«Мектептегі тәрбие жұмысына өзгеріс керек»

2964

0

«Заман тыныш, қоғам жайлы. Білім алуға керектің бәрі бар. Әлемге жол ашық. Бірақ тәрбие мен рухани құндылық кейінге қалды». Бұл жұртшылықтың жиі айтатын сөзі. Қазір үлкендер тұрмақ, кей баланың да кө­зінде нұр, көңілінде се­нім, бойында мейірім жоқ. Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотының судьясы Қайратбек Бержановпен әңгімелесу барысында осындай ой түйдік.

Сұхбатта балалар тәрбиесі мен қалыптасуы туралы кеңінен сөз қозғалды. Жуырда аймақтағы педагогтардың басын қосатын Тамыз кеңесі өтеді. Тәрбие ісіндегі бұл олқылықты оқытушылар да ескерсе дейміз.

«Рухани құндылық болмаса, білімнен

не пайда?»

– Қайратбек Махамбет­ұлы, жұмы­сыңыз балалармен тікелей бай­ланысты. Заман дамыды, бар мүмкіндік жасалды дей­міз. Бірақ, олар­дың дамуы, қалып­та­суы туралы сіз не айтасыз?

–      Күн сайын балаларға қа­тысты түрлі оқиғамен бетпе-бет келеміз. Олар қатысқан қылмыстарды көрген сайын осы әрекетіне не себеп болды деп ойланатынымыз рас. Қазір қоғамда шешімін таппаған, қордаланған мәселе өте көп. Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды тапсырды. Бірақ Үкімет халықты естімеуі былай тұрсын, мемлекеттік  органдар бір-бірін естімейтін жағдайға жетіп қалдық. Сот жұмысы әкімдік, білім басқармасы, бөлімдерімен байланысты. Кейде оқушылар арасында орын алған жағдайға қарай жеке қаулылар шығарып, министрлік, әкім­дікке осы іске қатысты шара қолдануын сұратамыз. «Осы кезге дейін мына шаралар жасалды, ескертілді» деген мәтіндегі хат келеді. Бірақ, мұндай ресми хабарламадан мәселе шешіліп кетпейді. Бала құқығын қорғау, тәрбие жұмысына байланысты шараларды жоққа шығармаймыз. Бірақ оқушылардың шағын аудандарға бөлініп төбелесуі, жазықсыз қатарласына жәбір көрсетуі бұрынғы жұмыстың көбі нәтижесіз екенін көр­сетеді.

Бізге жеткен әр жағдай балалардың көбінде құндылық жоқ екенін дәлелдеп кетеді. Қазір М.Дулатов (аты-жөні өзгертілді) деген оқушы­ның ісін қарап жатырмыз. 9-сыныптың оқушысы қоғам­дық орында бөтен біреуді пышақпен жарақаттаған. Неге мұны айтып отырмын? Мә­селе оның осы іске қалай қатысуында болып тұр. Бұл жасөспірім орталықтағы бел­гілі мектепте білім алады. Мән-жайды қысқа баяндасам, осы жағдайдың алдында бір күн бұрын көшеде екі бала оқушы қызбен сөйлесіп тұрады. Сол жерде қызды бұрыннан танитын жігіт жолығып қалып, әлгі балалармен арада жанжал туындайды. Кішігірім төбелес дұрыс амандаспады деген желеуден басталған. Біреуі сол жерде ағасын шақырады, ол да жанжалға кіріседі. Нәтижесінде екі жақ орталық алаңның тұсында жиналамыз деп уәделеседі. Ертеңіне әлгі жерде 30-40 шақты бала топтасады. Екі жақтан бір-бір «күшті» баланы шығарып, алдымен соларды төбелестіреді. Осының арты жаппай төбелеске ұласып, әуелде екі балаға соқтығысқан жігіт қашады. Соның алдында ғана жолдас­тары М.Дулатовты телефонмен шақырған. Тасбөгеттен арнайы келе жатқан М.Дулатов таксиден түсе сала, бір жігітті екі-үш жолдасының қуып бара жатқанын көреді. Оқиға неден басталды, кім кімді неге қуып бара жатқанын түсінбестен бұл да ілесіп, әлгі жігітке жетіп алып, жауырынына кішкентай пышағын салып қалады. Асығыста ет қызумен  жәбірленуші де оны сезбейді, қан саулағанын көргенде жанындағылар қашады.

Оқушы М.Дулатовтың әре­кетін қарайықшы енді? Ол жә­бірленушіні танымайды, өмі­­рінде көрмеген. Оқиғаның неден туындағанын да біл­мейді. Барды да дүрмекке ілесіп, қару қолданды. Бұл қоғамға қауіпті әрекет пе? Қауіпті әрекет.

Осы іс бойынша сот процесі өтті. Жағдаймен жете таныссын, мәселелер барын көрсін деген оймен мектеп директорын шақырдық. Алайда, еңбек демалысында жүруіне байланысты орнына тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасары келді. Дулатовтың қай жылдан бері мектепте оқитынын сұрап едік, нақты айта алмады. Мектеп оқушысының осы жағдайға қалай қатысқанын білесіз бе десек, оны да жөнді білмейтін болып шықты. Бұл жағдай мамыр айында орын алған. Сондықтан «Мұндай оқиға неден болды, бізден қандай кемшілік кетті деген оймен баланың ата-анасын шақырып, осыған не әсер еткенін сұрадыңыз ба?» десек, «Менен де басқа орынбасарлар бар, солар қараған шығар. Мен тәрбиеден бөлек, оқу процесіне де жауаптымын» дейді. Қазір мектептерде директордың орынбасары көп әрі оларды сыныптарға бөліп тастаған. Ол 9-11 сыныптарға жауапты тәрбие орынбасары болса, осындай тәрбиеден кеткен кемшілікті өзі анықтамағанда, кім анықтайды? Баланың ата-анасынан сұрасақ, ешкім шақырмаған. Қазір керісінше мектеп тарапы «баланы енді басқа мектепке немесе кол­ледж­ге оқуға алып кетіңіз» деп хабарласа береді екен.

Байқадыңыз ба, осы кіші­гірім жағдай бізде көптеген мәселе барын аңғартады. Мұн­дай балалар елдегі барлық мектепте бар. Біріншіден, мектеп тек қана білім беретін орда емес. Қазір білім сапасы жақсарды, бірақ тәрбие, ­танымнан ада балалар да қалыптасты. Кейбір оқу­шы­ларға алдында адам тұр ма, аю тұр ма бәрібір. Интернетте жан-жануарды тірі­лей өртеген балалардың бей­нежазбасы жүр. Оларда адамды аяу, тірі жанды жәбір­лемеу, бөтенді сыйлау, осы әрекетімнің арты не болады деген ұғым жоқ. Әйтпесе, өзіне титтей зияны тимеген, танымайтын адамға пышақ ала жүгіре ме? Оқушының бәрі қылмыскер емес. Бірақ осындай жағдайлардың орын алуы қазіргі білім саласындағы ахуал­ды көрсетіп тұр

–         Жәбірленушінің жағ­дайы қалай?

–      Ол аман-есен, жеңіл жарақат алған. Дулатов кешірім сұрады. Әке-шешесі кешірім берді. Сондықтан он бес жасқа толмаған әрі бірінші рет осындай әрекетке барғаны үшін Дулатов тек пробация қадағалауында болады. Бұл оқиғаны неліктен айттым? Меніңше, мектептің тәрбие жұмысына өзгеріс керек. Мұның алдында мектеп жұмысын ҰБТ-мен бағаладық. Қанша бала жоғары оқу орнына түсті, қанша балл алды дегенге ерекше мән бердік. Қазір мұнан өттік. Бірақ, әр мұғалім баланың неше балл алатынын ғана емес, тәрбиесін де ойлауы керек. Бала қылмыскер болып туылмайды. Ол қалыптасады. Он бір жыл бойы мектептің бақылауында болу, сол ортада тәрбиелену оған үлкен әсер етеді. Мұғалімге тәрбие туралы сөз қозғасаң, «ата-анасы бар емес пе?» дейді. Бірақ, ата-ана педагог емес. Он төрт жастағы баласы өзіне қарсы шықса, не істерін білмейтіндер көп. Әке-шешенің көбі баланың материалдық жағын ғана ойлайды. Саналы түрде арнайы кітап оқып, тәрбие беріп жүргендер аз. Намаз оқуым керек, сонда баламның да мінезі көркем болады, кітап оқуым керек, сонда ол да кітап оқиды, өзім бірінші адал болуым керек деп жүргендер бар. Бірақ көп емес. Бізге бала аман болса болды. Мектепке барып жүр, бірдеңе үйреніп жүр дейміз.

Ал, педагог білім мен тәрбие саласының маманы. Кез келген пән мұғаліміне жоғары оқу орнында педагогика мен психологияны міндетті түрде оқытады. Сондықтан олар балалармен қалай қарым-қатынас орнату керегін біледі. Қазір мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарынан балаларға тәрбиелік ықпал ету үшін не жұмыс істедіңіз деп сұраңызшы. Түсіндірме жұмыс жасаймыз дейді. «Тағы не істейсіздер?», «Шаралар өткіземіз», «Қандай шаралар өткізесіз?», «Тақырып бойынша жоспарлы шаралар өткіземіз». Мектепте жыл басында жоспар жасалады, ол да осыдан он жыл бұрынғы жоспардың көшірмесі секілді.

Кез келген пән бо­йынша білім берудің тәсілі заманға сай өзгеріп отырады. Ал, тәрбие жөніндегі әдіс-тәсілдерді өз­гертіп отырмыз ба? Мектепте Tik-toк пен Instagram, Youtubе-тың ықпалына қарсы бірдеңе жасап жатырмыз ба? Менің ойымша, нәтиже беретіндей ештеңе жасалып жатқан жоқ. Қазіргі бала газетті де, теледидарды да қарамайды. Олар интернеттен түрлі бейнежазба көреді, өзі секілді балалардың жасағанын қайталайды. Сон­дықтан бұрынғы сарында өтетін тәрбие сағатымен баланы қызықтыру, әсер ету мүмкін емес. Қазір әр мектепте психолог бар. Бір кездері суи­цид көбейді де, соған қарсы тест дайындап қойды. Суицидке барғысы келетін баланы бірден анықтап, жұмыс жасайды. Ал, неге біз әлгіндей рухани, ұлттық құндылықтан қағажу жүрген балаларды да анықтамаймыз?

Ұстаздар біздің бола­ша­ғымыз өздерінің қолында екенін сезінуі керек. Олар тәр­биелеген балалар қоғамға қандай адам болып қосылып жатыр? Қазір ұрлық-қарлық та, жол-көлік оқиғасы да көп. Неге? Жол сапасы 30 жыл бұрынғыдан әлдеқайда жақсы.  Көлік те көп бола берсін. Айдауымыз дұрыс емес қой. Әсіресе ауданнан қалаға жолаушы таситын таксилердің жылдамдығы адам шошырлық. Біреуді жазым етем-ау, жолау­шы­лардың жағдайы қалай болмақ деген оймен шаруасы жоқ. Тек озса болды. Сауат­тылық пен мәдениеттілік қайда? Ондай адамдар қайдан шықты? Олар шетелде оқып келген жоқ қой. Біздің мектепте, біздің қоғамда тәрбиеленді.

– Бұрыннан қалып­тас­қан жағдай, жасөспі­рім­дер­дің ауданға бөлініп, «шекарасын» белгілеп, бір-бірін кіргізбей қоюы әлі де бар ма?

–      Қармақшы мен Қаза­лыда балалар іштей аудандарға бөлініп алған. Жосалы кентінде де жасөспірімдер «Десятка», «Садовой», «Құсхана», «Аэропорт» атты аудандарға бөлініп жүретіні анықталды.

Өткенде Қазалыда мынадай жағдай болды. Екі-үш бала кешкілік көшеге шықса, екі-үш қатарласының кетіп бара жатқанын көреді. «Ей, сендер кімсіңдер? Бері келіңдер» деп айқайлайды. Әлгі үшеуі үндемейді, бейтаныс балалар тиісер деген оймен қашады. «Демек, бұл пәленшенің райо­нындағы балдар ғой» деп, бұлар да қуа жөнеледі. Жәй қумай, бірі әлгі үшеуіне жерден кірпіш алып лақтырады. Кірпіш біреуінің басына тиіп, жерге есінен танып құлайды. Жәбірленушінің осы оқиғадан кейін бас сүйегіне едәуір зақым келіп, ота жасатуына тура келді.

Бұл да кәмелетке толмаған баланың ісі. Мүлде танымайтын адамға жәбір көр­се­тетіндей бойды кернеген не деген өшпенділік? Не деген ойсыздық? Осы іс бойынша аудан әкімдігіне, аудандық полиция бөліміне кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізу үшін соттың жекеше қаулысы жіберілді. Бірақ бізге келген хаттан нақты ештеңе жасалмағаны байқалды.

– Мұндайда балаға деген отбасының әсерін жоққа шы­ғара алмаймыз. Ашушаң, ұстамсыз оқушылар қиын отбасынан шығатын болар…

– Әр кезде әртүрлі. Әлеу­мет­танушылар  қылмыскер негізінен табысы аз, жағдайы төмен отбасынан шығады деп жатады ғой.  Ол негізгі факті емес.

– Қазіргі балалардың бәрін бұзақы дей алмаймыз. Дегенмен,  бүгінгі бала­лар­дың нақты бейнесі қан­дай?

– Азаматтық жағдайларда кейде 5-6 жасар балалармен де сөйлесеміз. Әкесін тани ма, ата-анасы туралы ойы қандай екенін білгіміз келеді. Кішкентай баланың жүрегі пәк болады. Жасы өсе келе ата-ананың қателігі, ажырасу, қоғамның мәселелері, мұғалімдердің енжарлығы, достардың әсер етуінен кей бала бойындағы мейірімді жоғалтып алады. Қай балаға да ең бірінші әке-шешенің мейірімі керек. Барлық бала тәртіпсіз емес. Қазіргі балалар арасында өзгеріске жақын, арманға ұмтылатын, білімділері өте көп.

– Пандемия балалар ара­сын­дағы қылмыстылық дең­­гейіне қалай әсер етті?

–      Пандемия кезінде сәл де болса азайды. Бірақ бұл үлкен көрсеткіш емес. Статис­тиканың көбейгені, азайғаны қазіргі деңгейді айта алмайды.

Сұхбат арқылы білім сала­сының өкілдеріне қиын балалардың бар екенін айтқым келеді. Тек білім қумай, тәрбие саласының әдіс-тәсілдерін же­тілдірсе деймін. Үкімет жұ­мысты күшейту үшін мектеп директорының орынбасарларын көбейтті. Бірақ жағдай әлгіндей. Адамда мейірім жоқ болса, алған білімінен не пайда? Кейбір мектептер мінез-құлқы нашар балалардан 9-сынып аяқта­лысымен құтылуды ойлайды. «Бізден кетсе, болды» деген ой. Ол бала кетсе, мәселе шешілді ме? Неге оның тәрбиесіне бейқам қараймыз?

Бала құқығы дұрыс қорғалсын десек…

– Ата-ана қамқор­лығын­сыз қалған, қамқоршы бекі­тілген балалардың жағ­дайы қалай? Оларға қа­тысты құ­қық­­бұзу­шылық­тар болып тұра ма?

– Осы кезге дейін облыс көле­мінде жасы жетсе де, мектепке бармаған балалар анықталды. Балалардың заңды негізсіз бөтен адамдардың қолында тәрбиеленуі, ата-ана құқығынан айрылған ата-анасымен бірге тұру фактілері кездесті.

Мұндай жағдайлардың орын алуы сала жұмысына өз­геріс керек екенін бай­қатты. Бүгінде кәмелетке толмағандарға қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ретінде қалалық, аудандық білім бөлімдері бекітілген. Қызылорда қала­сының білім бөліміне жүк­телген қамқоршы және қор­­­ғаншылық жөніндегі функ­­­цияларға жетім, ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау, орналастыру және құқықтарын қорғау жатады. Сондай-ақ, қорғаншылар мен патронаттық тәрбиешілерге бақылау жүр­гізу, асырап алушылардың есебін алу, бөлек тұратын ата-аналар арасында балалармен кездесу уақытын белгілеу, сотқа қатысып қорытынды беру, ата-аналық құқығынан  айыру туралы сотқа талап арыз жолдау, сотта қолдау, ұйғарымына сәйкес тексеру актілерін жүргізу функцияларын атқарады.

Осы функцияларды жүргі­зуге бар болғаны бес маман бекітілген. Оның біреуі ғана мемлекеттік қызметкер. Қалған төртеуі штаттан тыс маман. Жоғарыда аталған функ­цияларды атқаратын бес маманның қалалық бі­лім бөлімі есебіндегі мыңдаған кәмелет жасқа толмаған балалардың құқық­­тарын қорғауға, жетім және ата-анасының қамқор­лы­ғын­сыз қалған балаларды ор­налас­тыру, олардың құқық­та­рын сапалы жүзеге асыруға мүм­кіндігі жетпейді.

Аталған жұмыстарды атқа­руға адам саны жеткіліксіз әрі материалдық жағдайының төмендігі байқалады. Ал, қа­ла­лық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары қам­қоршылық және қор­ғаншылық жөніндегі функциялармен ай­налыспайды. Себебі, білім бө­ліміне жүктелген басқа да міндеттер бар.

Бұл жағдай облыс бо­йын­ша кәмелетке толмаған бала­лардың сапалы қор­ға­луына кері әсерін тигізіп отыр.

Ойлап қараңызшы, бес адам жауапты әрі өте ма­ңызды функциялардың бәрін тиянақты, егжей-тег­жейлі ат­қаруына, қаладағы қан­шама боланың құқығының қорғалуына уа­қыты, физи­калық тұрғыда шамасы жете ме? Сондықтан, балаларға көрсе­тілетін қате­гездіктің ал­дын аламыз, жарқын бола­шағын қалып­тастырамыз десек, бұл жұ­мысқа жауапты қызметкер санын көбейту қажет. Тіпті оларға көлік қарас­­тырылса да артық болмас еді.

Сондай-ақ, жоғарыда айтып кеткенімдей балаларға қатысты құқықбұзушылықтар да кездесіп отыр. Осы тұрғыда кәмелетке толмағандарға қа­тысты қамқоршы және қорған­шылық жөніндегі функция­ларын жүзеге асыратын мамандарды білім бөлімінен бөлек шығаруға толық негіз бар деп санаймыз. Егер бұл шаралар атқарылса, балалардың құқықтары мен мүдделері сапалы қорғалар еді.

– Әлемде балалар қыл­мысы бойынша қай елдер ең төменгі көрсеткішке ие? Олардың тәжірибесін неге ескермейміз?

– Меніңше, Скандинавия, Норвегия, Финляндия, Швеция елдерінде балалар арасында қылмыс саны аз әрі бала құқығын қор­ғау бойынша алда тұр. Олардың тәжірибесін ескерген дұрыс, дегенмен біздің салт-санамыз бөлек. Ол жақта біржыныстылардың некесін қолдау, бала асырап алуына рұқсат беру деген секілді заңдар да бар. Сондықтан өзіміздің менталитетімізге ыңғайлысын қараған жөн. Осыдан бірнеше жыл бұрын балалардың құқығын қорғау ұйымы ЮНИСЕФ-тің бас­тамасымен Қызылордада бір жоба жасалды. Қылмыс жа­саған балалардың мінез-құлқын жақсартып, қоғамға бейімдеу үшін басқа елдердің тәжірибесін ала отырып, арнайы мекеме құрылды. Әлеу­меттік педагог, психологтар сабақ беріп, балалармен нақты жұмыс жасады. Нәтиже де жақсы екені байқалды. Бірақ біз соны тек жақсы жоба екен дедік те қойдық. Арада бір жылдан аса уақыт өтіп, жоба уақыты біткенде мекеме жабылды. Өзіміз неге ашпаймыз дегенде үнсіз қалдық. Осындай жобаларды іліп әкетіп, жүйеге енгізгенде балаларға пайдасы тиетін еді.

«Ішімдік саудасынан түскен пайда адал емес»

– Қазір балалар арасында қандай бұзақылық түрі көп?

– Біреудің затын тартып алу, телефонын алып қою, ұрлыққа түсу жағдайлары көп.

Ерекше айтып өту керек, елімізде қылмыстың көбі алкогольдің әсерінен болады. Ішімдіктің салдарынан бұзақылық жасайтындар, сол үшін ұрлыққа түсіп, жанжал шығаратындар көп. Ал арақ адамның ақылынан адасып, жақынына ауыр сөз айтып, отбасының бұзылуына әкеледі. Бұл балалар қылмысы ішімдік салдарынан болып жатыр дегенім емес, алайда ата-ананың алкогольге үйір болуы, некенің бұзылуы бүлдіршіндерге қатты әсер етеді. Мұндай балалардың кейбірі өскенде толық отба­сының, әке мен шешенің қа­дірін білмей жатады.

Бір алколгольдің әсерінен қаншама неке бұзылды, кө­ңілге сызат түсті. Сондықтан жамандықтың бастауы болған ішімдікті елге әкелмеудің амалдары қарастырылды. Бі­рақ бағасын қымбаттату немесе мүлде шығармай қою мәселенің шешімі емес екенін тәжірибелер дәлелдеді. Кеңес үкіметінде арақты мүлде шығармау, сатпау туралы да заң болды. Сол кезде халық таза спиртке су қосып ішкен жағдайлар кездесті, елде заңсыздық көбейді. Меніңше, ішімдікті ішпеу және арақ сатудан тыйылу бұл адамның ішкі рухына, ерік-жігеріне байланысты. Кәсіпкерлер ішім­діктен түскен табыс адал емесін түсінсе, жанталасып пайда үшін сатуын тоқтатса деймін. Халқымыз ежелден обал мен сауапты ойлаған, адал ризық іздеген, «біссімілласыз» астан ауыз тимеген. Қазір де жақынға жанашыр, пейілі кең кәсіпкерлер арамызда көп. Бірақ солардың көбі ішімдік сатудан түскен пайданың адал емесін ескермей жүр ме деп қаламын. Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады». Тағы бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) арақ ішкен адамның намазы қашан тәубе еткенше, қырық күн бойы қабыл болмайтындығын айтқан. Сон­дықтан «өзім ішімдік атау­лыға жоламаймын, маскү­немге іш­кізген мен емес» дейтін ниеті оң кәсіпкерлер осыны ескерсе деймін…

– Облыстық кәмелетке тол­­мағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудан­аралық соты тағы қандай мәселелерді қарайды?

–      Облыс орталығы мен барлық аудандағы кәме­леттік жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердің қыл­­мысын, жәбірлену, зор­лық-зомбылыққа тап болу жағ­дайларында, жалпы аса ауыр емес қылмыс түрлеріне қатысты заң бойынша шешім шығарамыз. Бала құқығы қорғалатын істердің барлығы азаматтық істерге жатады. Айталық, бала асырап алу, ажырасудан кейін баланың кімде қалатыны, ата-аналардың балалармен кездесу уақытын белгілеу, ата-ана құқығынан айыру, шектеу, баланың әкесін анықтау оқиғалары біздің жұмысымызға кіреді. Тіпті, бірнеше әйел алып, бала саны көп болғанда алиментті азайтып беріңіздер деп келетіндер бар. Әкімшілік істер бо­йынша көбіне балалардың түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз жүруін, әке-ше­шенің бала тәрбиесіне салғырт қарап, өз құқығын теріс пайдалану жағдайларын қараймыз.

–      Балалардың қазіргі жағ­дайына алаңдаушылық білдіріп, уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<