Кибербуллинг: Баланы қалай қорғаймыз?

3803

0

Балаға психологиялық қысым көрсету мәселесі өзектілердің қатарында. Бұлай дейтініміз, БҰҰ-ның елімізде жүргізген зерттеуі нәтижесінде балалардың басым бөлігі сәби күнінен бастап кемсітуге тап болатыны анықталған. Ал, соңғы жылдары сандық технологиялардың дамуына байланысты балаларға қатысты зорлық түріне кибербуллинг, яғни онлайн қорлау қосылған. Мамандардың айтуынша, оның құрбаны –көбіне жасөспірімдер. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдерді кибербуллингтен қалай сақтандырамыз деген сауал туындайды. Жақында маңызды тақырыптың түйінін тарқату мақсатында қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Сабыржан Кеңшілікпен сұхбаттасқан едік.


Сабыржан, өзіңіз білесіз, бұл тіркес бізге шеттен келді. Жалпы осы буллингтің көздеген мақсаты қандай және қазір оның қандай түрлері белең алуда?


– Иә, буллинг ағылшын тілінен аударғанда қорқыту, кемсіту, мұқату дегенді білдіреді, яғни агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлап, өзін үстем санауы. Ол реляцион, сөз формасындағы және кибербуллинг болып бөлінеді. Пандемия уақытында әлемде осы кибер­буллингтің, интернет, әлеу­меттік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көр­сету түрінің өршігені анықталған. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қор­қытқан дерек көп. Кибер­буллинг жасайтындардың ара­сында педофилдер де кездеседі. Сарап­шылардың сөзінше, кибербуллинг – қазір бүкіл әлемдегі өзекті проблема.


Күресу жолы қандай?


– Балаларды ғаламтор қы­­­сы­мынан қорғайтын заң 21 елде бар. Мәселен, Оңтүстік Кореяда 2007 жылдан бері интернеттегі қудалаумен кү­ресетін арнайы заң жұмыс істейді. Германияда кибермоббинг ұйымдастырған ере­сек адам 10 жылға дейін, жасөспірім 5 жылға дейін сот­талуы мүмкін. Биылдан бастап Германияда кәме­лет­ке толмаған балалармен анайы әңгіме жүргізген қол­данушылар үшін жаза күшейді.

Қазақстанда әлі күнге дейін кибербуллинг тиісті заңдарда арнайы көрсетілмеген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда осы мәселені көтерді. «Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерінен қатты қиналады. Өкі­нішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе бала­лар­ды кибербуллингтен қорғау жө­нін­дегі заңнамалық шараларды қабыл­дайтын кез келді» деді Мемлекет басшысы. Алдағы уақытта сақ­тық шараларының күшейтілетіні анық. Дегенмен, қауіпсіздікке баса мән беруді өзімізден бастау маңызды. Қазір «Сабақ оқып отырмын» дегенді желеу қылған бала смартфоннан күні-түні қол үзбейді. Ал, ұялыны шектен тыс қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізіп қана қоймай, баланың өзіне таныс емес, белгісіз сайттарға кіріп, топ­тарға қосылуына, теріс ақпарат алып, санасының улануына әсер етуі ғажап емес. Сондықтан балаға, жас­­өспірімдерге жиі көңіл бөлу қажет, электрондық құрыл­ғылардан күн­делікті не көріп, не үйреніп жатқанын анықтап, баланың неге құмар екенінен хабардар болу әрбір ата-анаға артық етпейді.


Жасөспірімдерді ғалам­торға тәуелді болудан қалай сақтай аламыз?


– Бұл сауалдың нақты жауабы – бос уақытты тиімді ұйым­дастыру. Жастардың пайдалы үйірмелер мен спорт сек­цияларына қатысып, бо­йын­дағы талантын ұш­тау. Тиімді дүниелермен шұғыл­данып, қолы бос кезінде шы­ғар­машылықты немесе спортты серік етсе, бала кибербуллингке тап болмайды. Қазір облыс, қала, аудан көлеміндегі «Жастар ресурстық орталықтары» бұл мәселені күн тәртібіне қойып, нақты жұмыстар жүр­гізуде. Сонымен қатар жастарды, әсіресе, мектеп жасындағы балаларға теріс қылықтарды насихаттайтын сайттар, топтар, айдарлар анықталысымен, құқық қорғау органдарына жолданып отырады. Ал, олар­ды интернет шабуылынан қорғайтын мемлекеттік дең­гейдегі бағдарлама мен сайт аз. Тек safekaznet.kz қызметі арқылы шағымдануға болады. Ондағы мамандар посттың заң­сыздығын тексеріп, қажет жағдайда парақшаны бұғат­тау­ға күш салады.


Сұхбаттасқан


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<