Парасат жолы

474

0

Қазақта әлімсақтан келе жатқан «Ұлықпандай мың жаса» деген бата-тілек бар. Әрине, пенде мың жасамайды. Бірақ оның адам баласына жасаған жақсылығы, ізгілікті ісі, артқа қалдырған ғибраттары мен өшпес ізі мың жасайды. Ұлықпан – сонысымен мәңгілік, сонысымен мың жасап келе жатқан ғұлама.

Сырдың бойын мекен еткен, елінің елеулісі, халықтың қалаулысы, қамқоршысы болған Остай деген ақсақал тоқсаннан асқан шағында дүниеден өтіпті дейді. Сол кезде соғыс және еңбек ардагері Бабаш Жөкенов деген ауылдасы оның көңілін сұрай барғанда абыз:

– Қарағым, Аллаға өкпем жоқ. Мына пәни дүниеде де арманым жоқ. Өзімнен тараған ұрпағым 100-ге жетті. Енді осылардың алдында абыроймен Алла аманатын алса, өкінішім жоқ, – деген екен.

– Менің де жасым сол кезде 80-нен асып қалған еді. «Ұрпағым 100-ге жетті» деген кісіні бірінші естуім, – деп отыратын сол кезде Бабаш қария.

Солардың бірегейі, әулеттің абыройын әуелеткен марқұм Батырхан Остаев еді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов ол кісі туралы естелігінде әрбір кездесу жаңа да жылы леп әкелетінін айтқан.

– Батекеңнің қаламынан 550-ден аса ғылыми-танымдық әдістемелік дүние өмірге келді. Бұл дегеніңіз – ғаламат, көп еңбек! Оның еңбектері, іс-тәжірибесі Одақ көлемінде де танымал болды, – дейді ол.

Ес біліп, мектеп табалдырығын аттағаннан өмірінің ақырына дейін ол өзінің туған ауылы бұрынғы Ақсуат, Киров, бүгінгі Махамбет ауылына қызмет етіп кетті. Сол арқылы бүкіл елге деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігін еңбекқорлығымен, іскерлігімен танытып өтті. Ол бар ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Жүрегі – алтын ұя мектебі, тірегі – ұжымы болды.

Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің үздіксіз білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева Сыр елінің ұстаздарында өзге өңірлермен салыстырғанда ерекшелік бар екенін айтады. Ол – қазақи қалпы, қарапайымдылық қасиеті. «500 мыңнан астам ұстаздың өмірбаянын көріп, талдау арқылы қарасаңыз, Батырхан Остаевтай басшының, ұстаздың бірегей екендігіне көз жеткізесіз. Бірегей деп отырған себебім, тек бір мектептің ұстазы, не бір мектептің директоры ғана емес, елдегі ұстаздардың идеалы, атрибуты осы Батырхан ағамыз» дейді Ж.Жонтаева.

Батырхан ағаның білім саласындағы өзекті мәселелерді ешқашан көзден таса етпегенін, айтар орнында айтып, сынар жерде сынағанын, барды бар, жоқты жоқ дегенін Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова да айтады.

Сонау 60-жылдары Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдаған ол өзі бітірген мектебіне мұғалім болып келді. Өзі оқытқан ізгілігі мол жандардың ақыл-кеңесіне жүгінді. Әріптестері мен ұжымының қолдауына сүйенді.

Кезінде Оқу министрі Қожахмет Балахметов сайлау барысымен келгенде Батырхан Остаевтың №143 мектебіне соққан. Мектепте атқарылып жатқан істерді көрген ол облыстың қай жерін араласа да, «Мен керемет ауыл мектебін, оны өте шеберлікпен басқарған мектеп директорын көрдім. Тәнті болдым. Сол жерден үйрену, директордан оқу, облыстық семинар өткізу керек» деп мінбеден айтудан танбай кеткені бар.

Батекеңнің ең басты марапаты – өзіне деген халқының құрметі. Ең жоғары мадағы – әріптестерінің сенімі. Абзал жанның ұжымға «Бір жерде менің атымды атап, мақтаса, ол – сендердің марапаттарың, сендердің еңбектерің, бірлік-тірліктеріңнің арқасы» деуі де сондықтан.

Қосшыны тыңдаған басшы жаман болмайды. Мектеп басшысының сол кездері мамандардың пікірлерімен санасуы, ой-тілегіне назар аударуы, ұсынысын тыңдап, ақыл қосуының жемісі де аз болған жоқ. Оқушыларының техника меңгеруі мен егіндік жерді баптап, керек десе мал ұстап, сауын саууды да қоса атқаруы үшін мақсатты шаруаны мықтап қолға алды. Жас буынның атакәсіптен алшақтап кетпеуін басты назарда ұстады.

Кеңшар ұжымы мен мектепті тығыз байланыстырып, ферма ұйымдастырды. Сол жылдары аудан мектептері өткізген 100 тонна қызанақтың 53 тоннасын №143 орта мектептің өндірістік бригадасы берді. Онан түскен қаржы мектеп қорына кіріс болды. Күнделікті мектеп асханасында оқушылардың жаңа сауылып пісірілген сүтке, қолдан ұйытылған қатыққа аузы тиетін жағдайға жетті. Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептер өкілдері тәжірибе алмасуға ат басын тіреді.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Батырханның әкесі Остай – киіз үй тігіп бие байлаған  адам. Өмірі дастарханы  жыйылмаған қонақжай кісі болды. «Қолыңнан келсе, жұртыңның биі бол. Биі болмасаң, бимен бірге қадірлі қонағың түсетін үйі бол», дейтін ол.

Сол үрдіспен абыз елінің биі де, түсетін үйі де болды. Желіден құлыны, саумалдан биесі үзілмеді, мейманы арылған жоқ.

Батырхан да  әке үрдісін балалаларына дарытты. Оның да желісінен құлыны, балдай дәмді сары қымызы, саф алтындай сапырған саумалы ажырамады.

Әулеттің ең басты бақыты, ең асыл қағидасы – пендеге деген ыстық ықыласы. Марқұм Батырханның ғұмыры да солай өтті. Үлкенге кішілік ілтипат, кішіге ізеттілік таныта білді. «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәли» болса, солардың дені – осы Остайдың ұрпағы Батырханның және оның балаларының дастарханынан дәм татқан кісілер.

Мағжан Жұмабаев қазақ білімінің сапасы биіктен көрінуін сол кездің өзінде аңсаумен өткен екен. «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты»  депті, бір жазбасында. Нағыз ұстаз өзінің көркем мінезі мен  білімділігін былай қойғанда, керек десе киген киімімен, жан-жағына жайдары қалпымен шуағын шашып жүреді. Сол қарапайымдылығы мен ізгілігі арқылы шәкірттерінің де, айналасындағы әріптестерінің де жүрегін жаулап алады.

Өз-өзінің қадірін біліп, өз-өзін сыйлаған жан, өзін де өзгеге сыйлата біледі. Батырхан Остаевтың парасатты, өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен қымбат ұстаздық жолы осындай еді…

Жеткерәлі Әлмағанбетұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<