Ұлттық қолөнер – бабадан қалған құнды қазына

1417

0

«Өнер таусылмас қазына, жұтамас байлық», – дейді дана халқымыз. Қазақ қолөнері – өзінің көркемдік мән-мағынасымен  халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан шыққан өнер туындысы, халық рухани байлығының көзі болып табылатын  бағалы құндылық. 

Қазақ халқының қолөнерін әлемдік дәрежеге шығарып, мол мұра қалдырған, есімі елге белгілі шеберлер бар. Соның бірі – Маханбет Жәнібек Асанұлы. Жуырда шебермен сұхбаттасудың сәті түсті. Іздеп барғанымызда ағаны шеберханадан таптық.

 

Жәнібек МАХАНБЕТ, қолөнер шебері:

– Қолөнермен айналысудың жеке тұлғаның қалыптасуына әсері қандай?

– Жастарды қолөнердің тәрбиелік мәні арқылы оқыту кезінде дүниеге, білімге, өзіне деген көзқарасын қалыптастырып, шығармашылыққа баулимыз.Ойға алған туындың сәтті шығу үшін жүрегің таза болуы керек. Қазіргі кейбір жастар төзімсіз, істің басын бастап, аяқтаусыз қалдырады. Жалпы, осы өнермен айналысу арқылы адам бойындағы жаман  қасиеттерді жеңуге болады. Бұл төзімділікке, алға қойған мақсатыңа жетуге, ойлау қабілетіңнің дамуына ықпал етеді. Еңбек үстінде шығармашылық ізденудің нәтижесінде көптеген қолөнер туындылары дүниеге келеді. Сол арқылы халықтың ілтипатына бөленесің. Іштей өсу, түлеу болып, осы бар өнерге деген ынтаң арта түседі.

– Елімізде қолөнер қалай дамуда?

– Қолөнердің дамуына кедергі көп. Ең бірінші, әрбір адам саналы түрде оянып, не нәрсенің пайдалы, ненің зиян екенін ұғыну қажет. Қазір химиялық жолмен әзірленген ойыншық, киім-кешек, тамақ және тағы сол секілді бұйымдарды күнделікті тұтынудамыз. Ақиқатында, осыдан аурудың түрі көбеюде. Табиғи жолмен дайындалған бұйымдарға ұлттық тұрғыда назар аударсақ, елдің денсаулығы да дәстүрлі өнеріміз де дами түспек. Мысалы, ағаш ыдыстар денсаулыққа, асты сақтауға пайдалы. Қарапайым ғана мысал, тамақ ішкенде ерінің күйіп қалмауға себеп болады. Тез суып кетпеуіне, дәмінің бұзылмауына әсер етеді.

Өкінішке орай, қазір кейбір жастардың қоғамдағы белсенділігі төмен, көп нәрсеге қызықпайды. Ғылым мен техниканың қарыштап дамып келе жатқан бүгінгідей заманда оқушыларға шығармашылық бағыт берген де дұрыс. Айтпағым, жеткіншекті өнер арқылы тәрбиелеу қазақ қолөнерінің дамуына әкеледі. Бұл – өнер мен еңбекті ұштастыру деген сөз.

– Қолөнер бұйымдарының ұмыт болғандары көп пе, қайтадан жаңғырту ісі жүзеге аса ма?

– Біздің жасаған дүниелер ата-бабаларымыздың жұмыстарынан әлдеқайда төмендеу. Ол кезде қарапайым құралдар арқылы халықтың сұранысын өтеген. Біз тек солардың үлгілерін түрлендіріп, заманға сай жаңғыртудамыз. Ұлттық қолөнер – бабадан қалған мәдени мұраның ең асыл құнды қазынасы. «Өнер көзі халықта» деген, алдымен өнерді халықтан үйреніп, көне мұраны жаңғыртып, ізденіп іске асыру перзенттік парызымыз деп түсіну керек.

– ЭКСПО көрмесінде болдыңыз, туындыларыңызды апардыңыз, алған әсеріңіз қандай?

Иә, ЭКСПО көрмесінде бастан-аяқ болдым десем де болады. Қазақстан қолөнершілер одағының мүшелері бас қостық. Үздік деп бағаланған қолөнер бұйымдарымызды алып бардық. Жоғары деңгейде өткізілген шарада  шетелдіктер жұмыстарымызға оң бағасын берді. Әсіресе, Польшадан, Ресейден, Түркиядан келген қонақтар қызығушылық танытты. Кейбір бұйымдарымды ұнатып, сатып алғандары да болды. ЭКСПО көрмесінде біз өзіміздің ұлттық дүниелерімізді әлем елдеріне таныта да көрсете де алдық деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты Арайлым ӨМІРБЕК,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенті.

 

 

ӨМІРДЕРЕК:

 

Маханбет Жәнібек Асанұлы 1950 жылы Сырдария ауданы, Қызылөзек ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын А.Тоқмағамбетов ауылындағы мектепте мұғалім, аудандық оқушылар үйінде үйірме жетекшісі қызметтерінен бастайды. 1987 жылдан бері ағаш ою өнерімен айналысып келе жатқан ол сол жылы Мәскеуде өткен қолөнер шеберлерінің фестиваліне қатысып, КСРО Суретшілер одағының дипломын иеленді. Бүгінгі таңда оның туындылары Американың Аризона штатында, Канаданың Кальгари, Англияның Лондон  және Қазақстанның әр қаласындағы жекелеген азаматтарда сақтаулы. 1998 жылы Астана қаласының ашылу мерекесіне арналған көрмеге қатысқан шебер 2006 жылы «Алтын сапа» конкурсының бас жүлдесіне ие болды. Ол Қызылорда облысының 70 жылдық мерекелік төсбелгісімен, Спорт және туризм Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сондай-ақ, Жәнібек Асанұлы 2014 жылы облыстық «Қолөнер – сырлы өнер» атты IІ республикалық конкурста жүлделі І орынға ие болды. Бұдан өзге республикалық, облыстық деңгейдегі сайыстарда бас жүлделерді қанжығасына байлағанын санамалап айту мүмкін емес.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<