Сырда талай таланттар дүние есігін ашып, бұл өмірде өздерінің өшпес іздерін қалдырған. Солардың бірі – бар-жоғы 45 жыл ғана ғұмыр кешіп, өзінің қоңырқай үнімен жұртшылықтың жүрегін жаулап алған біркездегі облыстық телерадиокомитеттің аға тілшісі Ыбырай Әлжанов еді.
Әлі есімде, 1968-ші жыл болса керек. Теңіз жағасына қоныс тепкен біздің «Бірлестік» атты балықшылар ауылының қақ ортасына орнатылған қара қазан іспетті жалғыз ғана радио болатын. Күнде кешкілік ауылдастарымыз осы радио жанына жиналып, жергілікті радиохабарын тыңдаудан жалықпайтын, яғни «Аралдан сөйлеп тұрмыз! Сөйлеп тұрған Ыбырай Әлжанов» деген дауысқа құшырлана құлақ түретін. Жүрегімді жаулап алған осы бір дауыс иесімен танысып, табысуды мен де асыға күтумен жүруші едім.
Сол 1968 жылы Арал қаласына қоныс аударып, Ыбырай Әлжановпен танысудың сәті түсті. Ол кісі сол кездегі «Социалистік Арал» (бүгінгі «Толқын») газетінде радиожүргізушісі болып қызмет істейді екен. Содан бастап Ыбыкеңмен бұл өмірден өткенше сыйлас та сырлас болғанбыз. Жоғарыда айтқандай, оның өмірі қаншалықты қысқа болса, өмірдерегі де соншалықты қысқа. Айтайын.
Тегінде адам баласына қасиет пен тектілік топырағынан дариды деген аталы сөз рас-ау! Ыбырай 1945 жылдың наурыз айында Сырдарияның солтүстік беткейіне қоныс тепкен теміржол бойындағы «Бекбауыл» елді мекенінің «Тау» атты жерінде өмір есігін ашады. Бұл жердің «Тау» атауын алуының да өзіндік бір сыры болса керек.
Ыбекең он жылдықты бітірісімен «Бекбауыл» бекетінде теміржолшы болып еңбек жолын бастайды. Бала кезінен қолына қалам алып, журналист болуды армандапты. С.Киров атындағы университеттен дәріс алған ол аудандық газетке тілші қызметіне орналасады.
Ұмытпасам, сол 1968 жылы аймақтарда жергілікті радиохабарын тарату үрдісі қолға алына бастады. Аралда алғашқы радиохабар таратушы болуға тілі жатық, үні құлаққа қонымды Ыбырайға қолқа салынып, ол осы қызметті он жылдан аса уақыт атқарады.
«Жергілікті радиохабарын тарату, – өте қиын болатын. Өйткені, жанталаса тұрып жаңалықтар жинайсың, оны қағаз бетіне түсіресің, әрі қарай тікелей эфирге шығу керек. Міне, менің күнделікті тірлігім осы. Тыңдарман бағасын бере жатар, әйтеуір бар ықыласпен жұмыс істедік» – деп еске алатын Ыбекең көзі тірісінде.
Айтса айтқандай, тыңдармандар жүрегін жаулап алса керек, 1980 жылы оны Қызылорда облыстық телерадиокомитетінің төрағасы Жақсылық Бекқожаев қызметке шақырып, аға тілші қызметіне келеді. Осында келісімен қарымды қаламгерлер Есенкелді Шілдебаев, Жанұзақ Қожабергенов, Қази Данабаев, Кеңес Әбуов, Оразбек Мақсұтов, Бексейіт Шайманов, Бақтыбай Бердібаев, Кенжәлі Ерімбетов, Бегімбай Ұзақбаев, Жалғас Аманов, Айғанша Ысқақова есімді әріптестерімен табысады. Осылардың арасынан облыстық радиохабарын тарату Ыбырайға жүктеледі. Осы қызметті он жыл бойы, яғни 1990 жылы өмірден өткенше абыройлы атқарады. Ыбекеңнің жүректі жаулап алар қоңыр үні жаңалыққа жаны құмар тыңдармандар құлағында күні бүгінге дейін күмбір қағып тұрған да болар.
– Әлі күнге дейін есімде, – деп еске алады бүгінде Қызылорда қаласы тарихи музейінің директоры Төремұрат Ыбырайұлы, – әкем жұмыстан келісімен жуынып-шайынып алып, үйдің іргесінде ілулі тұрған 5 сомдық радионың даусын барынша ашып, «Қызылордадан сөйлеп тұрмыз» дегеннен бастап, барлық хабарды соңына дейін тыңдап отыратын. Біздерді де жанына отырғызып, радиохабарын тыңдаудан бас тартқызбайтын. Әкенің айтқаны біздер үшін заң еді. Содан болар мен де әке жолын жаза баспай жалғастырып, 1991 жылы телерадиокомитетке оператор қызметіне келіп, бертін келе дыбыс режиссері қызметін 1999 жылға дейін атқардым…
Ол елі үшін еткен еңбегін пұлдамайтын, күннен жұмыс, түннен тыныс сұрайтын, қарымды қаламгер, жалынды журналист еді. Сөзді саралап айтатын, радио хабарын жұртшылыққа жүрек лүпілімен жеткізетін. Сабырлы қалпынан айнымайтын салмақты әңгімесімен де есімізде қалған болар.
Қаламгердің еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Кезінде КСРО-ның баспасөз бен радиодағы қызметіне байланысты «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Одақтық және республикалық теледидар және радио комитетінің бірнеше мәрте «Құрмет грамотасын» да иеленген. Сондай-ақ Қазақстан теледидар және радио комитетіне 50, 60, 70 жыл және «Қазақстан радиосына – 50 жыл» мерекелік медальдарымен де марапатталған.
Жақсының артында Құдай қосқан қосағы Ханшайым Адайбайқызымен Қожамұрат, Төремұрат, Ғалымбек, Мейрамбек, Жарқынбек есімді ұлдары мен Ләззат есімді қызы бар. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде сан алуан қызметтер атқаруда.
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Арал ауданының құрметті азаматы