Туған жерге қызмет ету – перзенттік парыз

926

0

Ертең облыс орталығында «Туған жерге тағзым» акциясы өткізіледі.  Шарада Сыр елінің атын алыс-жақын шет елдерге танытып, білім, ғылым, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт салаларында өз биігін бағындырған азаматтар бас қосады. Арнайы шақырылған азаматтар қатарында Сыр елінің перзенті, журналист, «Хабар» агенттігінің қызметкері Нұрбек Әмиша да бар. Жуырда жерлесіміз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы Англияның Лидс қаласында білім алып, елге оралған болатын. Форум алдында туған жерге келген Нұрбек Шынтемірұлымен медиа саласы, «Болашақ» бағдарламасы турасында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

– Нұрбек Шынтемірұлы, жуырда саяси қатынастар магистрі атандыңыз. Екі жылға жуық уақытыңыз шет мемлекетте өтті. Енді «Жеті күндегі» жұмысыңыз жалғаса ма? 
– Айдана, дәл қазіргі толқымалы көңіл-күйімді дөп бастың. Расымен, елге келгеніме екі айдан асты. Шетелден білім алып келген барлық мамандар секілді бұрынғы жүйеге түсудің қиындығын сезініп жүрмін. Бұл білім таяздығынан бұрын байқамаған дүниелерге енді басқа көзқараспен қараудың, саяси мәселелерге қатысты ойдың өзгеруінен болар. Айталық, аквариумде ғана жүзіп үйренген балықты мұхитқа шығарсаңыз қандай болады? Ал мұхитты шарлап жүзген балықты қайтадан тар аквариумге салсаңыз ше? Қайта қалыптасуы, үйренісуі қиын ғой. Қазіргі жағдай дәл осындай. Білім алу жолында тоқтап қалған секілді көрінесің. Ойыңдағы идеяны жасатқызбау салдарынан ішкі конфликті де бар. Сондықтан, басқа сфераларда да өзімді сынап көруді ойлап жүрмін.
 – Жалпы, англиялықтардың өмір сүру стилі, жастардың қоғамдағы орны туралы айтып берсеңіз. Біздегі кемшін тұстар, мәселелер ол жақта қалай шешімін тапқан?
– Ағылшындар жалпы индивидуалды өмір сүру салтын ұстанатын халық. Құндылықтар біздің құндылықтан мүлде бөлек. Капиталистік қоғам болғасын бастысы – қаржы табу, сосын өзім өмір сүру деген қағида қалыптасқан. Демократиялық қоғам болғасын «қалай өмір сүрсем де өзім білемін» деген ұстанымды байқайсыз. Жақсысы, қай жерде де адамға құрмет бар. Киімге қарап сыйлайтын біздің қоғамның онда ізі де жоқ. Ал жастары еркін. Өздерін маңызды сезініп, «менің ойым, үлесім бұл мемлекеттің дамуы үшін қажет» деп есептейтін қоғамдық сананы көресіз. Себебі бұл елдің саяси жүйесі өте ашық. Азаматтардың, жастардың саяси шараларға қатысу белсенділігі бұл елде де төмендеу. Бірақ бастысы, демократиялық билеу жүйесі тек конституцияда ғана жазылып тұрған жоқ. Шын мәнінде жүзеге асып отыр.
Сұхбаттарыңыздың бірінде бәсекеге лайықты, мықты маман болу үшін шет елде білім алуға аттандым деген екенсіз. Англияның білім беру жүйесі ойыңыздан шықты ма? 
– Білім мен ғылымдағы «тазалық» менің көзімді ашқан дүние болды. Университет ағылшынтілді ғылыми еңбектер жинақталған электронды ресурсты қолыңа береді. Онда кез келген тақырыптың бұрынғы және қазіргі зерттелуі, бір мәселеге әртүрлі ғылыми көзқарастар, дискуссиялар бар. Алып, оқып, сілтеме жасап, пайдалансаң да болады. Пікіріңді білдіріп, өз тәжірибең мен ғылыми жұмысың тұрғысынан қарсы ой жазсаң да мархабат. Бастысы, ондағы университеттердің өз алдына отау тігіп, өндіріске ғылыми жаңалықтар қосып жатқаны. Сол алапат ғылыми айналымның ішінде өзіңнің де жүргеніңе, шама-шарқыңша оқып, керегін алуға тырысқаныңа қуанасың.
– Шет ел көргеннің көпшілігінің елге қайтқысы жоқ. Соңғы үш жылда Қазақстаннан қоныс аударғандардың саны арта түскен. Ал, «Болашақпен» білім алушыларды елге қайтып келуге міндеттейтін дүние – келісімшарт. Жалпы, осы жерде туып-өсіп, мемлекет қаржысына білім алғандардың елге қайта оралғысы келмеуінің себебі неде? 
– Бұл сауалға жалпылама жауап бере алмаймын. Әркімнің субьективті мәселесі болуы мүмкін. Біреулер ғылыми, академиялық білім жолын жалғастырғысы келеді, кейбірі Қазақстанда бір жылда алатын айлығын бір ақ айда табуға болатын алып компанияға жұмысқа орналасуы мүмкін. Рас, жағдайға, жоғары табысқа қызығып қалып қоятындар бар. Бір айта кетерлігі, ол жақтағы ғылым бұл жақта жоқ. Бізде ғылымды карьера, өсу үшін баспалдақ ететіндер көп. Сондықтан, елдегі «коллективтік» ойлау жүйесімен барғандар, ол жақтағы индивидуалды білім алуды көргеннен кейін ойы өзгеріп кетеді. Осы ғылымның ізінде жүрсем, әділ түрде өсе аламын деген сенім пайда болады. Олардың елге келгісі келмеуінің бір себебі осында. «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асқалы 25 жыл болыпты, арнайы сан мен сапаға талдау жасау керек секілді. АҚШ-ты білмедім, айталық, Англияда гуманитарлық ғылымдар бойынша магистратура оқу ұзақтығы – бір жыл. Барлық бағдарламаны бір жылға сыйдыру оңай емес. Бір жылда тек теориялық білім аласың, бірақ практикаға үлгермейсің. Сондықтан теориялық білім болғандықтан, келгеннен кейін іске асырыла ма, уақыт жеткілікті ме, осыны нақты зерттеу керек. Менің де елге келуімнің басты себебі – келісімшарт. Өзім шетелде «саяси қатынастар» мамандығын меңгердім. Бірақ жаңа мамандық бойынша жұмыс табыла кетуі қиындау. Сондықтан, шет елден келгендер үшін басты мәселе жаңа мамандық бойынша жұмысқа орналасу. Айтпақшы, «Болашақ» былтырдан бастап, осы дүниенің орнын толтыру үшін шетелде бір жыл қалып, жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
 – «Болашақ» бағдарламасы енгізілген 25 жыл ішінде 12 мыңнан аса адам шекарадан тыс білім алыпты. Олардың қоғамға тигізген үлесін сіз қалай айтар едіңіз?
– «Болашақ» бағдарламасының пайдасы шексіз. Себебі, білімге салынған капитал елдің дамуына қажетті капитал. Бірақ біз көп жағдайда «Болашақтың» пайдасын шенеуніктік креслоға қол жеткізгендермен бағалаймыз. Негізі, еліміздегі ғылым мен білім саласында, шаруашылықтарда білімін жетілдіріп келгендер аз емес. Меніңше, болашақтықтардың пайдалы әсер коэфициентін сөз ете бергеннен гөрі, шет елде оқығандардың білім стандарты біздің қоғамға, мемлекетке сәйкес келе ме, мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалып, алынған білімнің сапасы қандай деген сауалдарға мән беретін уақыт келген секілді.
Қазір елімізде дәстүрлі медиа өкілдері ақпаратты жаңа тәсілмен берудің жолын іздестіруде. Батыс медиа кеңістігінде бұл мәселе қалай реттелген?
 – Қазір Қазақстандағы дәстүрлі медиа өкілдері осы бағыттағы жұмысты бастап кеткен. Сөзімізге дәлел, The New York Times пен «Егемен Қазақстан» газетінің байланыста болуы. Жуырда «Егемен Қазақстан» АҚ-ның төрағасы Дархан Қыдырәлімен кездесіп, жаңа білімді, әсіресе ағылшын тілін меңгерген мамандарды өз ұжымына жиі шақыратынын білдім. Қай салада болмасын, сырт елде білім алған мамандардың потенциалын пайдалану жемісін беретін жүйе. Сондықтан, облыстық телеарна, басылымдар да бұл бастаманы қолға алғаны дұрыс секілді. Бірақ ескеру керек, өз пікірін білдіре алмайтын тілшіге, шындықты айта алмайтын БАҚ-қа қандай ерекшелік қоссаң да, халық қабылдамайды. Бүгінде, танымал теларналар, ВВС-дің өзі бағдарламалардың әлеуметтік желідегі нұсқасын даярлап жатыр. Тіпті, әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізуді тұрақты қолға алған. Бүгінде 3-4 миллиард адамға интернет қолжетімді екенін ескерсек, газетті, тіпті теларна хабарын әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Сондықтан, журналистің қоғамдық мәселелерге пікір білдіруі, желі қолданушылары көтерген мәселені шешуге атсалысуы басылымның да, журналистің де абыройын арттырады.
 – Блогер Өркен Кенжебек журналисті «көше сыпырушы секілді мамандық» деген еді. Көше сыпырушы болмаса, қала ластанып, адамдардың қозғалысы қиындайтыны белгілі. Сіз қазіргі кездегі журналистің міндетін қалай түсіндіресіз? 
– Жалпы журналистикаға қатысты әлемдік қағидаттар бар. Ол – обьективті информация беру. Дәл қазіргі уақытта журналистер қаншалықты обьективті? Дамыған, демократиялық мемлекеттер дегеннің өзінде де обьективті болу қиын. Бірақ ақпаратты беру, қоғамдағы мәселені айту жағынан ілгерілеушілік бар. Менің ойымша, журналистің ролі осы. Мәселені нақты айту, шынайы ақпарат беру.
– Биыл «Туған жерге тағзым» акциясына арнайы шақырылыпсыз. Алдағы уақытта, жаңа идеяларыңыз не тележобаларыңыз Сыр елімен байланысты болуы мүмкін бе? 
–  Туған жер дегенде көз алдыма Арал теңізі, экология, қиыншылық елестейді. Мұндайда Аралға қаншалықты үлес қостым, туған жерге қалай көмектестім деген ойлар келеді. Сондықтан, алдағы уақытта туған жерге келіп, медиа саласында, саяси журналистика бағытында жобалар дайындау ойда бар. Негізі, болашақтықтардың көбі еңбек жолын елорадамен байланыстырады, Астанаға шоғырланады.  Бірақ, туған жерді ойласаң, мұның бәрін құрбандыққа шалуға болады. Бұл кейін артыңа қарағанда қандай жұмыс атқардым, адамдарға қандай ой салдым деген адами қанағат үшін де керек шығар. Ал бүгінгі патриоттық форумға құрметтеп шақырғанына қуаныштымын.

 – Сұхбатыңызға рахмет!

  •  
  • Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА, 
  • «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<