектен тыс сессиялар өткізіледі.

2017 жылға арналған аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде жыл басында 13 млрд 778 млн 733 мың теңге  көлемінде бекітіліп, бүгінгі таңға 5 рет өзгерістер енгізілді, нәтижесінде аудандық бюджет 14 млрд 696 млн 973 мың теңгеге жетті.

– Тұрақты комиссиялар қарауы­на негізінен қандай мәселелер ұсы­нылды?

– Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауында демократияның бір көрінісі ре­тінде жергілікті әкімдерді сайлау қажеттігі жайлы бастама көтергендігі барлығымызға мәлім. 2018 жылы мерзімі бітуіне байланыс­ты 7 ауылдық округте қайта сайлау өткізілді, 5 ауыл әкімі жаңадан сайланды. Біздің шешімдеріміз халық қалауынан алыс кетпеген секілді.  Депутаттар ауданымыздағы ең өзекті деген мәселелерді тұрақты комиссияларда талқылап, ауданның тыныс-тіршілігін өз көздерімен көріп, тұрғындармен кездесулер өткізіп, сессия материалдарын әзірлеуде рейдтерге шығуды үрдіске айналдырды.   

Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары құзырлы органдарға 18 рет депутаттық жолданымдар жіберіп, онда кезек күттірмейтін мәселелер көтеріліп, оны шешу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.

– Аудандық   мәслихат  депутаттары  әр аптаның жұма күні кестеге сай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдаулар өткізіп отырады. Мұның үлкен пайдасы бар. Жалпы соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік әрі өндірістік дамуы жақсы қарқын алып келетінін айту керек. Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы ауданға шетелдік кәсіпкерлер және өңір кәсіпкерлері арқылы инвестициялар тартылып, жобалық құны 99,2 млрд теңгенің 3 жобасы жүзеге асырылуда. Жобалар іске қосылғанда 870 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Индустрияландырудың бірінші кезеңінде (2010-2014 жылдары) ауданда өңірдің кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында жобалық құны 34,9 млрд теңгенің 1 жобасы іске асырылды («Фирма Балауса» ЖШС-ның ванадий металын автоклавты тәсіл бойынша өндіру зауытының 1 кезеңі), өңірді индустрияландырудың екінші кезеңінде (2015-2019 жылдары) жобалық құны 64 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Бұл «Корпорация DANAKE» ЖШС-ның  жылына 1 млн тонна цемент өңдеу зауытының құрылысы. Іске қосылатын нысанында 260 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімінің бастамасымен облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланып, ауданда Жол картасы әзірленді. Жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 350 жоба (250 жоба ауылдық округтер бойынша, 100 жоба кентте) нақтыланып, 800 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

– Халықты жұмыспен және баспанамен қамту әркез назардан түскен емес.  Бұл туралы қосарыңыз қандай? 

– Ауданда 7 мыңдай адамға тұрғын үй салуға жер беру мәселесі 10 жылдан астам уақыттан бері шешімін тапған болатын. Осыны ескере отырып, өткен жылы аудандық бюджеттің қаржысы есе­бінен инженерлік-инфрақұрылым құрылысын салуға ЖСҚ әзірлеп, аудан әкімі бастаған құзырлы мекеме басшылары Астана қаласына барып тиісті министрліктерге бюджеттік өтінімдер тапсырды. Нәтижесінде биыл «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 60 млн 666 мың теңге қаржыға қол жеткізілді. 

Бүгінгі күні барлық жерде құрылыс жұмыстары аяқталып, 2 мыңның үстінде отбасы электр желісі, су, автомобиль жолдары салынған,   тұрғын үй салуға ар­налған жер учаскелерімен қам­тамасыз етілді. Биылғы жылы көлік қатынасынан қиындық көріп келе жатқан елді мекен тұрғындарының сұранысына сәйкес жол жөндеуге барлығы 174 млн 831 мың теңге қаржы бөлінді. 

– Рахмет!

 

Әңгімелескен

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<