Рашит Жарылқасынов, ардагер-журналист: «Әкемнің қаламы өзіме мұра болды»

648

0

«Сыр бойының» 90 жылдық тарихында басылымның аудандардағы тілшілерінің алар орны бір бөлек. Қарашаңырақтың ортақ абыройын асқақтатуда олардың еңбегі зор. Солардың қатарында басылымның Қармақшы мен Жалағаш ауданында 20 жылдан астам меншікті тілшісі болған Рашит Жарылқасынов та бар. Арнайы Қармақшыдағы ағаның шаңырағына соқтық. Аула есігінен «Ассалаумағалейкум» деп ене берген бізді Рашит ағаның өзі қарсы алды. Ардагер тілші көктем мезгілі болған соң есік алдындағы шағын бақшалық жерге көкөністің түр-түрін егіпті. Жасы 80-нен асқан ол аула ішіндегі қара талдың түбіне қос үстелді немересіне алдыртып, біздің бұйымтайға құлақ асты. 

– Аға, биылғы «Сыр бойының» 90 жылдығын ұмытпаған шығар­сыз. Өзіңіз секілді аға буын – ардагерлермен сұхбат жүргізудеміз. Сіздер жүріп өткен жолдың кейінгі буынға тәлім болары анық. Алдымен туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайлы естісек. 

– Жөн. Неге ұмытайын?! Зейнет жасына дейін тер төккен өз газетім ғой. Ал енді өзіме келер болсақ, шүкір, жүріп жатырмыз. Өткеніме көз жүгіртсем, қуанышты жағдай да көп болыпты. Өкінішті сәттер де кездеседі. Адам басынан түрлі жағдай өтеді емес пе?! Менің өзім де, ата-бабам да осы Қармақшы ауданынан. Балалық шағым Қашқансу табанында қоныс тепкен ІІІ Интернационал ауы­лында өтті. Елдің шығыс жағында бұрынғы майда серіктестіктерден (ТОЗ) құрылған Жаңажол ауылы ор­наласқан. Шіркін-ай, дала қандай кең, ауа қандай тап-таза десеңші! Түн ортасы үрген иттердің даусы ана ауылдан мына ауылға анық естіліп жататын. Екі ауылдың арасын шаң қылған балалық шақтың қайран күндерін еске алып отырудың өзі бір ғанибет.

Әкем Сахи Жарылқасынов осы Қармақшыда туған деп әлгінде айттым ғой. Елге белгілі, сыйлы адам болғанын бала кезімнен көріп өстім. Шығармашылыққа жақындауымның басты себебі де сол шығар. Өйткені, әкем 1932-38 жылдары аудандық «Екпінді» деп аталатын газеттің ір­гетасын қалап, кейіннен Жалағашқа қарасты «Колхозшы» газетінің редакторы болған. Одан кейін де аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, кейіннен соғыс жылдары қайта аты өзгерген Қармақшыдағы «Қызыл ту» газетінің жауапты хатшысы болды. Зейнет жасына дейін Төрткөл, Қашқансу ауылдық атқару комитетінің төрағасы болып та қызмет атқарды. Әкемнің шығармашылығын, іскерлігі мен тынымсыз еңбексүйгіштігі маған үлгі болды. Отбасымда 4 ұл мен 4 қыздың үлкені едім. Қазір 81 жастамын. 1964 жылы марқұм апаң Шарапатқа қосы­лып, 53 жыл бірге өмір сүрдік. Құдай берген бес ұл-қыз сүйіп, немере қызы­ғына батып отырған жайымыз бар.

– Әкемнен кейінгі қаламды қол­ға алдым дедіңіз… Тілшілік тір­ші­лікте ең алғаш қашан мақала жаз­ға­­ныңыз есіңізде ме? Алғашқы жур­налистік қызмет баспалдағы қа­лай бастау алды?

– Ең алғаш қанатымды қатайтып, тағылымды тәрбиесімен аялап өсірген алтын ұям, аудан өмірінің айнасы – «Қармақшы таңы» газеті. Осында өсіп есейдім, ержеттім. Осында түлеп, ой толғап, жолға түстім. Ол – мәртебесі биік, мансабы жоғары «журналист» деген мамандық еді. «Алма ағашынан алыс түспейді» демей ме?! Әке тәрбиесінің ықпалы болуы керек, 6-шы сыныпта алғашқы мақалам шықты. Бұл 1953 жылы еді.  Ауыл спорты жөнінде жазған шағын әңгімем «Қазақстан пионері» деген (қазіргі «Ұлан») газетке басылып шыққаны есімде. Содан кейін 8, 9, 10-сыныптарда үзбей аудандық, облыстық басылымдарда шыға бастады.

Содан 1958 жылдан бастап аудан­дық газетке әдеби қызметкер болып ор­наластым. Бүгінде мен сол алтын ұямның талай жас тілшілерді тәрбие­леп өсірген ұстанымы нық, өткен жолдары шежіреге толы киелі мектепке айналғанын мақтан етемін. Ауданнан шығатын жалғыз басылымның бүгінгі тарихы 87 жылдан асып кетті. Әуел баста латын әрпімен шыққан газет атауы «Екпінді» еді. Талай талапты әріптестермен бірге еңбек еттім. Солардың қатарында Жарас Ахметов, Өтеген Күмісбаев, Мағираш Сарикова, Шаһизада Құттыаяқов есімдерін ерекше айтар едім. Олар кейінірек елге белгілі жазушы, ақын, филолог-ғалым ретінде танымал болды. Бәйтерек бір-біріне қарап бой түзеп, биіктеп өседі. Сондай-ақ, әріптес қаламгерлердің татымды туындылары баршамыздың ортақ қуанышымыз болатын.

– Ата басылымға ауысып, Қар­мақшы мен Жалағаштағы жаңа­лықты жиі жазатын ең жүрдек мен­шікті тілші болған деп естиміз. Сіз­дің ақпарат саласында жүрген уақыт­та сын садағына ілінген оқи­ға­лар жиі болған шығар? Солардан еске түсірсек…

– 1958 жылдан бастап аудандық газетте жұмыс жасап жүріп, Алма­тыдағы, бүгінгі ҚазМУ-дің «журналистика» факультетін сырттай 1965 жылы бітіріп алдым. Мұнда да елге белгілі қаламгерлер Абдулхамит Мар­хабаев, Қойшығара Салғарин,  Әбіш Кекілбаев, Сәбит Досановпен оқыдым. 1975 жылы облыстық газетке ауыстым. Мұнда сол кездегі редактор Қалқабай Әбеновтің шақыртуымен келген едім. Ол кезге дейін Алматыдағы жоғарғы партия мектебін екі жыл оқып, ау­дандық комитетте жұмыс істеп жүр­ген кезім. Қалекең сыртымнан естіп, жазу-сызуымды бақылап жүрсе керек. Меншікті тілші қызметінде ең ұзақ жүрген Аралдағы Шәкірат Дәр­ма­ғанбетов екеуміз шығар. Жала­ғаш пен Қармақшы аудандары бойын­ша меншікті тілші ретіндегі қыз­метім осылай басталған. Кейінірек Байқо­ңырды қосып берді. Сол үш ауданда 20 жыл істеп, 1995 жылы зейнет жасына да жеттік. Шыны керек, осы 20 жыл ішінде ешқандай сөгіс естімедім. Бірнеше облыс пен аудан хатшыларынан, Журналистер одағының грамоталарымен марапатталдық. Осы «Ленин жолында» жүргенімде Мәскеудегі Бү­кілодақтық халық шаруашылығы же­тістіктерін, яғни, еңбеккерлерді ма­дақтайтын көрмеде қола жүлдеге ие болғаным бар.

Сұрағыңа келсек, ол кезде айына бір рет сын мақала, аптасына бір фельетон беріп тұратынбыз. Бұлар аудан көлеміндегі егін мен мал шаруа­шылығын ақпарат қылып беруден бө­лек тұратын. Сыни көзқарастағы жазыл­ған барлық мақалаға аудан бас­­шылығы арнайы жиналыс жасап, қателікті дер кезінде түзуге ұмты­латын. Жазғанымызға қатысты ол кез­де жұмыстан қуу, партия қата­рынан шығару сияқты жайттар көптеп кез­десті. Біз тек көрген шынды­ғымызды бұрмаламай жаздық. Газет сонысымен қадірлі, абыройы үстем болды.

Менің есімде қалған мына бір оқиға бар. Жалағаш ауданына қа­расты «Еңбек» деген колхоз болды.  Бірде сол колхоздағы атақты күрішшінің баласы ауылдық кеңесте жауапты қызметте бола тұра, ішімдік ішіп, төбелес шығарып, бұзақылыққа бой алдырған. Осыны сынап жаздым. Облыстық газетке шыққан мақалаға сол кездегі облыс басшылығы өзі кіріскен көрінеді. Кіріскенде қалай, «бұл журналистің жазылған дүниесі дәлелді ме?» деген сұрақ қой. Сөйтсем, атақты күрішші мен обкомда үлкен қызметтегі басшы жақын қарым-қатынаста, аралас-құраластығы бар адам екен. Мұны кейіннен білдім. Олардың қоқан-лоққысынан ыға қоймадым. Себебі, барлық дәлел болатындай құжаттар өзімде еді. Тіпті болмағанда, республикалық «Социалистік Қазақстан», «Казакстанская правда» газеттеріне жазармын деп іштей дайындалып жүргенмін. Бірақ, облыс басшылығы мұны әрі қарай қозғамады. Қисынсыз екенін өздері де сезген болуы керек. Осындай сынға қарсылық болғаны бар. Бірақ, басқа кемшілікті жазған сын болсын, сықақ болсын, барлығына жауап беріліп жататын. Ал бұған дейін аудандық басылымда көбіне-көп жазатынымыз мал шаруашылығы, егістік жайлы ғана болды.

Жұрттан асып кетейін дегенім жоқ. Мәселе жауапкершілікте. Әлгі, сенің ең шалт, тез қимылдайтын журналист дегеніңе айтып отырмын. Иә, облыстық газеттің талабы күшті еді ғой. Темірдей тәртіп. Бүгінгі көргеніңді отыра қалып жазып, түнімен жіберу керек. Ал сол жазғаның таң атпай редактордың алдында жатуы тиіс. Өйткені, мақала бір күн кешіксе, мағынасы да, маңызы да жойылды дей бер. Осындай жылдамдықпен жұмыс істедік. Түнгі пойыздардан немесе жол үстіндегі көліктерге жазғаныңды нығырлай тапсырып жатасың. Мен көбіне жолсеріктер арқылы вокзалдағы кезекші милицияларға беріп жіберетінмін. Ал ол жігіттер де бәлсінбей, тұп-тура редакцияға жеткізе қояды. Тілші деген халықтың осыдан-ақ абыройын түсіне беріңіз. Көбіне арнайы пакетпен жіберетінбіз. Қолжазба күйінде. Қазіргідей интернетің жоқ. Шұғыл хабарларды телефонмен айтып отыратын уақыттар да болды. Жұмыс уақытпен санаспайды, бірақ, осы мамандықты шексіз сүйгеніме еш өкінген емеспін. 

Айтпақшы, ата басылымның 70 жылдығында Әскербек Рахым­бек­ұлының «Жарайсың, Жарылқа­сынов!» деген мақаласы шықты. Сонда барлы­ғын қамти келе, мен «ең жылдам әрі жауапты журналист» ретінде суреттепті. Жоғарыда айтқандай, Әсекең мұны аудандағы барлық жаңалықты дер кезінде, уақытылы жіберуіме байланысты айтса керек.

– Жарты ғасырдан астам уақыт журналистика саласында қызмет еттіңіз. Сізге қамқор болған аға әріптестер мен өзіңіз сүйсіне оқитын замандас тілшілер туралы айтып берсеңіз…

– Әуелі, аудандық «Коммунизм шамшырағы», оның алдында «Қызыл ту» деп аталған газеттен бастайын. Мұнда Әбдіраш Сатыбалдиев деген өте сауатты, сыпайы кісі болатын. Мені жұмысқа алған сол кісі еді. Шәкірт ретінде алдынан өттім. Сенетін. Ақылды адам сенген соң, мақаланы да тамаша етіп жазуға тырысатынбыз. Бұрыннан жазуға қаныққан менің мақалаларымды оқымай-ақ қол қоятын. Одан кейін Қален Әбдешов, Шәкізат Дәрмағанбетов сияқты талантты журналистермен қызмет істеу бақыты бұйырды.

 «Сыр бойы» газетіне барғанда белгілі жазушылармен қатар жүрдік. Қомшабай Сүйінішұлы, Дархан Сапаров, Мырқы Исаев сынды Қазақстанға белгілі азаматтар. Соларға ұқсап тал­пы­на бастадым. Редакторлар да қарымды ағалар еді. Қалқабай Әбе­нов­тен кейін Нұрділдә Уәлиев деген білікті басшы келді. Содан кейін Әскербек Рахымбекұлымен жұмыс жасадым. Барлығы үнемі жол сілтеп, бағдар беретін, өте сауатты, заманы­ның білімді кісілері болатын. Өзіммен қатар Айжарық Сәдібекұлы да осы газетке келді. Кейіннен өзіме ұнайтыны марқұм Қази Данабаев еді. Шәйзада Рахметбеков деген тереңөзектік жігіт те болды. Бұл жалғаннан олар да кетті. Көп жігіттер 50 жастың ол жақ, бұл жағында ана дүниеге аттанып кете барды. Бүгінде қасыңда жүрген өз ағаларың Жолдасбек, Дүйсенбектер де кейінгі буынға кірді. Толқынды толқын қуатынын өзің де білесің, шырағым. Осындай жақсы толқындар біздің «Сыр бойында» әмәнда жетер­лік. Абыройды ту еткен басылым бұл.

– Кеңестік жүйені көріп өттіңіз. Егемен ел болғалы, шүкір, тұрмыс та әлдеқайда түзелді. Сізді бұрынғы мен бүгінгіге қатысты не ойландырады?   

– Бұл сұрақ біраз жайттарды есіме түсіргендей. Тыңдасаң айтайын. 60-жылдардың орта тұсында елде хрущевтік реформалар қызу жү­ріп жатты. Ол өзгерістердің бар­лығы Қазақстанға ауыр тиді. Рес­публикадағы облыстар территория­лық жағынан бөлшектеліп, жаңадан құрылған өлкелердің құрамына енгізілді. Қызылорда, Жамбыл, Шымкент аймағы бір Оңтүстік Қазақстан өлкесінің құрамына кірді. Орталығы Шымкент. Бұл жай ғана өзгеріс емес, ұлттық мүддеге мүлдем керағар, қитұртқы саясаттың нақ өзі болатын. Бас хатшы Хрущев әбден бас­тамашыл болып алды. «Орыс тілін жетік меңгерсек, коммунизмге тезір­ек жетеміз» деп ұрандатты. Бұл Одақ құрамындағы ұлт­тарды түбегейлі  жою жолы екендігіне көз жете тұра, жұрт іштен тынып, ләм-мим демеді.

«Әр заманның өз сұрқылтайы болады» деген сөз бар. Айдашап идео­логтар компартияның көсемінің на­ғыз сұрқылтайларына айналды. Мәс­­кеуден шыққан әрбір сөзді іліп алып, ұрандатуға көшті. Озаттарды «Коммунистік еңбектің екпінділері», «Коммунизм шамшырақтары» деп өтірік ардақтап, атақ-даңқын айға асырып жатты. Жоғарғы топтың бел­сенділері «коммунизм» дегенді киелі сөзге айналдырып, әр ауылға соны таңа бастады. Мен сол кезде жауапты хатшы болып қызмет атқаратын Қармақшы аудандық «Қызыл ту» газеті «Коммунизм шамшырағы» деп өзгертілген еді.

Ол кездегі Совет үкіметі де, оны жақтаушылар да ұлттардың дәстүрі мен салт-санасын онша ұната қойған жоқ. Көпшілік қатысқан жиналыстарда «Ескілік етектен тартпасын» дегенді мақсат еткендер болды. Атадан қалған жөн-жоралғының бәрін сын тезіне салып, жарамсыз етті. Басылымдарда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» деген бас тақырыптармен берілген сыни мақалалар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуші еді ғой. Тойларды өткізуде де саяси мән беріліп, киіт кигізу, құда аттандыру, бата беру, қалың мал жо­ралғысы дейтін кәде-қауметтің бәрі құдайшылдықтың белгісі деп ашық түрде айыпталып жататын.

Иә, бұл өткен күндерден қалған бір белгі. Бүгінде егеменді елімізде бұның бәрін жаңғыртып, қайтарып алып жатырмыз. Елбасының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласы аясында қыруар шаруалар атқарылды. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ұмытылған кейбірін қайта жаңғыртуға көшкеніміз мені қуантады. Құдайға шүкір, заман өзгерді, ел жаңарды. Ұлттық болмысымыздан айырыла жаздаған сүреңсіз күндер артта қалып, мәңгілік еліміздің көк туы жел­біреуде. Бұл бақытты шақ, жаңа дәуірдің жарқын көрінісі. Марқұм аяулы жарым Шарапат немерелеріне қарап, «бұлар жаңа заманның бақытты перзенттері» дейтін. Шыны керек, біздің ұл-қызымыз орыс мектебін тәмамдады. Ал немерелерімізді әу бас­тан қазақ мектебіне беруді ұйғардық. Солай жасадық да. Ана тілі мен ұлт құндылығын бойына сіңірген ұрпақ елге қызмет қылуда алдына жан салмас деген үміт бар менде.

– Күні бүгінге дейін қолдан қала­мыңызды тастамай келесіз. Одан қалды аудан мен облыс көле­міндегі ардагерлер жұмысында да белсенді екеніңізді байқап қаламыз. Сексеннің сеңгіріне келгенде кейінгі буынға айтар ақыл-кеңесіңізді естісек дейміз…

– Жарты ғасырға жуық газетке қызмет етіп, оның ішінде тұтас 20 жылын «Сыр бойына» арнағаныма өзімді бақытты сезінемін. Әлі де ел ішіндегі ұрпақ тәрбиесіне қатысты шаралардан қалыс қалмаймын. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде рухани құндылықтарды жаңғыртуда білгенімізді үйретіп келеміз.

Биылғы 90 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған «Сыр бойы» газе­тінің алар асуы әлі алда. Мұны ұмыт­пауымыз керек. Ел бірлігін, халық мұрасын насихаттауда маңыз­ды рөл атқаратын бұл басылым осы бағытынан еш таймау керек. Ең­бек­терің жемісті, кәсіптерің берекелі болсын.  Редакцияға сәлем айт.  80-нен асқан ардагер аталарыңды іздеп келген сендерге мың алғыс!!!

– Аға, қуатты болыңыз! Балалар мен немере қызығына бөленіп,  ұзақ жасаңыз! 

 

Сұхбаттасқан

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<