«Мұғалім берген білім – кеудеңе жаққан шырақ»

1692

0

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлер біліктілігін арттыру институтының    директоры Бауыржан Елеусіновпен әңгіме.

– Осы мекемеде басшылық жасап келе жатқаныңызға біраз жыл болыпты. «Өрлеудің» шын мәніндегі өрлеген жылдарын сіздің басшылық қызметіңізбен байланыстыруға болады.

Артта қалған кезеңдерді еске түсіріп өтсеңіз?..

– 2008 жылдың қыркүйек айында осы бүгін өзім қызмет етіп отырған облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына директор болып тағайындалдым.

Жұмысқа кіріскен күннен бастап инс­титутта күрделі құрылымдық өзгерістер жасауға тура келді. Институт тарихында тұңғыш рет кабинеттік жүйеде жұмыс жасайтын кафедралар ашып, біліктілік арттыру курстарына лекция оқу үшін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дан Ермахан Нұрахметов пен Жеңіс Сәдуақасұлы, Бақытбек Сейсенов секілді ғылым докторларын шақырдық. Алматы қаласынан жерлесіміз, атақты математик, академик Асқар Жұмаділдаевқа қолқа салдық. Ол кісі математика пәні мұғалімдеріне дәріс оқып, курстардың ғылыми мазмұнын арттырды.

Онан кейінгі жылдары ғылым докторлары – Р.Наурызбаева мен Б.Қожамберлиев, ғылым кандидаттары Б.Ақпенбетов, Б.Ахметова, Б.Махмутов, Ұ.Ешимова, Ж.Исаевалар қызметке келді.

Бұрын институтта 2 ғылым кандидаты жұмыс жасаса, енді 2 ғылым докторы және 8 ғылым кандидаты жұмыс істей бастады.

Кадрлардың сапалық құрамын жақ­сарту және профессор-оқытушылар құ­ра­­мы­ның біліктіліктерін арттыру жұмыс­тарын жолға қоюмен қатар инсти­туттың материалдық-техникалық базасы нығайтыла бастады. 92 компьютер жаңар­тылды, 7 интерактивті тақта, 2 компью­терлік класс, 1 моноблок класы, 3 планшет класы, физика, химия және биология кабинеттері алынды.

– Бұл жұмыстарыңыз айтарлықтай нәтиже әкелген шығар?

–  Әрине, өз нәтижесін бере бастады.

Деңгейлік бағдарламалар және білім мазмұны жаңартылған бағдарламаларды оқыған тыңдаушылар курс соңында Педагогикалық шеберлік орталығы сарапшыларының алдында жоба қорғайды. Қорғау барысы видеокамераға түсіріліп, бағалау барысында пайдаланылады.

Қазіргі кезге дейін білім мазмұны жаңартылған бағдарламаларды оқыған 14722 тыңдаушының 52-сі жоба қорғай алмады, яғни, үлгерім – 99,65%. Мұны еліміздегі жоғары көрсеткіш деп санауға болады.

Институт қызметкерлері дайындаған облыс ұстаздары республикалық байқау­ларда жүлделі орындардан көрініп келеді. Респуликалық Педагогикалық идеялар понарамасы видеофильмдер фестивалінде төрт 1-орынға, үш 2-орынға ие болып, облыс елімізде екінші орыннан көрінді. Республикалық педоқуларда да облыс ұстаздары топ жарып жүр.

Жақында өткен республикалық буктрейлер байқауында тренеріміз М.Ор­ма­нова дайындаған қатысушылар 9 жүлдеге ие болды. Оның үшеуі 1-орын, төртеуі 2-орын, екеуі 3-орынды иеленді. Үздік оқытушыларымыз бен қыз­меткерлеріміз ҚР Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім басқармасы, облыстық білім және ғылым қызмет­кер­лері кәсіподағы тарапынан марапатталып тұрады. Өткен жылғы ұстаздар күні мерекесі қарсаңында Ж.Жұбауова, биыл Ұ.Есмағанбетова облыс әкімінің қабылдауында болды.

– Институт қызметкерлерінің білік­тіліктерін арттыру жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Бұрын институт қызметкерлері республикалық басшы және педагог қызметкерлердің біліктілік арттыру инс­титутында анда-санда біліктіліктерін арттырып келсе, енді шетелдердегі белгілі ғылыми орталықтарда біліктілік курстарынан өтіп, алған білімдерін оқу үрдісіне енгізе бастады. Атап айтқанда: Англияда 3, Францияда 2, Австрияда 2, Австралияда 1, Оңтүстік Кореяда 6 және Ресейде 3 қызметкер біліктіліктерін арттырды.

– Маман үнемі білімін толықтырып отырмаса, тұрып қалған су сияқты тартыла береді дейді. Сіздерге келіп білім толықтыруға әр маман міндетті ме әлде белгілі бір санаттағы мамандар келе ме?

– КСРО кезіндегі білім беру парадигмасы «адамның бүкіл өміріне жететіндей білім алу» болатын, яғни, институт қабырғасында алған білімің зейнетке шыққанша жеткілікті саналатын.

Бүгінде заман басқаша, көзқарастар күнде өзгеріп жатыр деп айтуға болады. Қазіргі кездегі білім беру парадигмасы «бүкіл өмір бойы білім алу» түрінде айтылады. Өйткені, жоғары мектеп қабырғасында алған білім аздық етеді. Оқу үрдісіне жаңа технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдер жиі енгізіледі.

Сондықтан, ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, әрбір педагог 5 жылда бір рет ұзақтығы төрт айдан аспайтын біліктілік курстарынан өтуі қажет. Ол педагогтердің тізімін облыстық білім басқармасының тапсырмасы бойынша қалалық, аудандық білім бөлімдері түзеді.

– Компьютерлік әлеуеті зор өркениет әлемі болашақта ешбір себепсіз, яғни, пандемиясыз, шектеу шараларынсыз-ақ барлық салада онлайн жүйесіне көшуі мүмкін бе? Егер сондай бір күн болса, оған қазірдің өзінде қандай салалар дайын деп есептейсіз?

– Бүгінгі күні интернет экономикасы дамушы елдерде жылына 25%-ке дейінгі қарқынмен өсуде. Экономиканың бірде-бір саласы мұндай қарқынға тіпті жақындай алмайды. Қазірдің өзінде интернетке 35 миллиард құрылғы қосылған және деректермен алмасуды жүзеге асырады, бұл цифр әлемдегі тұрғындардың жалпы санынан бес есе артық. Осылайша, цифрлық революция көз алдымызда өтуде.

Бұл өзгерістер соңғы жылдары түрлі салаларда қолданылатын көптеген технологиялық инновациялардың енгі­зілуімен туындады. Өндіріс және қо­сым­ша құнды алу тәсілдері түбегейлі өзгеруде, адамдардың білімі мен еңбек дағдыларына жаңа талаптар қойыла бастады. Өнеркәсіптік заттар интернеті икемді және ақылды өндірістің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өндірістік салалардың болашағын қалыптастыруда, еңбек өнімділігі революциялық сипатта өсуде. Жасанды интеллект қаржы қызметтері мен медицина сияқты консервативтік салаларда да енгізілуде. 3D басып шығару технологиясы бүгінгі күннің өзінде авиация, логистика, биомедицина және автомобиль өнеркәсібі секілді салалардың трансформациялануына зор ықпалын тигізіп отыр.

Елімізде 2017 жылдан бастап «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның басты мақсаты ел экономикасы даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Қазірдің өзінде жұртшылық көптеген қызметтерді электронды түрде алуда.

Сондықтан жыл өткен сайын барлық салаларда онлайн қызметтің арта беретіні анық. Қазірдің өзінде авиация және қаржы салалары мұндай өзгерістерге дайын деп есептеймін.

Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Кезінде Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген болатын.

Технологиялар ерекше дамыған заман­ның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетіп берді. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады. Өйткені мұғалім берген білім – кеудеңе жаққан шырақ. Сондықтан мен оқушылардың мұғалімсіз бірыңғай онлайн тәсілінде білімденуі мүмкін емес деп есептеймін.

– Мұғалім мәртебесінің мемлекеттік дәрежеде көтерілуіне сай бүгінде басқа салада жүрген педагогикалық мамандығы бар кісілер мектепке барып жатыр. Біраз жылын өзге салада өткізген олардың білім дәрежесін кім анықтайды?

– Елімізде 2019 жылдың 27 желтоқ­санында «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 21 баптан тұратын Заңы қабылданғаны белгілі. Осы құжат арқылы педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, олардың кәсіптік қызметін қамтамасыз ету, мұғалімдердің материалдық жағынан қам­тамасыз етілуі, педагогтердің білік­тілік­терін арттыру жағдайы, педа­гогтің міндеттерін айқындау секілді көптеген мәселелер елімізде тұңғыш рет заң жүзінде бекітілді.

Педогог қызметкерлердің айлықтары артты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұғалім жалақысы 4 жылда 2 есеге өспекші.  Осы жағдайда басқа салада жүрген мұғалім мамандығы бар кісілердің мектепке келуі заңды. Кезінде ғылыми коммунизмнің іргесін қалаушы К.Маркстің: «Сананы болмыс билейді» деген сөзі болатын. Демек, тұрмыс жағдайы төмен кісілердің барлығы да оны жақсартқысы келеді. Бұл жағдайда бұрынғы мұғалімдер алдымен педагогика, психология пәні бойынша тест тапсырады. Онан кейін әңгімелесуден өтеді. Мектепте арнайы ақылшы ұстаз бекітіледі. Қайтадан мұғалім болған ұстаздың сабақ беруін мектептегі пән бірлестігі де өз бақылауына алады.

– Карантин шектеулері кезіндегі жұмыстарыңыз қалай жүргізілді, кері әсер етті ме?

– ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, пандемия індеті тараған әлемнің барлық елдерінде дерлік мектептер толығынан жабылды. Тіпті, білімі мен ғылымы қарыштап дамыған, әлемдегі алпауыт ел Америкадағы 124 мың мектеп қиындыққа тап келіп, 55 миллион бала парталарында отырып, ұстаздан тікелей білім алудан шеттеді. Мектептердің жабылуы дүние жүзіндегі оқушылардың 87 процентінің білім сапасына кері әсер етті деген сөз.

Қалыптасқан жағдайға байланысты еліміздегі 7300-ге жуық орта мектептің 3,2 миллион оқушысы, барлық жоғары оқу орындарының және колледждерінің студенттері де осы тәсілмен оқуға көшті.

Мұндай жағдайда жауапкершілік те күшейе түседі.

Қызылорда облысы білім бас­қар­масымен келісе отырып, филиал оқы­ту­шылары жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздарға, облыстағы ата-аналар мен оқушыларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында 10-19 тамыз аралығында онлайн форматта «Қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне арналған» 18 оқыту вебинарын өткізді. Вебинарларда  қашықтан оқытудың қалай өтетіні, жалпы білім беру үдерісі қалай жүретіні жайлы толық ақпарат берілді. Вебинарлар жұмысына 35215 ұстаз, ата-ана және оқушылар қатысып, көкейде жүрген сұрақтарын қойып, көптеген ұсыныстар жасады.

Институт тренерлері қашықтан оқытуға қатысты ұстаздарға әдістемелік жағынан көмек қолдау жасап, онлайн семинар, вебинар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, консультациялар мен конференцияларды үздіксіз ұйымдастырып келеді. Атап айтқанда, қашықтан оқытудың тиімділігі мен өзекті мәселелері жайлы, дидактикалық тапсырмалар әзірлеу әдістемесі жайлы облыс мұғалімдеріне 159 онлайн-кеңес көрсетіліп, 62 вебинар, 51 видеоконференция, 21 тренинг, 19 онлайн дөңгелек үстел, 12 әдістемелік онлайн марафон өткізілді. Бұл іс-шараларға 3500-ге жуық ұстаз қамтылды.

– Әңгімеңізге рахмет. Білім қызмет­керлерінің біліктілігін арттыруға қосып отырған үлесіңіз еселене берсін.

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<