Жауапкершіліктің ең ауыр жүгі – қазақ ұлтында

1614

0

«Тәуелсіздік тарихындағы аса күрделі және қатерлі кезең» деп бағаланған «Қасіретті қаңтарға»  1 ай толды. Осы уақыт аралығында  бұл оқиғаның себеп-салдары жайында жүздеген, мыңдаған пікір оқыдық. Санадағы сан сауалды мән-жайды білетін сарапшыларға қойып жүрміз. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлымен сұхбатымызда да осы мәселелерге тереңірек үңіліп көрдік.

– Мұрат Бақтиярұлы, қазіргідей қарбалас кезде уақыт бөлгеніңізге рахмет. Өзіңіз білетіндей, еліміз үлкен өзгерістер кезеңінде тұр. Айтыңызшы,  біздің қоғам қайда келді, қайда бет алып барады?

– Тәуелсіздіктің 30 жылында ештеңе жасалмады деп айтсақ, онда аға ұрпақтың, біздің буынның бүкіл еңбегін жоққа шығарғанымыз. Елдің егемендігін жариялап, шекараны бекітуде, нарықтық қатынас орнатуда, шетелдермен дипломатиялық байланыс жасауда, БҰҰ-ға мүше болуда үлкен еңбек атқарылды. Біз оны айтуымыз керек.

Бірақ, өкінішке қарай, кейінгі 10 жылдың көлемінде экономикалық өсім тоқтап қалды. Өйткені экономиканы нарықтық қатынасқа бейімдедік те, саяси реформалар тұралады. Өзі қоғамның саяси және экономикалық жағы болса, бізде «әуелі экономика, сонан кейін саясат» деді. Негізі 2007 жылдан бастап саяси реформа жасалуы керек болатын. Саяси реформалар, идеялар болмағаннан кейін экономикалық реформалар формальды түрде қалып қойды. Мысалы, индустриалды-инновациялық бағдарламалар. Қаншама қаржы бөлінді, Парламентте бекітілді. Бірақ бұл қаржы шағын және орта кәсіпкерлікке емес, ірі бизнеске кетті. Нарыққа сәйкестендіріліп істелмегендіктен, оның қайтымы, тиімділігі болмады.

Екінші, ауыл шаруашылығына осы кезге дейін бөлінген қаржыда есеп жоқ. Неше түрлі бағдарлама жасалды, бірақ барлығы жартыкеш. Естеріңізде болса, 2015 жылы «Қазақтан 60 мың тонна етті экспортқа шығарады» деген әңгіме үлкен мінберлерден айтылды. Алайда сыртқа ет шығармақ түгілі өзімізді қамтамасыз ете алмай қалдық. Аграрлы ел бола тұра, өнімдердің 60 процентін өзіміз өндіреміз де, қалғанын сырттан алдық. Қараңызшы, қандай парадокс!

Үшінші біз саяси жүйеде бәсекелестік орната алмадық. Сайлаулардың барлығы формальды түрде өтті. Ең соңғы әділетті сайлау 2004 жылы болды. Содан кейінгі сайлаулардың барлығы алаулатып-жалаулатумен атқарылды. Бұл адамдардың сайлауға, билікке деген сенімін жоғалтты.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жергілікті әкімдіктер ауылдан бастап облыс әкіміне дейін сайлауға араласқан жоқ. Барлығын бәсеке шешті. Мәселен, мен 1999  жылы нағыз саяси бәсекеде бес адамның ішінен облыстық мәслихат депутаттығына өттім.

Бұдан кейін әлеуметтік жағдай алға шықты. Көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржы бөлу мәселесінде де теңсіздік пайда болды. Бір топ азамат қолына байлық жинап алды да, халықтың әлжуаз тобы қорғансыз қалды. Олардың зар-мұңы, айқайы билікке жеткенімен, тыңдалмады. Мәселе Парламентте көтерілді, бірақ оған Үкімет назар аудармады. Өйткені саяси жүйе солай қалыптасты. Әйтпесе сайлау туралы заңға қатысты аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттар бір мандаттық округтен сайлануы, Мәжілістің өзіне партиялық тізім 50 процент болуы керектігін айттық.  

Адамдардың баспанаға мұқтаждығы мәселесін жылдар бойы шеше алмадық. Қазақстан сияқты 19 млн халқы бар мемлекетте бұл проблема болмауы тиіс еді. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болғаннан кейін, оны ортадағы жүргендер, билік тыңдамағаннан кейін, әрине ашынды. Бізге де ащы әңгімелер айтылып жүрді, оны жеткіздік, түбі дұрыс болмайтынын сездік. Газ, жанармай, азық-түлік бағасынан басталған бейбіт митингтің ақыры осыған апарып соқты. Бұл жердегі үлкен қателік – саяси жүйенің өзгермеуінде, бәсекелестіктің болмауында.

Қазір біраз реформаның басталғанын көріп отырмыз. «Самұрық-Қазынаның» мемлекет ішіндегі мемлекет, басы артық құрылым екенін айттық. Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғы мен 80-жылдарының басындағы кезеңге саясаттанушылар мен тарихшылар тоқырау деп баға бергенін білесіздер. Сол сияқты, 2013 жылдардан бастап біздің қоғам барлық жағынан, әлеуметтік, экономикалық,  ең қиыны саяси жағынан тоқырауға ұшырай бастады. Енді одан шығу үшін міндетті түрде әлеуметтік, экономикалық  және саяси реформа қатар жүруі керек. Бірінен бірі кеш қалмауы тиіс. Қоғамды экономиканы базис, саяси жағын қондырма дейді. Осы базис пен қондырма қатар жүрмейтін болса, экономикалық реформа бәрібір тығырыққа тіреледі. Президент өз сұхбатында Парламентке, саяси партияларға, жалпы саяси жүйеге қатысты өзгерістер болатынын айтты.

– Жасыратыны жоқ, қоғамдағы толқыныс жұмыссыздық пен кедейліктен туындайды. Жақында «елімізде 2 миллион адам екі қолға бір күрек таппай жүр,
1 миллионға жуық бала кедей отбасында тұрып жатыр» деп, осы кезге дейінгі статистиканың шынайы өмірден  қаншалықты алшақ жатқанын айттыңыз. Өзіңіз және айтқандай, тәтті өтіріктен ащы шындық анағұрлым артық. Ендігі жерде божыраған жүйені өзгертудің амалы көріне ме?

– Иә, жұмыссыздыққа байланысты болсын, мал басына қатысты болсын, адамдардың өмір сүру сапасына, күнкөріс деңгейіне байланысты болсын, азық-түлік бағасына қатысты болсын біздің статистика мен шынайы өмір бір-бірімен сәйкес келмейді. Бұл мәселені депутаттық сауал ретінде Үкімет басшысына жібердік. Ол – бұрын Статистика агенттігін басқарған азамат.

Біздің қолымызда шындыққа жанаспайтын 2021 жылдың деректері бар. Өзі-өзін жұмыспен қамтамасыз еткендер де жұмыссыздық категориясына жатады. Мәселен, «пәлен мың адамды жұмыспен қамтамасыз еттік» дегені – маусымдық уақытша жұмыс. Сондықтан ащы болса да, статистиканы жөндеу керек. Өйткені статистикаға байланысты бюджет түзіледі. Қазір Италияда жұмыссыздық 23 процент, бізде 4,5 процент. Ақылға сыйымсыз емес пе? Статистиканы түзеген соң, жұмыссыздықпен күрестің нақты, жүйелі  іс-шаралары қабылдануы керек. Жұмыссыздар қай категорияға жататынын нақтылаған дұрыс. Ауыл тұрғындары, жастар, әсіресе оқи алмай қалған, оқуын бітіріп жұмыссыз жүргендер туралы дерек бар. Сосын жоғары оқу орындарының рейтингінен түлектерінің жұмысқа орналасуы туралы бөлімді алып тастау керек. Оқу бітіргендерден бір мекемеден құжат әкел деп талап етілмесін. «Бітірушілердің 70 проценті жұмысқа тұрды» деген – өтірік анықтамалардан құралған көрсеткіш. 

– Білім саласына, оның ішінде шетел асып кетіп жатқан қазақтың алғыр жастарына алаңдап жүрсіз. Мұндай тығырыққа тірелудің басы неден? Президент сұхбатында Батыс пен Ресей біліміне қатысты пайымды ой білдірді. Алып-қосарыңыз бар ма?

– Бұрын талапты,  ойы озық жастардың шетелге кеткеніне алаңдайтын едім. Кейінгі кезде көзқарасым өзгерді. Мемлекетіміздегі шенеуніктердің, байлардың балаларының барлығы шетелдерде оқиды. Олардың еліміздің жоғары оқу орындарда оқитынын естіген емеспін. Өз балаларым елімізде оқып, білім алды.

Бізде жоғары білім беру саласында проблема көп. Шетелдің болсын, еліміздің болсын университеттерін бітірген жас мамандарымыз елге қажет емес. Біріншіден жұмыс табылмайды, екіншіден айлық жалақысы өте төмен. Үй, көлік алмақ түгілі, қара басына жетпейді. Сондықтан жастардың талабы болса, шетелге кеткенін құптаймын. Мүмкіндігі бар болса, барсын. Өйткені мемлекет оларға лайықты жағдай жасай алмай отыр. Адамды жұмысқа алғанда ең алдымен материалдық жағдайы бірінші кезекте тұруы тиіс. Оны жасай алмайынша, жастардың кеткені кеткен!

Жоғары оқу орындарына қатысты Президенттің айтқанынан да әрірек тереңдеген болар едім. Біздегі көптеген университетті, әсіресе өңірлік университеттерді шетелдік ірі оқу орындарына басқаруға беруді құптаймын. Мәселен, Англияның бір оқу орны кез келген өңірдегі университетті басқарушылыққа алса, қаржы салады, студенттерді екі елде оқытады. Бұл саладағы таптаурын әдістердің, баяғы лекциялар мен семинар сабақтардың  уақыты өтті. Өңірлік университеттердегі ескі бағдарлама үшін оларды кінәлауға болмайды, өйткені мемлекеттік оқу стандарттары  солай. Бұрынғы бір диплом өмір бойына жарайды деген қағида қалды, қазір өмір бақи оқу керек. Шетелдік оқу орындары университтерді басқарушылыққа алса, еңбек нарығына керекті, бәсекеге қабілетті мамандар дайындайды деп ойлаймын. 

Жалпы жоғары ғана емес орта білім беру саласына да күрделі өзгерістер жасалуы керек. Бірінші сыныптан бастап оқулықтар туралы мәселе көтердім. Әлемдік білім мен ғылымның көш басындағы Жапонияда бастауыш сыныпта 5-ақ кітап оқытады – математика, табиғаттану, жапон тілі, қоғамда, ортада өзін ұстау, ата-ананы сыйлау. Бізде ағылшын тілі, орыс тілі … баланың миы атала. Тек білім, білім, білім ал  тәрбие қайда қалды?

Қазір әлеуметтік желіде белсенді буын – 80-жылдардың аяғында туып, 90-жылдары білім алғандар. Меніңше, біз білімді айтып, тәрбиені кейінге ысырып тастадық. Отбасы құндылықтарынан айырылып қалдық. Үлкенді, әке-шешені сыйлау дегенді қойдық. Бұл – орта білім саласының ең үлкен қателігі.  Мұның әлі талай зардабын тартамыз ба деп қорқам. Адамның өміріне түкке қажеті жоқ пәндерді қысқартып, тәрбиеге мән беру керек.

– Бүгінде Сырдың суының жағдайы өте күрделі. Бұл мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе екенін білеміз. Бірақ қарап отыруға болмайды ғой…

– Еліміз бойынша Іленің, Жайықтың, Ертістің, Сырдың суы азайып барады. Сырдарияның суы туралы жақын арада мәліметтер алдым. Былтырға қарағанда да су деңгейі төмен болуы мүмкін. БҰҰ қолдаған халықаралық келісім-шарттар бар болғанымен, өзімізге тиесілі суды ала алмай отырмыз. Бұл – Президенттер, Премьер-министрлер арасында шешілетін мәселе. Қазір депутаттық сауал дайындап жатырмыз. Күріш егісі, азық-түлік қауіпсіздігі өз алдына, ең басты мәселе – Қызылорданың экологиясы. Аймақ шөлге айналып кетпей ме, Кіші Арал тартылып қалмай ма, 800 мың халықтың тағдыры не болмақ, халық үдере көшіп кетпей ме? Бұл бәрімізді алаңдатып отыр. Бұған біздің мемлекеттің ғана емес, әлемдік қауымдастықтың, БҰҰ-ның назарын аударту керек. Егер Кіші Арал тартылса, оның тұзы Еуропа мемлекеттеріне жетеді. Бұл – үлкен апат. Облыс әкімінің немесе министрдің қолында ештеңе тұрған жоқ. Аралды құтқарудың түрлі жобалары бар.

Екінші мәселе, Сыр бойындағы халықтың 70-80 проценті мал ұстайды, егін егеді. Су болмаса, олардың жағдайы нешік? Дарияның суы кетсе, жерасты суы да төмендейді, құдықтарға да су шықпай қалады. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттері басшыларының деңгейінде шешілетін түйткіл. Негізінде әркім өз міндетін орындап, өзіне тиесілі су үлесін алуы керек. Егер Қазақстан өз үлесін алмаса, Арал экологиясы зардабын жоғарыда аталған мемлекеттердің барлығы тартады.   Бұл ретте бәрі ақылмен, сабырмен, келіссөз арқылы  шешілуі тиіс.

– Әлеуметтік желілердегі қоғамның көңіл-күйін күнделікті көріп отырмыз. Алтыбақан алауыздық, бірінің сөзіне екіншісі қонақ бермейтін жағдайға жеттік. Идеология қайда бара жатыр, осындайда ұлтты не біріктіреді деп ойлайсыз?

– Жоғарыда айтып өттім, тәрбиенің тінін босатып алдық. Бұған билік те, қоғам да кінәлі. Біз жоғалтып алған отбасы құндылығының ішіне бәрі кіреді. Тәрбиелі бала ең алдымен әке-шешесін, яғни үлкенді сыйлайды.

Бұл жерде жауапкершіліктің ең ауыр жүгі қазақ ұлтында. Ұлттың жауапкершілігін арттыру үшін материалдық, әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Сонда балаларына тәрбие, білім беруге, денсаулығын қаратуға мүмкіндік алады.

Қазақтың басын біріктіретін – тілі, дәстүрі, тәрбиесі. Ондаған бағдарлама түзіп, жүздеген конференция, мыңдаған кездесу жасағанмен, барлығы бос сөз. Тәрбиеге көнбейтін адам жоқ, сондықтан осыны мықтап қолға алсақ, бұдан да өтеміз деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<