Нумерология сәуегейлік те, эзотерика да емес

1189

0

Сандар сіз туралы құпияны аша алады. Иә, қарапайым сандар. Нумерологтар оларды «сөйлетіп», өміріңізге қатысты құпияға толы ақпаратты айтып береді. Бүгінде қыз-келіншектер арасында олардың кеңесіне жүгінетіндер аз емес. 

Бейтаныс бағытқа қызығушы жастардың бірі Аружан Акбарова Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қаржыгер мамандығы бойынша оқып жатыр. Алайда, қызығушылығының арқасында біраз нәрсені меңгерген. 

Ол нумерология ғылымының құпиясын бізбен бөліскен болатын. Құрметті оқырман, сіз де зер салыңыз.

 

– Аружан, қалай нумеролог болуға болады, оның да оқуы бар ма?

– Мен қазір қаржыгер мамандығын игеріп жатырмын. Бірақ алдағы уақытта психология мамандығына ауысу ойымда бар. Нумерология мен психологияға қызығушылығым жоғары. Астана, Мәскеу қалаларындағы мамандар ұйымдастырған арнайы онлайн курстардан өттім. Осы күні оқимын деген адамға мүмкіндік көп. Бірақ оқытушыны да дұрыс таңдай білген жөн. Қазірдің өзінде менің қызметіме жүгінетіндер бар.

Сіз зерттеп жүрген ғылым саласы сандармен тікелей байланысты көрінеді…

– Нумерология сәуегейлік те, эзотерика да емес. Ол – ғылым. Бұл табиғат берген өте ыңғайлы құрал екенін үнемі айтып жүремін. Оған қызығушылығым артқан сәттен калькулятор арқылы адамның туған күні мен аты-жөнін сұрастырып, есептеуден бастағанмын. Адамның туған күні арқылы космограммасын да есептеуге болады. Яғни, белгілі бір уақытқа жететін өмірлік энергия қорын анықтайды. Тіпті, белгілі бір уақыт ішінде қанша рет шарықтау мен құлдырау кезеңдері болатынына дейін нақты көрсетіп береді. Сонымен қатар, қандай мамандық, бизнес сай келетінін, мінезін, өмірдегін, міндетін және тағы басқаларды анықтауға болады.

Бұл өзі қаншалықты шындыққа жанасады?

– Нумерологияға сенбейтіндер кездеседі. Аса сенімсіздік танытып, жәй ғана қызық үшін келетіндер бар. Кейбіреулер сеніп, шын ниетімен хабарласады. Өзім осы уақытқа дейін шамамен төрт жүздей адам қабылдаппын. Соның ішінде тек бірді-екілі адам ғана келіспеді. Жалпы ғылыми тұрғыда зерттелгендіктен болжамның 99,9 проценті шындыққа жанасады деп айта аламын.

– Адамның білім-білігін үздіксіз жетілдіріп отыруға кітап қана көмектеседі. Осы тұрғыда сіз қандай кітаптарды көп оқисыз?

– Нумерология бойынша кітап емес, тек курстар оқыдым. Ал психологияда «Подсознание может все», «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», «Стань счастливым за 21 день», «Пробуждения сознания» секілді кітаптарды оқыдым. Бұлардың барлығы өзіме жол көрсетуші деп атасам да болады. Қайсыбір кітапты оқысаң да ондағы ақпаратты күнделікті өмірде міндетті түрде пайдаланып, іске асырып отырған абзал.

– Қызығушылығыңыз қалай пайда болды? 

– Арнайы ұстаздардан білім алдым. Нумерологияға бұрыннан қызығатын едім. Өзімнен оған толықтай сәйкестікті көргелі бері осы саланы меңгергім келді. Ал психологияға келсек, 3 жыл бұрын өмірімде өте ауыр сынақ болды. Өмірден түңілдім, күнде жыладым, қатты қиналдым. Мінезім өзгерді, адамдармен араласуым қиындады, өте тұйық адамға айналдым. Сол кездегі жағдайды сөзім арқылы «шақырып алғанымды» түсініп, психологияға бет бұрдым және сол арқылы барлық минус жақтарымды түзедім.

– Онлайн марафон жүргізеді екенсіз, осы туралы айтып өтсеңіз…

– Нумерология бойынша мен мыңдық адамдардың қатарына жатамын. Және жеке кодымда психологтың, мұғалімнің белгісі бар. Мыңдық деген – 1000 адамға үлгі бола алатын адамдар. Әлеуметтік желіден психолгтардың семинарын көріп, мен де осылай басқа қыздарға сабақ өтсем, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге қосылғанда маған бәрі сұрақ қойып отырса деп армандадым. Осындай армандарымды «армандар картама» жаздым. Оның тез орындалғаны сонша, 2 айда 4 марафон өткізіп, 80 қызды жақсы жағына өзгерттім. Бәрі Алланың қалауымен, әрине. Ал онлайн марафонда «Реніштен арылу», «Өткен өмірдің есігін жабу», «Өзіңді осы қалпыңда қабылдау», «Бақыттың кілті – отбасы», «Бала тәрбиесі», «Тұрмыс құру», «Ең керемет ене менікі», «Армандар орындалады», «Мен ақшаға ашықпын» деген тақырыптар бойынша сабақтар өткіземін. Ол үшін қатысушыларға арнайы тапсырмалар беремін. Сол арқылы олар өздерінің жақсы жаққа өзгергенін байқайды. Бұл турасында сөз ету үшін мен алдымен өзім көп тәжірибе жасап, кітап оқыдым.

Уақытты қалай тиімді пайдаланасыз?

– Әрбір минутым жоспарланады. Әрбір күн, айымды жылдың басында жазып шығамын, яғни, жаңа жылда жоспарлап жазамын және сол бойынша жұмыс жасаймын.  Егер біреу шын ниетімен бір істі қаласа, онда оған уақыт табуға болады. Бұл өмірде ең бастысы ұйқы емес. Күніне бес сағат ұйықтаса да бәріне үлгереді. Осы тұрғыда «Магия утра» деген кітапты оқуға кеңес беремін.

– Қаншама адамның сенімін арқалау қиындық тудырмай ма?

Әрине, қиын. Ең алғаш адам қабылдағанымда әр адамның мәселесін талқылап, сол қиындықтарды тыңдап, жүрегіме жақын қабылдайтынмын. Алғашында бір апта бойына басым ауырып жүрді. Кейін үйреніп кеттім. Адамға дұрыс бағыт көрсету өте ауыр шаруа. Бір саннан қате кетсе, нәтиже де қате айтылуы мүмкін. Сондықтан үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Бұрын тек әлеуметтік желіде өткізетін уақытымды жұмыс жасағалы кітап оқуға алмастырдым. Мінезім өзгерді, оған ата-анам өте қуанышты және әрдайым мені қолдап отырады.

– Сұхбатыңызға рахмет! 

 

Сұхбаттасқан: 

Мәдина ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<