Вакциналау – заманауи медицинаның жетістігі

1459

0

Күн өткен сайын коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейіп, эпидахуал нашарлай түсуде. «Бұл жағдайға қандай факторлар әсер етті, екпе алғандардың науқастануының себебі неде?» деген сұрақтар төңірегінде облыстық  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Жанар Жетілгеновамен сұхбаттастық.

– Екпе туралы елдің пікірі әртүрлі. Желідегі түрлі ақпараттар әсерінен тұрғындарда екпеге деген әлі де сенбеушілік бар секілді…

– Вакциналау – заманауи медицинаның ең үлкен жетістігі. Осы кезге дейін екпе миллиондаған адамды ауру мен мүгедектіктен сақтап қалды. Мәселен, вакциналау арқасында әлемде шешек ауруы жойылды. «Полио­миелит» деп аталатын дерт қазір жойылу сатысында тұр, қызылша сияқты аурулардың саны азайды. Дүниежүзінде инфекциялық аурумен ауыратындардың саны бірнеше процентке қысқарды. Сондықтан вакцинаның қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алуда әсері өте зор. Әсіресе, бүгінгідей жаһан жұртын алаңдатқан коронавирус инфекция­сы бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырудың бірден-бір тиімді тәсілі – вакциналау.

Сарапшылар мәлімдегендей, екпе салдырған адам мутацияланған вирус­ты жұқтырса да, вакцинаның қорғаныс әсері болады. Вакциналау қарқыны төмен болған сайын коронавирус инфекциясының мутацияланған жаңа штамдарының туындау қаупі арта түседі. Сондықтан кезек күттірмей, иммундаудың толық курсынан өтуге кеңес береміз.

– Халық арасында екпе алса да, пневмониямен науқастанып, вирус жұқтырып алғандар бар.  Мұның себебі неде?

– Иә, КВИ-ға қарсы егілгендердің арасында вирус жұқтырғандар бар, дегенмен олардың үлесі 0,1 процентті ғана құрайды. Екпе қабылдаған тұрғындарда иммунитет қалыптасқанға дейінгі мерзімде инфекция жұқтыру  жағдайлары болған. Иммунитет біртіндеп қалыптасады, ал вакцинаның бірінші және екінші дозасы арасындағы кезеңде организм әлсіз болады. Вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін адамдармен байланысты азайтып, барлық санитарлық ережелерді сақтау қажет. Егер адам санитарлық шараларды сақтамаса, COVID-19-бен ауруы әбден мүмкін. Ең алдымен әлеуметтік ара қашықтық шараларын және маска режимін сақтау қажет. Халық арасында вакциналау жүргізілуде, дегенмен, эпидахуал әлі де тұрақтанған жоқ, оған бірнеше себеп бар. Алдымен, вирустың мутацияланған жаңа штамдары пайда болуда, екінші – әлемдік күрделі эпиджағдай, халық миграциясы, үшінші – тұрғындар тарапынан карантиндік шаралардың орындалмауы. Айталық, коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың және олармен тығыз қарым-қатынаста болған тұлғалардың 14 күндік оқшаулану режимін бұзып, қоғамдық орындарға баруы «Ashyq» бағдарламасы арқылы анықталуда. Бүгінгі күні COVID-19 жұқтырған 23 тұлғаға оқшаулану тәртібін бұзғандығы үшін әкімшілік айыппұл салынды. Төртіншіден, халық көп жиналатын той-жиындар әлі де ұйымдастырылуда, бесіншіден екпе алудың іс жүзінде орындалмай, жалған вакцина пас­порттарын жасату, жалған ПТР тестілеу нәтижелерін жасату фактілері жағдайды ушықтыруда. Бұл жағдайлар халықтың екпеге деген сенімсіздігіне, қарсы пікірлер туындауына себеп болуда. Қазір ақпараттар әлеуметтік желіде тез тарайды, халық бейресми ақпараттарға көбірек назар аударады. Осы келеңсіздіктер эпидахуалдың күрделенуіне өз кесірін тигізуде.

– Аймақта екпенің қандай түрлері егілуде, тұрғындар таңдау жасай ала ма?

– Облыста КВИ-ға қарсы вакцинаның «ГамКовидВак», «QazVac» түрлері бар, құзырлы органдар тарапынан вакцинаның басқа түрлерін алуға келіссөздер жүргізілуде. Сондықтан шешім алдағы уақытта белгілі болады, тұрғындар қосымша ақпараттандырылады. Қазір облыстың барлық өңірлерінде вакцинаның 1 және 2 кезеңіне екпе қоры жеткілікті.

– Облыста тұрғындардың екпе алу көрсеткіші туралы не айтасыз?

– «Вакцинация» ақпараттық жүйесі мәліметтеріне сәйкес бүгінгі күні облыс­та коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-компонентімен екпе алғандар саны – 232493. Ал вакцинаның толық курсынан өткен тұрғындар саны – 172974. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында егілу белсенділігі жоғары. Бұл тұрғындардың эпидахуал күрделенуіне байланыс­ты денсаулығына алаңдаушылығы және жауапкершілігі десек болады. Оған қоса, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулы талаптары, биылғы 11 тамыздан бастап мекеме қызметкерлері, жұмыскерлері вакцина салдырса немесе «теріс» нәтижелі ПТР қорытындысы бар болса ғана жұмыс орнына жіберіледі. Аталған инфекцияға қарсы екпемен қамтылу көрсеткіші әлі де жеткіліксіз. Ұжымдық иммунитет тиісті контингенттің 60-70 процентінен асқанда қалыптасады.

– Қазір вакцина алу бойынша қай елдер көш бастап тұр?

– «Bloomberg» сарапшыларының мәліметіне сәйкес бүгінгі күні коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау бойынша көш бастап тұрған елдер – Біріккен Араб Әмірліктері, Чили, Бельгия, Израиль және Испания.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<