Туған жердегі кездесулер

849

0

Жезтаңдай жерлес әншіміз, қазақ қыздарынан тұңғыш рет Халық қаһарманы атанған, КСРО, Қазақстан және Қырғызстанның Халық артисі Роза Бағланова туған жеріне келгенде қасында болып кездесу бақыты бұйырған азаматтар арамызда бар. Сондай азаматтардың бірі – кезінде басшылық қызметтерде болған Болатбек Пұсырманов.

Қазалыда көрші болғандықтан, Бөкеңді жақсы танимын. Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры, Арал ауданының атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары мен аудан әкімінің орынбасары, 1997-2004 жылдары  Қазалы  ауданының әкімі болды. ЮНЕСКО көлемінде 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Роза Бағланова туралы көп дерек білетін адам. Жақында «Айдарлы» ауылындағы қайын жұртыма барғанда, Қызылорда қаласында тұратын Бөкеңе жолығудың реті келді. Әңгіме барысында көптеген тың дерек айтып берді.

– Жерлес болғасын Роза апамыздың есімін бала кезімізден білемін. Ол кезде апай жас болғандықтан, туған жерге концерттік сапармен жиі келетін. Сонда алғаш рет көрдім. 1989-1997 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары кезімде 1992 жылы 70 жылдығына байланысты концерттік сапармен келгенде дастарқандас болдым. Қазалы ауданының әкімі қызметінде жүргенде Роза апаммен апалы-інідей қарым-қатынаста болдық.

Апамыздың туған күні 1 қаңтар екенің білесің. Мерейтойына байланысты, сол кездегі Президент Н.Назарбаев қабылдап, қандай өтінішің бар деп сұраған. Ол «Ақпатшам-ау (президентті солай атайтын), атақтың барлығы бар, рахмет! Жалғыз өтінішім, жас болса келіп қалды, ата-бабамның басына ескерткіш орнатып кетсем бе деген ойым бар еді, соған көмектессеңіз» деген. Сол шақтағы облыс әкімі Серікбай Нұрғисаевқа  ауызша тапсырма беріледі. Өз кезегінде ол тапсырма аудан әкімі болғасын маған жүктелді. Роза апамызды күтіп алдық. Қазақтың кәдесі бойынша үйге шақырып, сыбағалы қонақасын бердік. Дастархан басында келген бұйымтайы туралы сөз қозғады:

– Мен Асандардың ішінде «бөлек Асан» деп аталып кеткен рудың қызымын. Әкем – Тәжібай. Оның әкесі Шақкөз кезінде Жанқожа батыр көтерілісіне қатысып, қол бастаған. Атамның шын есімі болуы мүмкін, бірақ өткір көзіне қарап «Шақкөз» деп атап кеткен. Мені кішкентай кезімде көзіме қарап,  атамның көзін көргендер: «атасына ұқсап шақкөз екен» дегенді талай рет естіген болатынмын. Мектепке дейін біз Аралға барар теміржол бойындағы № 95 разъезде тұрдық. Бес жаста болсам да, есімде қалыпты, атам жерленген биік төбе маңында ойнайтынбыз. Енді сол бейітін тауып, ескерткіш-белгі орнатсам ба деген мақсатпен туған жеріме келіп отырған жайым бар, – деп сөзін аяқтады.

Дастархан басында сол кездегі Әйтеке би кентінің әкімі Оразғали Бекпанов және басқа да шақырылған қонақтар қолдан келген көмектерін беретіндерін айтты. Ас-су ішіліп,  қонақтар қайтып кеткен соң:

– Ал, Болатжан, мені енді қонақүйге апарып орналастыр, – дегенде, зайыбым Индира екеуміз қосарлана:

– Тәте, ол не дегеніңіз? Біздің үйді өзіңіздің үйіңіздей көріп, қанша уақыт болса да тұра беріңіз, – дедік.

– Болатжан-ау, мен мазасыз адаммын ғой. Түнде тұрып, ерсілі-қарсылы жүретін әдетім бар, тағамды да талғап тапсырыс беріп ішемін дегенде «тәте-тәтелеп» әрең көндірдік.

Келесі күні ол кісіні ортаға алып, Оразғали ағамыз және құрылыс мекемелері басшыларымен 95-разъезді бағыт алып жолға шықтық. Межелі жерге жеткенде Шақкөз атасының бейітін табу оңай болмады. Әр төбені қарап жүрміз, бәрі жермен-жексен болған. Бір кездері Розаның дауысы қатты шығып кетті:

– Міне, мына жер, көрдіңдер ме? Қолымды еріксіз тартып бара жатыр, – деп жылап жіберді.

Байқап қарасақ, қам кесекпен салынған төрт құлақ бейіттің орнына ұқсас жер опырылып кетіпті. Құм басқан, ойыстау жерді белгілеп кеттік.

Әйтеке би кентіне келгесін менің кабинетімде Оразғали ағамыз бастаған мекеме басшыларымен бірге ескерткіштің жобасы қандай болуы керектігін ақылдасып, мамандар жоба-эскизін сызды. Бейіт орны ұлттық оюлармен әшекейленген темір қоршаумен қоршалуы керек. Батырдың бес қаруы – қалқан, қылыш, қанжар, найза, шоқпар жасалынып, қоршаудың ішіне орналастырылып, алдына аты-жөні жазылған тақтаны қоятын болып бір шешімге келдік. Біздің жасаған эскизіміз Р.Бағлановаға да ұнағасын, тиісті мекемелер жұмысқа келесі күні-ақ кірісіп кетті.

Роза апамен үйде күнде таңғы және түскі асты бірге ішіп қызметіме кетемін. Зайыбым апамыздың ас мәзірін дайындауға машықтанып алды. Кей асты мүлде татып алмайды. Мысалы, манты етіне бұрыш қосылғандықтан, әншінің дауысына әсер етеді екен.

Кешкі дастархан басында әңгіме-дүкен құрғаным ұмытылмастай есте қалды. Әлемге әйгілі әншімен жақын отырып байқағаным, сөзі салиқалы, көзі өткір және көріпкелдігі, тіпті бойында биоөрісі бар екенін білдім. Бір күні жұмыстан қан қысымым көтеріліп келіп, көңілсіз отырғанымды байқап:

– Болатжан, қабағың қатулы ғой, бірдеңе болды ма? – деп сұрағанда, себебін айттым.

– Мында келіп мына жерге отыр, қазір басыңды уқалап, ауруыңды сап қыламын, – дегенде шошып кеттім.

– Тәте, ұят болады, үйге біреу келіп қалып көрсе, аудан әкімі Пұсырманов Бағлановаға басын уқалатып отыр деген әңгімеге қалармыз, – деп, көнбеп едім, болмады.

Қолының биоөрісін сол кезде бірден сездім, қан қысымым түсіп, лезде тәуір болдым.

Ескерткіш-белгіні дайындап, бейіттің басына орнатып, разъезге барып көзімен көрген соң, «атама арнап 100 адамға осы жерде ас берем» деді. Біз «палатка құрамыз ба, киіз үй қолайлы ма?» деп сұрағанда «жоқ, осы төбенің басына, дастарханды жерге жайып жасаймын, тек қазан ошақ пен ыдыс-аяқ  жеткізіп берсеңдер болды» деді. Асқа аудан активі, ескерткішті жасаған азаматтар мен ардагерлер қатысты.

2002 жылдың күзінде 80 жылдығына байланысты Қазалыға келіп, екі концертін қойды, – деп әңгімесін аяқтады ағамыз.

Әңгімелесіп болғасын сол кездесулердің естелігі – екі фотосын түсіріп алдым.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<