Қаласы бірдің – құндылығы ортақ

3593

0

Бір жылды еңсердік. Еңсеріп қана қоймай, құндылықтың төресі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам бастық. Жыл басында жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы сол қадамға салмақты ой тастап, бағытымызға бағдаршамдай құнды дүние болғанын жасырмауымыз керек.

«Сыр бойы» газеті Президент мақаласын негізге ала отырып және өңірдің тыныс-тіршілігін ой таразысына салуда «Сұхбаттың» ендігі еншісінде қала және аудан әкімдерімен де әңгіме жүргізеді. Біздің бүгінгі пікірлесуіміз Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен болған еді.

– Нұрлыбек Машбекұлы, Ұлы Жібек жолының бо­йындағы тарихи шаһардың тәуелсіздікпен бірге түлеп келетін жаңа келбеті көптің көз алдында. Сырдың жүрегі жұртының тілегімен, ынтымақ-бірлігімен жасампаздық жолын айқындай алды. Қандай ой қосар едіңіз?

– Биыл еліміз егемендігін алып, еңсе тіктеп, шекарасын шегендеп, Тәуелсіз мемлекет болып танылғанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде Қазақстанның экономикасы өркендеп, қай саланы сараласақ та даму үдерісі қалыптас­ты. Тәуелсіздік жылдарында жасампаздықтың жаңа тарихы жазылып, мерей мәртебеміз асқақтай түсті. Осындай толағай табыс­тарға Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген көш­бас­шылығымен, халқымыздың парасат-пайы­мы, қа­жырлы еңбегімен қол жеткендігін айтуға тиіспіз.

Өзіңіз жақсы білесіз, Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев­тың «Тәуел­сіздік бәрі­нен қымбат» атты мақаласы жарыққа шыққаннан ел көңілін елең еткізді. Сол мақалада Президент: «Егемендігіміздің мәңгі­лік үштағаны – Алтайдан Атырау­ға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымыз­ға дарыған қас­терлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымыз­ды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз» деп айрықша атап өтті. Міне, осы үштаған үйлестік тап­қан, тамыры терең, баба тарихына бай, жаңашылдыққа ұмтылған Қызылорда қаласы да қарыштап дами түсті.

Болашаққа сенімді көз тастаған, кемел келешекке көш бастаған, Ұлы өзеннің қос қапталын бойлай орна­лас­қан ажары ашық, жері бай, халқы қонақжай, әсем қаламыз жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Қала халқының айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуеті артқан шаһарлардың біріне айналып келеді. Біз баршамыз аймағымыздың тағылымды тарихымен, дәстүрімен, сү­йікті қаламыздың көркем келбетімен мақтанамыз.

– 2020 жыл адамзатқа төнген жұқпалы кеселден күрделі сипатта есте қалды. Әдетте мұндай сындарлы кезең қайсыбір қала үшін де оңай болмағаны анық. Ендігі кезекте шаһардың көрсет­кіштері туралы айтсаңыз…

– Әрине, өткен жыл сындарлы уақыт болды. Алайда, сан саланың да­муына тежеу болған пандемияға қара­май, қаламызда экономикалық тұрақты жағдай қалыптасты. Бірқатар көрсет­кіштер бойынша өсу тенденция­лары байқалды. Бұл да – ел бірлігінің жемісі.

Мәселен, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 104,7%-ке орындалды. Облысқа салынған инвестицияның 52,4%-і Қы­зылорда қаласының үле­сінде.

Құрылыс қай кезде де дамуға өл­шем болатын көрініс. Айталық, өткен жылы қаладағы құрылыс жұмыс­тарының көлемі 58 млрд теңгеге жетсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 124,7%-ті көрсетеді. Облыста жа­сал­ған құрылыс жұмыстарының 54,5%-і қаланың үле­сіне тиесілі. Қар­жыландырудың бар­лық көздері есебінен 2020 жылы жалпы ауданы 371 мың 314 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бір жылда 1 500-ге жуық қызылордалық баспаналы болып, 2 мың 380 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің табысы да жоғары болғанын білесіз. Бұл салада жалпы өнімнің көлемі былтыр 9,4 млрд теңгені құрап, 2019 жылмен салыс­тырғанда 102%-ке орындалды.

Ал, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қаланың күн тәртібінен түс­кен емес. Салыстырмалы түрде айт­сақ, облыс бойынша нақты жұ­мыс жасап тұрған шағын және орта кә­сіпкерлік субъектілерінің 47,7%-і Қызылорда қа­ласының енші­сіне тиесілі. «Бизнестің жол кар­тасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы негізінде бүгінгі таңда жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 161 жоба қаржыландырылса, мемлекеттік қай­та­рымсыз гранттар беру бағыты бо­йынша комиссия шешімімен құны 56,5 млн теңге болатын 30 тұр­ғынның жобасы қолдау алды. Әрине, кәсіпкерлікті еңселендіре беру үшін мұнымен шек­теліп қалмаймыз. Өйткені, бәсекелестік күшті, ал бәсеке әркез ширай түсуімізге негіз болады.

Кейінгі жылдары «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағ­дар­ламасы жаңа қырынан бой көрсете бастады. Өткен жылы жеңіл­дікпен несиелеу арқылы құны 968,3 млн теңгені құ­рай­тын 13 жоба қаржыландырылды.

Қаланың жол-көлік инфрақұрылы­мының дамуы кейде өткенді еске салатынын жасырмау қажет. Осыдан он, он бес жыл бұрынғы жағдай қазір өзгерген. Сол өзгерістің оң сипатта әрі қарқынды дамуда шаһарға жаңа шырай әкелгенін тағы бір Тәуелсіздіктің жемісі деп бағаласақ игі.

Өткен жылдың өзінде республи­калық және жергілікті бюджет есе­бінен 408 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Бұл – үлкен еңбек. Жылды жоғары көрсеткіштермен қоры­тындылауымызға, өңір эконо­мика­сының даму динамикасына оң әсер еткен Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асқан «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» болды. Бағдарлама аясында бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, жол жөнделіп, «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылды. Көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 30 спорттық және 3 стритбол алаңдары, 68 көшеге тротуар, 70 дана аялдама салынды. Осы жобалар аясында барлығы 5021 жұмыс орны құрылды.

 – «Жол картасы» демекші, шын мәнінде қаланың осынша жыл тарихында «дүре тимеген» кейбір тір­шілігін жандандырып әкеткен бағ­дарламаның игілігі аз болған жоқ. Талай көше жөн­делді, жаяу жүргін­шілер жолы салынды. Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Биыл да жол жөндеу жұ­мыс­тарының қарқынын бәсеңдетпеуді ойластырып отырмыз. Осы мақсатта жыл басынан 1,7 млрд теңге 51,3 шақырым болатын 94 көшеге қиыр­шық тас төсеуге бағытталса, оның ішінде 498 млн теңге  «Әл Фараби», «КБИ» және «Бәйтерек» шағын аудандарындағы жалпы ұзын­дығы 9,2 шақырым болатын 27 көшеге малта тас төсеуге қаралды.

Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы арқылы қаламыздағы тұрғын үй құрылысына және инженерлік ин­фрақұрылымды дамытуға республи­калық және облыстық бюджеттен 5 млрд 548,1 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы СПМК-70 және Сырдария өзе­нінің сол жағалауына 1 мың 290 көппәтерлі тұрғын үй құрылысын облыстық бюджеттен қоса қаржыландыру арқылы жүргізуге, СПМК-70, Жезқазған тас жолы бойындағы 150 гектар жер мен «Шанхай», «Титов», «Әл-Фараби» шағын аудандарының инженерлік инфра­құрылымын жайластыруға бағытталды.

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдар­ламасына сай қаралған 1,6 млрд теңге аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 192 тұрғын үй сатып алуға бөлінді. Елді мекендерді ауызсумен қамту және су бұру жүйелерін дамытуға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 392 млн теңге қаралса, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында 5,5 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде 4,4 млрд теңге «Бәйтерек» шағын ауданындағы 600 орындық, Қызылжарма ауылдық округіндегі 900 орындық мектептің құрылысын жүр­гізуге, қаладағы су және кәріз желілерін, канализациялық насостық станцияларды қайта жаңғыртуға ба­­ғытталатын болады. Сырдария өзе­нінің сол жағалауынан көгалдағы хоккей алаңының құрылысын жүргізіп, Ғ.Мұ­рат­баев көшесінде орналасқан «Әлеу­меттік қызметтер көрсету орта­лығының» бақылау-өткізу пунктін қай­та жаңғыртуға, Тасбөгет кентінде салынатын денешынықтыру-сауық­тыру кешенінің құрылысына, қалалық ішкі істер басқармасының Тасбөгет полиция бөлімшесінің уақытша ұс­тау пунктіне қосымша бөлме салу үшін әкімшілік ғимаратын қайта жаң­ғыртуға облыстық  басқармалар ар­қылы 1,1 млрд теңге бөлінді.

Жоспарға сай Қосшыңырау және Талсуат ауылдық округтерінің инже­нерлік инфрақұрылымын жайластырып, дамытуға «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде 351 млн теңге қаржы қаралады деп күтілуде.

Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қор есебінен бөлінген 1,8 млрд теңге қаржы есебінен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Бейбарыс Сұлтан көшесіндегі көпірден бастау алып, ұзындығы 2,35 шақырымға созылатын жалпы қалалық маңызы бар магистральдің құрылысын жүргізуге  1,1 млрд теңге бөлінсе, Бейбарыс Сұлтан көшесі мен Жібек жолы даңғылын жалғайтын «Қызылжарма» каналына дейінгі ма­гистральдің құрылысын жалғастыруға 294 млн теңге қаралды.  Қалған 356 млн теңге қаланың сол жағалау бөлігіндегі саяжай ауданына аудандық маңызы бар көше салуға бағытталды.

Сонымен қатар, қалалық бюджет­тегі бос қалдық есебінен  Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 50 пәтерлік тұрғын үй құрылысына 615 млн теңге, қала тұрғындарының басым көпшілігінің сұрауы бойынша көпқабатты үйлердің аулаларына ойын алаңдарын салуға 175  млн теңге қаржы бөлінді.

Қала әкімдігіне халықтан келіп түс­кен арыз-шағымдардың басым бөлі­гінің көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәсе­лесі екендігін ескере отырып, қалада жеке ин­весторлар қаржысына салынып жатқан тұрғын үйлерден 60 пәтер сатып алуға қалалық бюджеттен 276 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. 

– Бір кездері шетін қалып келген шет аймақ мәселесінің кейінгі жылдары көбесі сөгіліп, көп еңбектің жасалып жатқандығын білеміз. Халықтың тұрмыстық, мәдени қажеттілігін аз ғана уақытта орындап тастау тағы мүмкін емес. Әйтсе, де «Сабалақ», «Маханбетов», «Наурыз» секілді аудандарға газ қашан жетеді дегенді жұрт өзіңізден білгісі келеді…

– Ақсуат ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз етуге мемлекеттік  сараптаманың оң қорытындысы алынып, республикалық бюджетке ұсынылды. Елді мекенді газбен қамтуға қажетті қаражат 5,4 млрд теңгені құрайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 маусымдағы №375 қау­лысымен Қызылорда облысын әлеу­меттік-экономикалық  дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, Ж.Маханбетов ауылына дейін жоғары қысымды газ құбырын, Ж.Маханбетов және «Наурыз»  саяжайы орамішілік газ құбыр­ларын салу  2021-2022 жылдарға жоспарланды.

Ал «Сабалақты» газдандыру «Эдель­вейс», «Орбита» саяжайларымен қатар 2025 жылға дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Ақсуат ауылдық округі толығымен ауызсумен қамты­лып, жол мәселесі де жыл санап өз шешімін тауып келеді. Мәселен, 2019 жылы 11 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе,  2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» аясында 17 көше, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 көше және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа тағы  1 көше жөндеуден өтті.

«Сабалақта» кезегін күткен мәсе­ленің бірі саяжайды ауызсумен қамту болатын. Бұл мақсатта 2018 жылы арнайы жоба әзірленіп, жобаның І кезеңі аясында ұзындығы 17 шақырым болатын су құбыры жүргізілді. Жобаның ІІ кезеңін жүзеге асыру 2020 жылы жалғасса, 2021 жылға Ұлттық қордан 576,5 млн теңге бөлініп, саяжайды ауызсумен қамту жыл аяғында толығымен жүзеге аспақ.

Өткен жылы саяжайды электр же­лісімен қамтамасыз етуде 93,5 млн теңге қаржы қаралып, аталған аумаққа 6 трансформатор орнатылды. 17,6 ша­қырым жерге электр желісі тартылып, 488 дана электр бағаналары қойылды.

– Нұрлыбек Машбекұлы, білім саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Қаладағы мектептердің жағдайы жақсы, тәртіп жолға қойылған. Дегенде кейбір білім ошақтарында баланың тығыздығы байқалады…

– Қаламызда халық санының артуына орай, жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтергендігін жақсы біле­сіздер. Бұл өз кезегінде білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жә­не жаңа мектеп құрылыстарын жүргізу мәселелерін туындатып отыр.

2020 жылы Жаппасбай батыр кө­­шесіндегі жаңа тұрғын аудан­да 600 орындық мектептің құ­ры­лысы аяқталып, пайдалануға берілсе, «Қы­зылорда-Жез­қазған» трас­сасы бо­йынан 600 орындық мек­тептің құры­лысы басталды. Жеке инвес­тордың қаржысына «Саяхат» шағын ауданынан 300 орындық білім ұясы салынуда.

Биыл, осы жұмыстардың жалғасы ретінде Қызылжарма ауылдық окру­гінен 900 орындық мектеп құрылысы жүргізіледі.

Сонымен бірге, «СПМК» және «Арай-3» шағын аудандарынан 600, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 900 орындық мектеп құрылысын жүргізу мақсатында жобалық-сме­талық құ­жаттары әзір­леніп, мем­ле­кеттік сараптаманың қо­ры­тындысын алуға ұсынылды. Тиісті құжаттар толық дайын болғаннан ке­йін құрылыс жұ­мыстарын жүргізуге бюджеттік өті­нім берілетін болады.

– Өткен жылы Абайдың – 175, әл Фарабидің – 1150, Ұлық Ұлыстың – 750, Жеңістің 75 жылдығы аталып өтті. Пандемия бұл шаралардың шарықтау деңгейінде өтуіне мұрша берген жоқ. Әйтсе де, осы бір рухани өрлеуге Қызылорда қаласы қан­шалықты үлес қосты деп ойлайсыз?

– «Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Жер бетіндегі өркениетті елдер ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақта­нып, өздерінің төл туындысы арқылы басқадан ерекшелініп жатады.

2020 жыл еліміз үшін де, өңіріміз үшін де айшықты оқиғаларға толы болды. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия жағдайына қарамастан, мәдениет саласы өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Уақыт талабына сай бейімделіп, түрлі бағыттағы іс-шаралар онлайн өткізіліп келеді. Алтын Орданың – 750 және Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы даланың ұлағаты» атты республикалық ақындар айтысы, қалалық Жастар театры О.Нұрмахановтың «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» атты трагифарс спек­таклін ұсынып, аталған қойылым ха­лық­аралық онлайн байқауда ең жоғары І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, Ұлы ақынның шығар­машылығынан «Құлақтан кіріп, бойды алар…» фольклорлық ансамбльдер байқауы, «Абай әлемі – ұлт те­­­мір­қазығы» атты ділмар шешендер бай­қауы және т.б. түрлі бағытта шаралар атқа­рылды.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қаладағы ардагерлерімізге құр­мет көрсетіліп, қала күні аясында «Тағзым» алаңы қайта жаңғыртылды. Жалпы­­халықтық қолдау тапқан #МенБатырдыңҰрпағымын атты челенджге қызылордалықтар белсенді қатысты.

Жылдың межелі шағында, яғни, 8 желтоқсан күні Елордада өткен «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық аламанда айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов үшінші мәрте алтын домбыраны иеленіп, рухымызды серпілтті.

– Қаланың астана болған кезінен қалған бірқатар ғимарат бар. Осы тарихи нысандардың сақталуына қан­шалықты мән беріліп отыр? 

– Ол ғимараттар қазіргі кезде тарихи-мәдени мұра нысандары тізіміне енгізілген, яғни мемлекет қолдауына, бақылауына алынған. Бұған қала әкімдігі ерекше мән беруде. Жалпы, тарихи-мәдени мұра нысандары тізіміне Қызылорда қаласы бойынша 79 нысан енгізілген. Ал қаланың астана болған кезінен қалған тарихи-мәдени мұра нысандарының саны – 14. Олар – «Айтбай» мешіті, құтқарушы Христос шіркеуі, бұрынғы қыздар приход училищесі болған, қазіргі «Аль-Асад» дүкенінің ғимараты, темір жол вокзалы, темір жол клубы, локомотив депосы, қалалық монша ғимараты, бұрынғы облыстық әскери комиссариат секілді ғимараттар.

Бүгінгі таңда олардың келбеті толықтай сақталған. Яғни, белгіленген мерзімдерде жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп отырады. Оған мемлекет бюд­жетінен қаржы қарастырылады. Жөндеу жұмыстарын тарихи-мәдени мұра нысандарын жөндеуге лицензия­сы бар тұлғалар ғана жүргізе алады.

2017 жылы біз белгісіз себептермен қаланың ескі орталығында бұзылып кеткен, Қазақ зиялылары кеңес заманында бас қосып, ұлт қамын ойлаған Орталық атқару комитетінің ғимаратын мұрағатта қалған ескі сызбалар арқылы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру барысында салып, пайдалануға бердік. Қазіргі уақытта аталған ғимаратта мұражай мен «Рухани жаңғыру» орталығы орналасқан. Өткеніміз бен бүгініміз осылайша сабақтастық құрса, сол тарихи нысандардың келбетін өзгертпей сақтап қалу және келешек ұрпаққа жеткізу –  парызымыз.

– Қаланың дамуы, түптеп келгенде, оның бас жоспарына байланысты. Сол жағалаудың өзі шаһардың жаңа келбетін айқындап берді. Дамудың ендігі діңгегі қалай болмақ?

– Бұл енді қаламыздың даму ке­ле­шегін айқындайтын басты тірек. Бе­кітілген Бас жоспарға 2019 жылы өзгерістер енгізіліп, оның аумағы 11 мың гектардан 20 мың гектарға ұлғайды. Қаламыздың шегіне «Бәй­терек» шағын ауданы, бірқатар саяжайлар аймағы енгізілді. Қазіргі уақытта бұл аймақтар даму үстінде.

Бір ғана мысал айтайын, облыс орталығында тұрғын үй құрылысының көлемі 2013 жылы 270 мың шаршы метр болып қабылданса, 2019 жылы 700 мың шаршы метрге жетті. Демек, екі жарым есе көп берілді. Нәтижесінде, қаланың оң жағалауының өзінде 100-ге жуық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Құрылыс – бұл тұрмыс. Тұрмысты түзеу үшін жасалып жатқан талпыныс қаланың қарымын осылай кеңейтіп отыр. Шаһардың жоспарлы дамуын қам­тамасыз ету мақсатында Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру қолға алынды. Алдымен Сырдария өзенінің үстінен көпір салынып, жаңа қаладағы алғашқы құрылыстың іргетасы 2017 жылдың мамыр айында түсті. Әуелі 18 көпқабатты тұр­ғын үйдің, одан әрі жаңа айтып өткен ескі сызбаға сәйкестендірілген бұрынғы Орталық атқару комитетінің ғимараты (музей) және 320 орындық балабақшаның кірпіші қаланды. Осылайша, Сырдарияның сол жағалауы сәтті жобаға айналды. Бой көтеріп жатқан ғимараттар халыққа қуаныш сыйлап, қалаға көрік қосты.

Қазірдің өзінде, сол жағалауда 50 көпқабатты тұрғын үй салынса, 14 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Газ, электр энергиясы, ауызсу, жылу, кәріз жүйелерінің, сондай-ақ, көше-жол торабының құ­ры­лыстары да қарқынды. Бүгінде сол жағалауда 9 мыңға жуық халық қоныстанып үлгерді. Ал, оларды кә­сіпкерлік, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуде де үйлесімдік бар. Балабақша, сауда орындары, «Орда» мектебі, «Жастар орталығы», «Бо­ла­шақ» уни­верситетінің бас оқу корпусы мен жатақханасы қазір халыққа қызмет көрсетіп отыр.

Сол жағалауды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізімен байланыстыратын 5 шақырымдық ма­гистральдық жол мен «Шіркейлі» кана­лының үстінен көпір салынды. Бұл қатынастың жаңа көзіне айналды. Жалпы, сол жағалауды игеруде ұлы өзеннің табиғи ерекшелігі, тартымдылығы ес­керілді. Екі жүз жылдан аса тарихы бар Қызылорда қаласы әуелден-ақ дарияның оң жағалауынан орын тепкен. Сондықтан, ірі су арте­риясының – микроклиматын облыс орталығының сәулетін әрі қарай қа­лыптастыруға пайдалану көзделді. Мұның орайы кейінгі үш жылда келді.

Ендігі мақсат – осы қарқынды бә­сеңдетпей, ондағы халыққа ыңғай­лы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Ол үшін облыс басшылығының қол­дауымен барлық шаралар қабыл­дануда. Мемле­кеттік және жеке ин­весторлардың қар­жысы есебінен сәулеті келіскен түрлі нысандар құ­рылысын жүргізу жоспарда тұр. Атап айтсақ, «Неке қию сарайы», «Көп­салалы аурухана», «Отбасылық медициналық орталық», 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектебі, «Сауда-жәрмеңкелік кешен», 900 орындық мектеп, «Салтанат сарайы», ойын-сауық орталықтары сынды маңызды деген әлеуметтік нысандар салу көзделген.

Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда қаласының сол жағалауын дамыту өңірдегі ең маңызды жобаның бірі болып табылады. Ал оның іске асырылуы қаланың жаңа тынысын ашып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақ­сартуға, аймақ экономикасының түрлі салаларын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға үлкен септігін тигізетіні анық.

– Нұрлыбек Машбекұлы, сұхба­ты­ңыз үшін рахмет. Ел мүддесі жо­лындағы еңбекке табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз