Мұрат ЕРГЕШБАЕВ, Қазалы ауданының әкімі: КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ КӨП МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІН ШЕШЕДІ

766

0

Қойнауы  тоқсан тарау тарихи  мекен  – Қазалы өңірінің даму қарқыны көңіл қуантады. Қай салада болмасын, толымды тірлік атқарылып, серпінді жобалардың оң нәтижеге бастағанын байқайсыз. Қазалылықтардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жуырда құт қонған өлкеге ат басын бұрдық. Әдейілеп барған соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа жолығып, біткен іс пен кезегін күткен іс туралы әңгімелескен едік. 

– Осы күні елімізде кәсіпкерлікті дамыту негізгі міндеттердің біріне айналды. Мемлекет қолдауының кемі жоқ. Мұрат Нәлхожаұлы, бұл «қазақ жалқау» деген тіркесті қаншалықты сетінете алды деп ойлайсыз.

– Бұл тіркес Абайдың заманынан, тіпті одан әріден келе жатыр. «Кедейлік үш ағайынды болады, – дейді Мәшһүр Жүсіп. – Үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Осы үшеуін жеңе алған адам кедейліктен құтылады. Қазақтың санасында соңғы жылдары сілкініс пайда болғандай көрінеді маған. Бизнеспен айналысатындар көбейді. Оның сыртында қызығатындар, бірақ бастауға батылы жетпей жүргендер әлі бар.

2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы оң өзгерістерге себепші болып үлгерді. Мемлекет қолдауының арқасында халықтың болашаққа сенімі күшейді. Екі қолға бір күрек таппай жүрген, бірақ кәсіппен айналысуға ынталы азаматтар үшін зор мүмкіндік бұл. Бағдарлама аясында біз көптеген жоба әзірледік. Ендігі жерде соларды кезеңімен, кезегімен жүзеге асыру міндеті тұр.

Мал бордақылау алаңы, тігін цехы, тұрмыстық қызмет көрсету кешені сияқты бағыттар қаржыландырудан кенде емес. Енді бұл бағыттағы кәсіпкерлер кәсіп аясын кеңейтуге күш салады. Аяққа тұрғаннан кейін коммерциялық банк жүйесіне қатысып, қомақты несие алу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі кезде жеңілдікпен 7 жылға 6 процентпен 18 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Мұның өз қиыншылығы бар. Ең басты шарт кепілдікке қоятын мүлкің болуы керек. Мұндай шарт болмаған уақытта  қаншама қаржы қайтарылмай қалды. Ал кепілдікті міндеттеу адамның жауапкершілігін көтереді.

– Нақты қолдау тетігіне айналған бағдарламаның шарапатын қазалылықтар қаншалықты сезіне алды?

– Аймақ басшысы 2018 жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Осыған байланысты барлық қаржы көзінен облысқа 32 миллиард теңге бөлінді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ынталы азаматтарды сүйеп-сүйемелдеп келеді.

Бағдарламаның үш бағыты бойынша өткен жылға жоспарланған жұмыс толығымен орындалды. 150 адам кәсіптік оқуға, 400 адам қысқа мерзімді қайта даярлау курсына жіберілді. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 65 адамға несие беріліп, 200-ден астам адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген 50 адамның жалақысын субсидиялауға 15 миллион бөлінді. 20 жұмыс берушімен келісім негізінде 100 шақты адам әлеуметтік жұмысқа жолдама алды. 450-ден астам адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Жастар тәжірибесі аясында 20-ға жуық жас өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты.

12 жоба субсидияланып, 5 кәсіпкерге 6 миллион теңге қайтарымсыз несие берілді. 100 жоба қаржыландырылып, шағын және орта кәсіпкерліктің белсенділігі артты. 620 адам кәсіпкерлер қатарын толықтырды. Бүгінде 4 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанында 9 мыңға жуық адам жұмыс істеп жүр. Бағдарлама шеңберінде биыл да жұмыс жалғасады.

– Осы көрсеткіштегі ауылдардың үлесі қандай?

– Әлгінде айтқанымдай, бізде 4 мыңнан астам кәсіпкер тіркелсе, соның тек 22 проценті кәсібін ауылдық жерлерде дөңгелентіп отыр. Неге? Өйткені қарапайым ауыл тұрғыны мемлекет ұсынып отырған мүмкіндік туралы, оны қалай пайдалану керектігін біле бермейді. Білген күннің өзінде қорқасоқтайды. Кәсіп бастауға ниет білдірген адамды ауыл әкімі өзі жетектеп жүруі тиіс. Тиісті сала мамандары мен қаржы институттарына жолықтырып, жөн сілтеп, жол көрсетуі керек. Әйтпесе, сонша жерден барғанда тиісті мекемеге кіре алмай қайтса, біріншіден, уақыт жоғалтады, екіншіден, тауы шағылады. Бизнеске апаратын жолдың бастапқы сатысында сүйеу болмаса, іс өнбейді.

Бағдарлама бойынша былтыр дайындаған жобаларымыздың орындалуы ойдағыдай болған жоқ. Өйткені біз әдеттегідей кеш қимылдадық. Бағдарламаны өзіміз түсінеміз деп жүргенде біраз уақыт жоғалттық. Ал халыққа жеткізудің қиындығы тіпті бөлек. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту міндетін біз бірінші кезекке қойып отырмыз. Қайсысында кәсіпкерліктің қандай түріне қажеттілік бары анықталып, сол бағытта жобалар дайындалды. Қанша ақша керектігі есептеліп, арнайы жол картасы қабылданды.

– Ауылда немен айналысқан тиімді сонда?

– Мал бағу, егін егуге қазақ жаратылысынан жақын ғой. Сондықтан біз үшін ауыл шаруашылығы жерін тиімді мақсатта пайдалану маңызды. Бүгінде бұл санаттағы жер көлемінің 30 проценті ғана игеріліп келеді. Толықтай игеруге мүмкіндік жеткілікті. Ол үшін, ең алдымен, бос тұрған жер телімдеріне су апару керек. Біз қарап отырғанымыз жоқ. Өткен жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен 89 канал, 463 арық, 471 су тастау жүйесінің құжатын реттедік.

Қазіргі күні каналдарды ауданнан республиканың меншігіне өткізіп жатырмыз. Содан кейін оларды біртіндеп тазалаймыз. Каналдар тазаланғасын ауыл шаруашылығы жері толығымен айналымға қосылады. Кіндігі ауылға байланған ағайын сол кезде егін егіп, еңсесін тіктеген болар еді. Қазалылықтар тұтынатын картоп, пияз, қырыққабаттың 90 проценті сырттан тасымалданады. Ал жоңышқа Жаңақорған мен Қармақшы аудандарынан әкелініп жүр. Соны алыстан арбаламай, өзіміз ексек те болады. Атакәсіппен айналысуға тұрғындарда ынта болса, құба-құп.

– Халықты жұмыспен қамту қаншалықты мүмкін болып отыр?

– Жасыратын несі бар, халықты жұмыспен қамту мәселесі облыста ғана емес, республика бойынша да әлі де өзекті. Бұған байланысты арнайы жоспарларымыз бар. Сол бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өткен жылы экономиканың әртүрлі саласында 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оның басым бөлігі тұрақты. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,1-ден 5 процентке дейін төмендеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да назардан тыс қалдырған емеспіз. Жыл көлемінде осындай 30 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

– Жұмыс таппай сенделудің басты себебі неде?

– Бізде мұғалім, дәрігер, информатик, экономист, заңгер сияқты мамандықты бітіргендер көп. Содан кеп дипломын кәдеге жарата алмай жүреді. Барлығына бірдей мектептен, балабақшадан, ауылдық клубтан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Сондықтан жастардың жеке кәсіп бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасауға мүдделіміз.

– Кәсіпкерлікке тың идеямен келмесе де қиын. Ауданда, мысалы, мынаны қолға алса болар еді деп нені айта аласыз?

– Мысалы, бізде іскерлік кездесулер өткізуге арналған кофехана жоқ. Автокинотеатр ашуға да болады. Ол үшін соншалық көп нәрсе керек емес. Ғимарат салмайсың, көрерменге ерекше жағдай жасап әуреге түспейсің. Келген адам өзінің көлігінде отырып-ақ фильм тамашалай алады. Жастарда идея жеткілікті. Тек соны жарыққа шығару керек. Озық ойлы жастардан осындай ұсыныстар түсіп жатса, қолдап-қуаттауға әзірміз.

– Жеке қабылдауыңызға тұрғындар көбіне қандай мәселемен келеді?

– Жұмыс сұрап келетіндер басым. Жоғарыда айтқанымдай, бітірген мамандықтары бойынша нарықта сұраныс бола бермейді. Дегенмен, барынша көмектесуге тырысамыз. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтып, кәсіпкерлікке бағыттаймыз. Адам өзінің икемі бар, жақсы көретін кәсібімен айналысса, белгілі бір жетістікке жете алады.

– Мұрат Нәлхожаұлы, ауданды газдандыру жұмысы қай бағытта жалғасады? Қазалы қаласы мен ауылдардың халқы да үміттеніп отыр…

 

– Қазіргі күні Әйтеке би кентіндегі үй-жайлардың 65 проценті табиғи  газға қосылған. Тағы бір көшеге газ желісін тарту мүм­кіндіктерін қарастырып жатырмыз. Сәтін салса, ол биыл іске қосылады. Аймақ басшысының тапсырмасымен біз Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін қосып, екі аралықты үлкен орталыққа айналдырсақ дейміз. Газ, су құбырын, электр желісін тарту, жол салу сияқты шаруаны бастап кеттік. Осылайша газды Қазалы қаласына дейін жеткізу жоспарда бар.

Қазалы қаласын газдандырудың жобалық-сметалық құжатын әзірлеу мақсатында облыстық және республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Кентте 45 мың, Қазалы қаласында 8 мың түтін барын ескерсек, жобамыз жүзеге асқан жағдайда 55 мыңға жуық отбасы от жағып, күл шығарудың бейнетінен құтылады. Оған қоса Ғ.Мұратбаев ауылында тұратын жеке кәсіпкер өз күшімен ауылды газдандырудың жобалық-сметалық құжатын дайындауға ынта білдіріп отыр.

– Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығына қазірдің өзінде үйлер мен ғимараттар түсе бастапты…

– Екі аралықта тұрғын үй салу мақсатында жер телімдері белгіленді. Жыл басында аудандық аурухана мен сот ғимараты пайдалануға берілді. Биыл тағы 600 орындық мәдениет үйі, 250 келушіге арналған емхана, мемлекеттік мекемелер үйі салынады. Әйтеке биге арнап еңселі ескерткіш орнатамыз. Жастар Рәміздер алаңын салу туралы ұсыныс айтқан, оны қарастырып жатырмыз. Қалаға бара жатқан жолда тубдиспансер барын ескере отырып, екі аралықтың сол жағын медициналық кластер ретінде дамытқымыз келеді. Төрт қатарлы жол салып, жасыл белдеуге айналдырамыз. Демалатын орындар да болады. Бірақ үй салғанда сыртқы фасады, архитектурасы біркелкі, біздің талапқа сай болуы тиіс. Аймақ басшысы айтқандай, өйткені біз ауыл емес, қала салып жатырмыз.

– Үй мен жер кезегінде жылжу бар ғой, демек?

– Баспанаға мұқтаж 600-ден астам адам бар ауданда. Олардың қажеттілігін өтеудің тың тәсілдері мен жаңа жолдарын қарастыруға тиіспіз. Сол себепті Әйтеке би кентінен 18 пәтерлі жалдамалы көпқабатты тұрғын үй құрылысын салу жобасын әзірледік. Одан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көпқабатты 6 үйдің құрылысы басталды. Өзіңіз білетіндей, қазір инженерлік инфрақұрылымы тартылмаған аумақтан жер берілмейді. Заң солай. Осы мәселені шешу үшін ауданда 5 жаңа қоныстану аймағын игеруге кірістік.

Өткен жылы Әйтеке би кенті мен Басықара автожолы бағытындағы жарық, жылу, су жеткізілген 56 гектар аумақтан үй салуға деп 200 адамға жер берілді. Қазіргі күні аудан орталығынан тағы 180 және 210 гектар жер учаскелеріне инфрақұрылым тартыла бастады. Қазалы қаласында 180 және 81 гектар бойынша жоба әзірленіп, биыл республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Қазалы қаласы мен кент аралығын қосамыз. Қыруар жұмыстың арқасында, бұйырса, 3 мыңға жуық адамға жер беріледі. Әлбетте, бұдан кейін жер мен үй кезегінде тұрғандардың қатары азаяды.

– Қыруар жұмысты атқару үшін бюджетке қол жайып отыра беру де қисынсыз. Сондай сәттерде кәсіпкерлер қаншалықты көмектеседі?

– Қазалылық кәсіпкерлердің ұйымшылдығын үлгі етіп айтуға болады. Биліктің бастамасына үнемі бір кісідей үлес қосып, халыққа қолдау көрсетіп жүреді. Тұрмысы төмен отбасыларға отын-көмірін түсіріп, ас-ауқат, киім-кешек сатып алып беріп, жан-жақты көмектесуден бас тартқан емес. «Туған жерге тағзым» шарасы аясында қайырымдылық шаралары көптеп ұйымдастырылды. Сол кезде де кәсіпкерлер жұмыла жүк көтерді. Адам бір баланың басынан сипаса да үлкен сауапқа кенеледі. Бірақ кәсіпкерлер өздерінің жақсылықтарын жариялағанды қаламайды. Олардың кәсіп ашып, адамдарды жұмысқа тартып, аудан бюджетіне салық төлеп тұруының өзі – біз үшін үлкен қолдау.

Аймақ басшысы әкімдердің негізгі міндеті – салық базасын көбейтіп, тұрақты жұмыс орындарын ашу және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін әркез айтып жүреді. Ал шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту осы үш мәселенің де шешімін табуға негіз бола алады. Президент бәріміздің алдымызға ұлттық жалпы өнімнің жартысын шағын және орта бизнес есебінен қамтамасыз ету туралы тапсырма қойды. Сондықтан жергілікті бизнес қауымдастық өкілдерін осы істе көмекке келуге шақырамын.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<