Сенаторларды мәслихат депутаттары сайлайды

1461

0

Осыдан екі ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 12 тамызына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына сайлау белгіленді.


Содан бергі уақытта облыстық сайлау комиссияларында Сенат депуттарын сайлауын өткізуге дайындық шаралары ұйымдастырылды. Бүгінгі сұхбатта жақын күнде өтетін саяси шараға қатысты өзімізді толғандырған сауалдарды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаевқа қойған едік.


– Ғалым Қонақбайұлы, сонымен облыстан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау бюллетеніне қанша кандидат енгізіледі?


– Сайлау бюллетеніне кандидат ре­тінде тіркелген А.Әлназарова, А.Қай­рул­лаев, М.Сәрсенбаев, И.Шағыртаев енгі­зіледі. Дауыс беретiн күнге екі күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшін жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейдi. Осыған байланысты 2020 жылғы 10 тамызға дейін қайсыбір кандидатқа қатысты осындай шешім шықса немесе депутаттыққа кандидат облыстық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын алып тастаса, оның тегі сайлау бюллетенінен сызылады.
– Дауыс беру үшін қанша сайлау бюллетені әзірленеді?
– Облыстық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 3 тамыздағы шешімімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жө­нін­дегі сайлау бюллетеньдерінің саны таң­дау­шылардың жалпы санынан 1 процент резервті қоса алғанда 148 деп анықталды.
Бюллетеньдерді ҚР Орталық сай­лау комиссиясы белгілеген қорғалу дәрежесін сақтай отырып дайындайды.
Сенат депутаттарын сайлауда дауыс беру 2020 жылғы 12 тамызда Қы­зыл­орда қаласы, Жақаев көшесі, 72 ме­кен-жайындағы Қызылорда мемле­кет­­­тік уни­верситетінің «Студенттер са­­райы» ғимаратында өткізіледі. Бұл ту­ралы об­лыстық сайлау комиссиясы бас­пасөз беттері мен интернет сайтында жа­рия­лап, таңдаушыларға шақырулар жол­даған. Дауыс беруге таңдаушылар – мәсли­хат­тардың депутаттары қатысады.
Сенат депутаттарын сайлау таңдау­шы­лардың бiрлескен отырысында жүр­гiзiледi. Егер бiрлескен отырыс­қа тиiсiнше облыстың барлық мәслихатта­рынан, өкiл болатын сайланған депу­таттар санының елу процентінен астамы қатысса, ол заңды әрі өткiзiлген бо­лып есептеледi.
Таңдаушылардың бiрлескен отыры­сына облыстық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қатысады. Бiр­лескен отырыс өткiзiлетiн жерде об­лыстық сайлау комиссиясы Сенат депу­татын сайлау жөнiндегi дауыс беру пунк­тiн ұйымдастырып, таңдаушылар дауыс береді.
Сонымен қатар, дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау үйі ашылған кез­ден бастап және таңдау­шылардың да­уыс­тарын санау кезінде нәтижелері анық­талғанға дейін дауыс беру үйінде бір мезгілде әрбір канди­даттан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тап­сырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден және Қазақстан Республикасының әрбір сая­си партиясынан, өзге де қоғамдық бір­лестік, басқа да коммерциялық емес ұйымдардан бір-бір байқаушыдан жә­не аудармашы бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұй­ым­­дардың байқаушылары қатысуға құ­қылы.


– Айтқандай, сайлауда шетелдік байқаушылар байқау жүргізе ме?


– Сайлау заңнамасына сәйкес 6 тамызда сағат 18.00-де халықаралық бай­қау­шыларды аккредиттеу аяқталды.
Сыртқы істер министрлігі ҚР Сена­тына сайлауды байқау үшін шақыру-хаттар мен тиісті ноталар ТМД, ТМД ПАМ, ТМЫК, ТүркПА және ШЫҰ ха­лықаралық ұйымдарына жіберілген. Осы­лайша, Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенаты депутаттарының сайлау науқаны аясында Сыртқы істер ми­нистр­лігінің 2020 жылғы 6 тамыздағы ұсынысы бойынша ҚР ОСК Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңе­сінен 5 байқаушыны аккредиттеді: Әзер­байжан елшілігінің 2 өкілі және Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркия елшілік­те­рінің бір-бірден өкілі.
Сондай-ақ ҚР СІМ жанында аккре­диттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 143 өкілі сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлауды халық­ара­лық байқаушылармен тең дәрежеде байқау жүргізеді.


– Пандемия жағдайында дауыс беру тәртібі қалай ұйымдас­тыры­лады?


– Осы сайлауды ұйымдастыру және өткізу барысында Орталық сайлау ко­мис­сиясының және Қазақстан Респуб­ли­касы Бас мемлекеттік санитарлық дә­рігерінің 2020 жылғы 24 шілдедегі №16/313 бірлескен қаулысымен бекі­тіл­ген «Қазақстан Республикасы Парла­менті Сенатының депутаттарын сайлау­ды өткізу кезінде коронавирустық инфек­цияның таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар» басшылыққа алынады.
Пандемия жағдайында сайлау про­це­сіне қатысушылардың санитарлық қауіп­сіздігіне айрықша көңіл бөлінген. Облыс­тық сайлау комиссиясының облыстық Бас мемлекетттік сани­та­риялық дәрігерімен бірлескен Сенат депутаттарын сайлауды өткізу кезінде коронавирустық инфек­ция таралуының алдын алу алгоритмі қабыл­данды.
Үгіт науқанында кандидаттардың таң­даушылармен онлайн-режимдегі кез­десулермен қатар тиісті санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, жүзбе-жүз кездесулері ұйымдас­ты­рылды. Дауыс беру күні дауыс беретін үй-жай тиісті талап­тарға сай жаб­дықталып, медицина қызмет­керінің қатысуы қарас­тырылады. Депутат­тар­дың барлығы анти­септикалық қорғаныс құралдарымен қам­тамасыз етіледі.


– Бүгінгі күнге дауыс беру үй-жайының әзірлігі қандай?


– Дауыс беру үй-жайын санитарлық талаптарға сай жабдықтау жұмыстары жүргізілуде: пердесіз дауыс беру каби­налары орнатылып, дауыс берудің ал­дын ала қорытындыларын шығара оты­рып, таңдаушыларды электрондық тір­кеуді жүз­еге асыруға арналған, Қа­зақстан Рес­публикасы Орталық сайлау комис­сиясы Интернет-ресурсының функ­цио­налын (ДАҚТЭТ) іске қосу бойынша шаралар қолданылуда.


– Биылғы Сенат сайлауында дауыс беру кезінде қандай да бір ерекшеліктер бар ма?

– 2017 жылы өткізілген сайлау нау­қанында қолданылған дауыс берудің ал­дын ала қорытындыларын шығара оты­рып, таңдаушыларды электрондық тіркеуді жүзеге асыруға арналған, Қа­зақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Интернет-ресурсының функ­­ционалы қайта пайдаланылады. Об­лыс­тық сайлау комиссиясының ше­шімі­мен осы функционалды пайдалану мақ­сатында дауыс беру үйінде болу үшін үш қызметкердің болуына рұқсат берілді. Дауыс беруге арналған пунктте депутаттар компьютер ар­қылы электрондық тізімге тіркеледі, таңдаушыны қайта тіркеуге ДАҚТЭТ функционалы жол бермейді.
Тіркеу нәтижелері Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының депу­таттарын сайлауда дауыс берудің қоры­тындылары ресми шығарылғанға дейін ДАҚТЭТ функционалында сақ­талады. Аумақтық сайлау комиссия­ларының мү­шелері Қазақстан Респуб­ликасы Пар­ламенті Сенатының де­пу­тат­тарын сайлау бойынша дауыс­тар­ды санау нәтижелері туралы хатта­маға қол қойғаннан кейін, комиссия төрағасы көрсетілген хатта­маны оның мәліметтерін ДАҚТЭТ функ­­цио­­налына енгізу үшін дереу пайда­ла­нушыға береді.


– Сенат депутаты болып сайлану үшін кандидат қанша дауыс жинауы қажет?

– Парламент Сенаты депутаттарын сайлау кезінде дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу процентiнен аста­мының дауысын алған кандидат сондай-ақ қайта дауыс беру өткізілген жағдайда басқа кандидатқа қарағанда дауыс беру­ге қатысқан таңдаушылардың дауыс саны­ның көпшiлiгiн алған кандидат сайланған деп есептеледі.
Дауыс беруге қатысқан таңдаушы­лардың кемінде 50 проценттен жоғары дауыстарын алған кандидат Қызылорда облысынан Сенат депутаты болып сай­ланған деп саналады.


– Дауыс берудің қорытындысы қашан жарияланады?


– Парламент Сенатының депутатта­рын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтап, сайлау өткі­зілген күннен бастап он күннен кешік­тірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Әңгімелескен


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<