Серік Сүлейменов, облыс әкімінің орынбасары: «Істің парқына парасаттылықпен қарау қажет»

2278

0

Кейінгі уақытта облыс тұрғындарын газдандыру және табиғи газдың тарифі туралы түрлі пікір айтылып жүр. Себебі неде? Мұның жай-жапсарын облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовпен сұхбатта таразыға салып көрдік. 

– Серік Жүсіпұлы, алдымен нақты көрсеткіштерді елекке салып өтсеңіз. Бұл салада біздің беталысымыз нені аңғартады?

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қызылорда облысын газдандыру жұмыстары 2004 жылы «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистралды газ құбырының құрылысынан басталды. 2014 жылы «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбыры пайдалануға берілді. Соңғы 7 жылда барлық аудан орталықтары мен 10-нан астам ауылдық елді мекен тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізді. Осылайша облыс тұрғындарын газдандыру үлесі 67 пайызға көтерілді. Биыл жыл аяғына дейін Қазалы қаласы және Шиелі ауданының Бекежанов, Қодаманов елді мекендері табиғи газға қосылады. Алдағы жылдары Сексеуіл кентін, Төретам, Ақай елді мекендерін, облыс орталығына қарасты Наурыз және Махамбетов елді мекендерін газдандыруды жоспарлап отырмыз.

– Осы айтып өткен Наурыз бен Махамбетов елді мекендеріне қашан газ жеткізіледі?

– Осы жылдың көктем айларында бұл аталған елді мекендерді газдандыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер аяқталу сатысында. Қазан айында құрылыс жұмыстары басталып, 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталуы жоспарлануда.

– Қазір көптің көкейінде табиғи газ тарифіне қатысты күпті ой бар.  Тарифтің айтарлықтай төмендеуі туралы уәде етілген еді. Олай болса төмендеген бағаны халық неге сезінбейді?

– Орынды сұрақ. Осы арада айта кету керек, жалпы табиғи газдың шекті бағасы 3 компоненттен құралады:

– көтерме баға (ҚҚС қоса алғанда 1 текше метрі 11,7 теңге);

– тасымалдау (ҚҚС қоса алғанда 1 текше метрі 6,6 теңге);

– жабдықтау қосындысы (ҚҚС қоса алғанда 1 текше метрі 1,3 теңге);

2020 жылы монополияға қарсы комитет облыс бойынша газдың тасымалдау бағасын 34,6 пайызға төмендету туралы бұйрық шығарды. Бұл төмендету соңғы тұтынушыға әсер етіп, яғни халықтың жасайтын төлемдері 1 текше метр газға қосымша құн салығын қосқанда қолданыстағы 20,9 теңгенің орнына 17,4 теңге болар еді. Алайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы бұл бұйрықтың күшін жою туралы сот органдарына шағымданып, нәтижесінде барлық инстанциядағы соттармен бұл талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Осы талқылауларға бір жылдан астам уақыт кетті. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тасымалдау тарифін түсіргенімен, табиғи газдың көтерме саудадағы бағасы көтерілді. Қазіргі уақытта облыс тұрғындары 1 текше метр газға қосымша құн салығын қосқанда бұрынғы 20,9 теңгенің орнына қазір 19,7  теңгеден төлем жасайды.  

– Жалпы халыққа түсінікті болу үшін айтыңызшы, газдың көтерме бағасы және жабдықтау қосындысы деген нені білдіреді?

– Көтерме саудадағы газ бағасы дегеніміз, бұл – өндірушінің сол кен орындарынан газды өндіру және дайындау шығындарының өзіндік құнынан құралатын газ бағасы. Ішкі нарықтағы газдың түпкілікті құнын ұстап тұру үшін «ҚазТрансГаз» АҚ жыл сайын газ экспортынан түсетін түсім есебінен елдің ішкі нарығын субсидиялайды.

Бес жыл ішінде ұлттық оператордың ішкі нарықты субсидиялаудан шеккен шығыны 425 миллиард теңгені құрады. Осыған байланысты көтерме баға бүкіл республика бойынша 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 15 пайызға дейін өсті. Қазақстан Республикасы бойынша халық үшін газдың түпкілікті бағасы жоғары кеткенін, ал Қызылорда облысы бойынша 5,9 пайызға төмендегенін атап өту қажет.

Ал, жабдықтау қосындысы дегеніміз – бұл газды сатуға және авариялық-диспетчерлік қызмет бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға арналған шығындар.

ҚҚС қосқанда 1 м3 газ бағасы

Облыс01.01.202101.07.2021(%)
1Атырау облысы8,1418,9189,5%
2Ақтөбе облысы10,03310,9048,7%
3Маңғыстау облысы9,96011,15912,0%
4Батыс-Қазақстан облысы17,24119,28411,9%
5Қызылорда облысы20,90219,665-5,9%
6Қостанай облысы23,15024,9958,0%
7Жамбыл облысы25,54827,5437,8%
8Түркістан облысы31,59031,563-0,1%
9Алматы қ-сы29,44031,7257,8%
10Нұр-Сұлтан қ-сы34,61938,28910,6%

         ҚР облыстар бойынша көтерме саудадағы газ бағасының салыстырмалы кестесі

ОблысҚҚС қосқанда 1 м3 газдың көтерме саудадағы бағасы
1Ақтөбе облысы7,179
2Атырау облысы8,165
3Қызылорда облысы9,361
4Батыс-Қазақстан облысы13,576
5Маңғыстау облысы16,167
6Қостанай облысы21,320
7Жамбыл облысы23,131
8Алматы облысы, Алматы қ-сы23,907
9Түркістан облысы, Шымкент қ-сы24,949
10Қарағанды облысы28,856
11Нұр-Сұлтан қ-сы28,856

– Мұны түсінікті делік, ендігі жерде халыққа және өзге тұтынушыларға тарифтегі айырманы қайтару қашан және қалай жүзеге асырылады?

– Түсіндіріп өтейін. Тарифтегі айырманы қайтару дегеніміз – «ҚазТрансГаз» АҚ-ның негізсіз кіріске алған ақшаны өтеуі. Монополияға қарсы комитет өз бұйрығымен бір жылға, яғни 2022 жылғы 1 тамызға дейін уақытша өтемдік тариф енгізді. Осылайша, тұрғындар мен өзге де тұлғалар табиғи газ үшін 2021 жылғы 1 тамыздан бастап бір жыл ішінде 19,7 теңгенің орнына ҚҚС-ын ескере отырып, 1 м3 үшін 16,7 теңге төлейтін еді. Бұл – бұрын артық төленген сомаларды өтеу. Бірақ, бұл бұйрықты сот органы тоқтатты, өйткені «ҚазТрансГаз» АҚ бұл бұйрыққа дау айта бастады. Сондықтан халық үшін соттың оң шешімін күтеміз және соған үміттенеміз.

Өкінішке орай, сот тәртібімен қаралуға жататындарды өзге органдар немесе лауазымды адамдар қарауға немесе бақылауға ала алмайды.

– Сіз мұның алдында түсіндіріп өткен кестеден заңды сұрақ туындайды. Неліктен Қазақстанның батысында газ бағасы біздің облыспен салыстырғанда айтарлықтай төмен? Біздің де газ кен орнымыз бар, бірақ газдың түпкілікті бағасы олардан жоғары…

– Кез келген тауардың түпкілікті бағасы сол тауарды өндірушіден тұтынушыға жеткізу қашықтығына байланысты болады. Табиғи газдың бағасы сол газды батыс өңірлерден еліміздің оңтүстік, солтүстік өңірлеріне тасымалдаудан қалыптасады.

Мысалы, Атырау облысында «Теңіз» кен орны, Ақтөбеде «Жаңажол», Маңғыстау облысында «Қашаған», Батыс Қазақстан облысында «Қарашығанақ», ал Қызылорда облысында «Ақшабұлақ» кен орны бар. Ел бойынша тұтынушылар үшін табиғи газға тарифтер Атырау облысында 8,7 теңгеден Нұр-Сұлтан қаласында ҚҚС-ын ескере отырып, 38,3 теңгеге дейін құбылады. Айта кету керек, батыс өңірлерден кейін газдың арзандығы бойынша Қызылорда облысы тұр. Еліміздің барлық басқа өңірлерінде өз кен орындарының болмауына байланысты газ қымбатырақ.

Ал, біздегі «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральдық газ құбыры арқылы тасымалданатын табиғи газдың көлемі облысты айтпағанда, Қызылорда қаласының қажеттілігін де өтемейді. «Ақшабұлақ» газының жетіспеушілігі 2013 жылы сезілді, бұл Қызылорда қаласын газбен жабдықтаудың тұрақсыздығын тудырды. Жылу-электр орталығының (ЖЭО) газбен тұрақты жұмыс істемеуінен жылу беру маусымын өткізуге қауіпті әсері байқалды. Сондай-ақ, «Ақшабұлақ» газының негізгі коммерциялық тұтынушысы «Кристалл Менеджмент» АҚ-ның «Ақшабұлақ» кен орнының жанында газтурбиналық қондырғысын салып мұнай кен орындарына электр энергиясын өндіруі де өз әсерін тигізді.

 Қызылорда қаласының газға толық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырынан АГРС-2 салынды. Бұл қыс мезгілінде қаланың халқы мен жылу көзін (ЖЭО) қосымша жеткілікті газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Екі магистральдық газ құбырының газ тасымалдау бойынша әртүрлі бағалар есебінен құралып араласқан бағасымен Қызылорда облысы үшін табиғи газдың көтерме бағасы бекітілді.

– «Қазгермұнай» ЖШС «Ақшабұлақ» кен орнынан табиғи газды «ҚазТрансГаз» АҚ-ға 0,6 теңгеден сататынын, ал ҚҚС есепке алғанда соңғы тұтынушы үшін газ бағасы 19,7 теңгені құрайтынын түсіндіріңізші…

– «Қазгермұнай» ЖШС мұнай өндірумен айналысады, газ оның негізгі саласы болып табылмайды. Мұнай өндіру кезінде ілеспе газ бар, оны жою керек, яғни жағу керек. Оны текке жақпау үшін «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистралды газ құбыры салынды. Газдың сату бағасына келетін болсақ, бұл екі ұйым арасындағы корпоративтік келісім және бұл шарттың талаптарына араласуға біздің құқығымыз жоқ.

Бірақ, бұл келісім бізге газды «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырының өзінен екі есе төмен («ББШ» газ құбырындағы газды тасымалдау 1 м3 үшін ҚҚС қоса алғанда 18,2 теңгені құрайды, ал біз газ тасымалдауға 1 м3 үшін ҚҚС қоса алғанда 6,6 теңгеден төлейміз) араласқан бағамен газ алуға мүмкіндік береді. Облыстың жалпы қажеттілігінде «Ақшабұлақ» газының үлесі 18 пайыз, бұл ретте «Ақшабұлақ» кен орнында газ өндіру жыл сайын төмендеп келетінін ескеру қажет. Ал қалған 82 пайыз қажеттілікті «Бейнеу-Шымкент» магистралды құбырынан келетін газ құрайды.

– Серік Жүсіпұлы, қазір аудандарды газдандырғанға дейін Қызылорда қаласындағы газ құны төмен болғанын және қаланың тұрғындары басқа аудандардың тұрғындары үшін неге қосымша ақы төлеуі керек екенін айтып жүргендер бар. Бұған не айтасыз?

– Біріншіден, барлық тұтынушы пайдаланған газ үшін есептеу құралдары арқылы төлем жасайды. Екіншіден, жергілікті газ қаланың қажеттілігін толық қамтамасыз етпеді және біз қалаға қосымша «ББШ»-дан келетін газды беруге мәжбүр болдық. Қызылорда қаласы өркендеп, жаңа тұрғын үй кешендері мен басқа да құрылыстар пайда болды. Жылу электр орталығының да газға деген қажеттілігі артты. Үшіншіден, егер біз аудан орталықтарындағы, облыстың басқа елді мекендердегі газ бағасы Қызылорда қаласына қарағанда екі есе жоғары болатындай етіп сараласақ, онда облыс тұрғындарында теріс пікір қалыптасып халық арасында резонанс болар еді. Бұған Қызылорда қаласының тұрғындары да қарсы болар еді, өйткені барлық аудандарда олардың жақындары мен туыстары тұрады.

– Әлеуметтік желілерде тұрғындар газесептегіштерді тексеру мерзімдерін кешіктіру мен күмәнді шоттарға наразы болуда. Бұл туралы не айта аласыз?

– Бұл мәселе «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға қатысты.

Мен өзім Қызылорда қаласының тұрғыны ретінде және коммуналдық қызметтерді тұтынушы ретінде айтар едім, біз заң бойынша есепке алу құрылғыларын тексеруге өзіміз жауапты болуға міндеттіміз.

Барлық коммуналдық қызметтерді есепке алу құралдары уақытылы тексеруден өтуі тиіс. Мысалы, су есептегішті тексеру – 4 жыл, электр энергиясы – 8 жыл, газ – 10 жыл. Есептегіштің тексеру мерзімі өткен жағдайда оператор тұтыну нормалары бойынша есептеп беруге құқылы.

– Халықтың газ үшін қарызы қандай?

– Бүгінгі таңда халықтың «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы дебиторлық берешегі бір млрд теңгені құрайды. Халықтың дебиторлық берешегін уақытылы өтемеуі газбен жабдықтау компаниясымен көрсетілетін қызметтердің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан облыс тұрғындарына жылыту маусымы басталғанға дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы  тұтынылған газ үшін төлемді қамтамасыз етуге және қарызды өтеуге шақырамын.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз нарықтық экономика жағдайында жұмыс істейтінімізді және барлық аспектілерді тиянақты бағалау қажеттігін атап өткім келеді.

Мысалы, қаламыздың сол жағалауында жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің іске қосылуына байланысты, қала маңындағы елді мекендер үшін, Қызылорда және Байқоңыр қаласының жылу орталықтарына, шыны зауыты және тағы басқалар үшін Қызылорда облысы қосымша газ көлемін қажет етеді. Бүгінгі таңда республика бойынша барлық газ ресурстары бөлінген, олар негізінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Өздеріңіз білетіндей, «ҚазТрансГаз» АҚ берешегі жоғары, тарифтері төмен және газ тұтыну көлемі аз облысқа қосымша газ беруге қызығушылық танытпайды. Бұл мәселеде тепе-теңдік пен істің парқына парасаттылықпен қарау қажет, әйтпесе облыстың газ тарифін төмендетеміз деп күресіп жүргенімізде аймағымызда қосымша газ көлемі болмай қалуы мүмкін.

– Көптің пікір талқысын тудырып отырған бұл мәселе жөнінде тұшымды дәйектемелер айтылды деп ойлаймыз. Уақыт бөлгеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<