«Мемлекеттік қызмет баю үшін келетін жер емес»

135

0

Фото:

Мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей осы сала қызметкерлеріне байланысты. Ол қай кезде де биліктің бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Сондықтан  билік пен халық арасында  дәнекер болып жүрген мамандардың жауапкершілік жүгі де ауыр.             

Облыста үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші табысты еңбек етіп, аймақтың дамуына сүбелі үлесін қосуда. Олардың 791-і жас, 1471-і әйелдер. Басшы лауазымдағы әйелдердің саны – 294, 95,3%-ы жоғары білімді. Мереке қарсаңында газет тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиевпен сұхбаттасқан еді.

– Ерлеген Жәрдемұлы, басшы­лық қызметке келге­ні­ңізге екі жыл­дан аса уақыт болыпты. Салада қан­дай жұ­мыстар жасалды? Нендей өзге­ріс­тер бар?

– Алдымен басты мақсатымыз мем­лекеттік қызметтің сапасын арттыру, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін дамыту болды. Осы бағытта бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды.

Біріншіден, мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісін әділетті әрі ашық ету бағытында нақты шаралар қабыл­данды. Ашық конкурстар арқылы бі­лікті мамандарды іріктеу күшейтіліп, меритократия қағидаты берік орнықты. Әрбір үміткердің қабілеті мен кәсіби даярлығына басымдық беріліп, фор­ма­лизмнен арылу жолында жүйелі жұ­мыстар атқарылды.

Екіншіден, мемлекеттік қызметші­лердің этикасы мен жауапкершілігіне ерекше мән берілді. Этикалық норма­лардың сақталуын қадағалау тұрақты бақылауда ұсталды. Осы мақсатта ар­найы оқыту семинарлары, тренингтер ұйымдастырылып, мемлекеттік қыз­мет­шілердің этикалық мәдениетін арт­тыруға басымдық берілді. Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкілдердің жұ­мысы күшейтіліп, азаматтардың өті­ніш­­теріне жедел жауап беру тетігі же­тіл­дірілді.

Үшіншіден, цифрлық трансформа­ция және қызмет көрсету сапасын жақ­сарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік қызмет көр­сетудің электронды форматқа көшуі жеделдетіліп, азаматтардың уақытын үнемдейтін тиімді тетіктер енгізілді. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға оң әсер етті.

Сонымен қатар, кадрлық резервті жасақтау, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру, олардың кәсіби өсуі­не жағдай жасау бағытында да оң нәти­желерге қол жеткіздік. Жас мемле­кет­­тік қызметшілердің бастама­лары қол­­дау тауып, олардың арасында бәсе­келестік пен үздік болуға ұмтылыс арт­ты. Жалпы алғанда, өткен екі жыл ішінде мемлекеттік қызмет саласында оң өзгерістер болды деп нық сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, мемлекеттік қызметтің сапасын одан әрі жетілдіруге күш саламыз.

– Мемлекеттік қызметтің ашық­тығын арттыру бағытындағы жұ­мыс­тарға тоқталсаңыз…

– Мемлекеттік қызметке орна­ласу барысында конкурс комиссиясы жұ­мысының ашықтығы мен объективтігін қамтамасыз ету үшін байқаушылар қатысады. Оған  республиканың кез кел­­ген он сегіз жасқа толған азаматтары қатыса алады. Байқаушылар конкурсқа қатысушылардың құжаттарымен таны­сып, әңгімелесу кезінде баға береді.

Жыл басынан бері облыста барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда 125 бос лауазымға орналасуға кон­курс­тар өткізіліп, нәтижесінде 95 үміт­кер қабылданды. Өткізілген 125  кон­­­курстың ішінде үміткерлер құжат тап­­сырған 97 конкурстың барлығы 100% қоғамдық байқаушылардың қа­ты­суы­мен өткен.

– Кейде сала қызметкерлері 24/7 режимінде жұмыс істейтіндей кө­рі­неді. Бірақ олардың да отбасы, же­ке өмірі бар. Дегенмен кейінгі кез­дегі жақсы жаңалықтың бірі – икемді жұмыс кестесіне көшуі. Оның тиімді тұсы неде? Мамандар ара­сында осы икемді жұмыс кестесін пайдаланушылар бар ма?

– Мемлекеттік қызмет  істері агент­тігі төрағасының бұйрығымен мем­лекеттік қызметшілер үшін қашықтан, аралас  қашықтан, икемді режимде жұ­мыс істеу қағидалары бекітілген. Қа­шықтан жұмыс істеу және икемді жұ­мыс уақыты режимі олардың белгілі бір санатының кәсіби, отбасылық және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы кестені қамтамасыз етеді. Жұ­мыскердің өтініші негізінде жұмыс берушінің актісімен белгіленеді. Мұн­дай режимді қолдану кезеңі 6 ай­дан аспауы тиіс. Тағы да қажеттілік бол­ған жағдайда мерзімін 6 айға ұзар­ту­ға болады. Икемді жұмыс кестесін мем­лекеттік қызметшілермен қатар еңбек шарты негізінде жұмыс жасайтындар да пайдалана алады.

Бұл форматтың артықшылығы – қыз­меткер өзіне жүктелген 8 са­ғатты ыңғайына қарай қоя алады. Көп­балалы немесе асыраушысынан айы­рылған жар­тылай отбасы, үйінде мүмкіндігі шектеулі бала асырап отыр­ған ата-аналар осы кестемен жұ­мыс жасауына болады. Бүгінде  об­лыстағы  мемлекеттік  қызметшілер  икемді  жұмыс  кестесіне көшкен. Тәу­лігіне  тиісті  8 сағатты өз ыңғайына  келтіріп, жеке өмірі мен от­басына  ар­най  алады. Жаңа жүйе бо­­йынша кес­те жасағандардың бірі – біздің  де­партаменттің бас маманы Әлия Хож­банова. Үш баланың анасы түскі үзі­лісті қысқартып, кешкілік жұ­мыстан ерте қайту мүмкіндігін пай­­даланып отыр. Сонымен бірге 3 қызмет­кері­міз осы кестемен жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда облыста 60 мемлекеттік қызметкер икемді жұмыс кестесіне көшкен.

– Қарапайым жұртшылықтың мемлекеттік қызметке деген сені­мін қалай арттыруға болады? Жа­сы­ратыны жоқ, кей әріптесте­ріңіздің заң­сыз әрекеті тұтас осы салаға кері әсер етіп жатады.

– Мемлекеттік қызметшіге қойыла­тын талап жоғары. Бізге көп шектеулер бар. Негізгі қызмет – елге адал еңбек ету. Қызметті жеке мүддемен шатастырмау керек. Оны Президент те, агенттік тө­рағасы да әрдайым айтып жүр. Мем­лекеттік қызмет баю үшін келетін жер емес. Кейде өздеріне берілген қыз­мет­ті жеке мақсатқа пайдаланғысы ке­ле­тіндер де бар. Біз ондай кезеңнен ке­туіміз керек. Бұрынғы бюрократтық көзқарастан арылу қажет.

– Мемлекеттік қызметке іріктеу қалай жүзеге асады? Мемлекеттік қыз­метші болуға ынталы жас ма­манға қандай талаптар қойылады? Бұл салаға жұмысқа тұру қиын деген пікірге келісесіз бе?

–  Статистикалық мәліметке сәйкес, облыстағы 3300-ден астам мемлекеттік қызметшінің 800-ге жуығы – 35 жасқа дейінгі мамандар.  Облыста мемлкеттік қызметке қызығушылық танытатындар көп, сондықтан бұл салада бос орындар өте аз. Бұл жақсы. Кейбір облыстарда 300-400-ге  дейін бос орын бар.  Демек оларға мамандар жетіспейді. Ал біз­де керісінше, қателеспесем 26 бос орын ғана бар. Оның өзі де зейнетке шық­қан­дардың орны.

Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру қиын деген пікірге ішінара келі­суге болады. Бір жағынан, бұл пікірдің шынайы негізі бар, себебі мемлекеттік қызметке қабылдау процесі қатаң та­лаптар мен бірнеше іріктеу кезеңде­рінен тұрады. Екінші жағынан, қазір­гі кезде бұл салада ашықтық пен әділ­­дік принциптері едәуір күшейіп, көп­­ші­лік­ке бірдей мүмкіндік беріліп отыр.

Мемлекеттік қызметке кіру үшін үміткерлер заңнама бойынша тест тапсырып, жеке қасиеттерін ба­ғалатуы, әрі қарай сұхбат кезеңінен өтуі қажет. Бұл – білімді, дайындықты және жауапкершілікті талап ететін күрделі процесс. Сонымен қатар, жұмысқа ор­наласу үшін жоғары білім, кей жағ­дай­ларда мамандыққа байланысты ең­бек өтілі, мемлекеттік тілді білу, мо­ральдық-этикалық нормаларға сай болу сияқты нақты талаптар қойылады. Бұған қоса, мемлекеттік қызметкердің жұмысы – үлкен жауапкершілік пен тәртіпті қажет ететін сала, сондықтан іріктеу барысында талаптар жоғары болуы заңды.

Қазіргі таңда мемлекеттік қыз­мет­­ке жұмысқа қабылдау процесі ай­тар­­лықтай ашық және әділ өтеді. Бос орындар бойынша ақпараттар Мем­ле­кеттік қызмет істері агенттігінің сай­тында жарияланады және әрбір азамат конкурсқа еркін қатыса алады. Соңғы жылдары цифрландырудың енгізілуі арқылы да конкурс рәсімдері ашық әрі жария түрде өткізіліп келеді. Бұл кез келген білікті және ынталы азаматқа мемлекеттік қызметке орналасуға мүм­кіндік береді.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік қыз­­мет саласына жұмысқа тұру оңай емес, себебі ол жоғары жауапкер­ші­лік­ті, заңнаманы білуді және кәсі­би қабілеттілікті талап етеді. Бірақ бұл саланың ашықтығы мен мерито­кра­­тиялық принциптері ескерілетін бол­­са, дайындалған, адал әрі білімді азамат үшін бұл жол толығымен ашық деп айтуға болады. Сондықтан бұл пікір іші­нара шындыққа жанасады, бі­рақ дұ­рыс дайындық пен шынайы ниет ар­қылы кедергілерді жеңуге болады.

– Болашақта мемлекеттік қызмет қалай өзгереді деп ойлайсыз?

– Қазіргі әлемдік жетекші елдердің тәжірибесін талдап және зерделей оты­рып, мемлекеттік қызметтің сервис­тік және клиентке бағдарлану қағидат­та­ры­на негізделген моделі айтарлықтай бел­сенді дамуда.

Осыған байланысты, ҚР Президен­тінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен Қазақстан Республи­ка­сында мемлекеттік қызметті дамы­ту­дың 2024-2029 жылдарға арналған тұ­­жы­рымдамасы бекітілді. Жаңа тұ­жы­рымдама «Ең алдымен адамдар» қағидасы негізінде мемлекеттік қыз­метті заман талабына сай жетілдіруге бағытталып отыр. Онда мемлекеттік басқарудағы командалық-әкімшілік тә­сіл­дерден бас тартып сервистік мо­дельге көшу, әкімшілік рәсімдерді тү­бе­гейлі трансформациялау және цифр­лан­дыру бойынша қабылданатын шара­лар нақты көрсетілген.

Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру барысында қызметке кіру процесін жеңілдетуге, бюрократияны қысқартуға және кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесін ен­гізуге бағытталған жаңашылдықтар бар.

Тұжырымдаманы іске асыру мем­ле­кеттік қызметтің дарынды адам­дар үшін тартымды болуына, патрио­тизм­нің жоғары стандарттары мен ұлт­тың мүддесіне адал қызмет ететін кадр­ларды ұстап қалуды және кә­сіби­лен­діруді қамтамасыз етуге бағыт­талуға тиіс.  

– Қызметтен тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз? Мемле­кет­тік қызмет пен жеке өмірдің тепе-теңдігін қалай сақтайсыз?

– Бізді де күтіп отырған жақын­дарымыз бар. Үйге барған соң, жұ­мыс­ты ойламай өзіме, жақындарыма кө­ңіл бөлемін. Олармен бірге қызықты әрі көңілді уақыт өткізуді алдын ала жоспарлап қоямыз. Кейде жақын туыс­қандарға қонаққа барамыз. Ба­ла­ларыммен бірге кітап оқып, оны тал­қы­лаймыз, пікір алмасамыз. Әріп­тес­те­ріммен үстел теннисін ойнағанды жақсы көремін. Меніңше, әрбір адам жұмыстан тыс уақытта өзін дамытып, спортқа ден қойып, келесі күні жақсы көңіл күймен келу керек. Ол жұмыстың сапасына да, нәтижесіне де оң әсер етеді.

– Әріптестеріңізге мерекелік ті­легіңіз…

– Әріптестерімді, мемлекеттік қыз­мет­шілерді шын жүректен құттық­тай­мын! Бұл мереке – ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген, мемлекет пен халық арасындағы сенім көпірін берік ұстаған сіздерге көрсетілетін зор құрметтің, ризашылықтың күні.

Мемлекеттік қызмет – бұл тек ма­­мандық қана емес, елге, қо­ғам­ға адал қызмет ету миссиясы. Бұл – әрбір шешімде әділ болуды, әрбір әре­кетте жауапкершілік пен адам­гер­­шілік танытуды талап ететін жол. Сіз­дер – ел дамуының тірегі, халық­тың мем­лекетке деген сенімінің айна­сы­сыз­дар. Баршаңызға зор денсау­лық, от­басыларыңызға амандық, қызмет­те­ріңізге табыс пен жаңа жетістіктер ті­леймін! Ел игілігі үшін жасап жатқан істеріңіз әрдайым берекелі болсын! Ха­лыққа қызмет ету жолындағы істеріңіз жемісті, абыройлы болғай!

– Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Ел игілігі жолындағы қызметіңізге табыс тілейміз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»