Жүргенов салған жарқын жол

401

0

 Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – театр және кино мамандарын даярлайтын мемлекеттік жоғары оқу орны. Осыдан 40 жыл бұрын  Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының актерлік факультетінің негізінде ашылған оқу орнында бүгінде театр, кино, көркемсурет және хореография мамандары даярланады. Іргелі білім ордасы 1987 жылдан бастап Т.Жүргенов есімімен аталады.

Таяуда академияның шығармашылық ұжымы Сыр еліне сапарлап келген еді. Орайлы сәтте  Ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариха Тұранқұловамен әңгімелесіп, Сырдағы өнер сапары жайлы  сыр тартқан едік.

– Дариға Тұранқұлқызы, Темірбек Жүргеновтей тұл­ғалы ердің туған жеріне қош келдіңіздер. Осынау өнер сапарының  мақсаты мен маңызы туралы айтып өтсеңіз…

– Өздеріңіз жақсы біле­сіздер, биыл қазақтың қайраткер ұлы Т.Жүргеновтің туғанына 120 жыл толып отыр. Ол небәрі қырық жыл өмір  сүрсе де, ұлтымыздың өнері мен мәдениетінің өркендеуіне, оқу-ағарту саласының дамуына қыруар еңбек сіңірді. Сонау 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, ал 1936 жылы Мәс­кеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін  ұйым­дастыру арқылы хал­қымыздың төл өнерін төрткүл дүниеге танытуға ерекше еңбек сіңір­генін ел жақсы біледі. Ұлт өнерінің қадір-қасиетін та­ныту­дағы ұлы мұраты бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жойған жоқ. Оның нақты дәлелі, Ұлттық өнер академиясы осы сала бойынша  Италия, Корея, Польша елдеріндегі әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыса отырып, қазақ өнерін таныту бағытында жемісті жұмыстар атқарып келеді.

Енді сұрағыңызға келсек, жуырда Ұлттық өнер академиясында Қызылордадағы Т.Жүр­генов  атындағы қор­дың ұйымдастыруымен қай­­рат­­кердің тағылымды ғұ­­мы­рын арқау еткен тарихи-танымдық шара өткізілді. Сол шара жалғасын тауып, Ұлт­тық өнер академиясының шығармашылық ұжымынан 60-қа жуық адам қайраткердің туған жері – Сыр еліне сапарлап келдік. Ондағы мақсатымыз біріншіден, Темірбек Жүр­геновтың туған жеріне келіп, рухына тағзым ету. Сонымен қатар, академияның ұстаз­дары облыстық   Н.Беке­жанов атындағы драма театры­ның, «Жастар» театры­ның ак­терлерімен шеберлік класын өткізіп, тәжірибелерін ұштайды. Мен өзім «Сахна тілі» бағытында дәріс бердім.

– Білуімізше, өнер сапары Т.Жүргеновтің 120 жылдығына арналып отыр. Бұл орайда Сыр жұртшылығы қандай туындыны тамашалайды?

– Мемлекет және қоғам қайраткерінің тартысқа толы өмір жолына арнап «Тағдыр» атты композиция дайындаған болатынмын. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткен «Рухқа тағзым» атты мерекелік шарада облыс көрермендері осы туындыны тамашалады. Бұған дейін Т.Жүргенов атындағы қордың ұйымдастыруымен ақындар мүшәйрасы өткізілгенін жо­ғарыда атап өттік. Соның ішінен үздік деп танылған жас ақындардың шығармалары осы композицияның желісінде оқылды. Аталған туындыны өнер академиясының «Сөз сөйлеу» жанры факультетінің 4-курс студенттері сахналап, көрермен қауымның қошеметіне бөленді.

Мемлекет басшысының жуыр­да ел назарына ұсынған Жол­дауында алдағы жыл «Жас­тар жылы» деп жарияла­натыны айтылды. Расында, олардың алдында жаңа дәуір жүктеген ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан жас ұрпақтың тарихын танып, салт-дәстүрін санасына сіңіріп, ұлтымыздың рухани бай мұрасын ұлықтай білетіндей дәрежеде тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.

– Өнер сапарының сіз үшін әсері қандай?

– «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бар. Шындығында, мұнда қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған, қадір-қасиеті де айрықша бағаланады. Хал­қының да көңілі дархан, пейілі кең. Біз осыған дейін де Сыр өңірінде болып жүрміз. Ондағы байқағанымыз, өнер, білім саласына облыс басшысының қолдауы ерекше екен. Сондай-ақ, 200 жылдық тарихы бар ескі қаланың бүгінгі келбеті керемет. Жаңарып, жасанып, жасыл желекке бөленіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, Сыр еліндегі өнер сапары табиғатының шуақты да мамыражай қалпымен, талантты тани білер танымы бөлек халқымен, өнерге құштар өршіл жастарымен ойымызда қалмақ.

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<