Алмасбек Есмаханов: «Әділ қызмет етуге тырысып келемін»

1905

0

Ол – тас қалаушы, сылақшы Әбілқасым мен он баланы дүниеге әкелген Тасбике ананың «шаңырақ иесі» деп сенім артқан кіші ұлы. Әңгіме Алмасбек жайлы еді ғой. Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, мемлекеттік қызметте көп жасқа үлгі болған Есмаханов қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы. Ол «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде 32 үміткер арасынан топ жарғандардың бірі.


Көпшілік санасында мықтап орныққан, әлі де соның айналасынан ұзамаған, кейбір жұрт қайта-қайта айтар мына бір сөз бар. «Әкімнің ұлы – әкім», «соттың баласы – сот» немесе «майға батқан шопырдың баласы шопыр болмай қайда барсын…» Парқына жетпей осындай пікірді қарша боратпас бұрын ойланған абзал. Өйткені, біз баяндағалы тұрған кейіпкердің өмір жолы таптаурын көзқарасқа қайшы.


Орта мектептен соң аграрлы-техни­ка­лық колледждің экономика факуль­те­­тін­де, одан соң Қызылорда гума­ни­­тар­­­лық университетінің экономист ма­­­ман­­­дығы бойынша жоғары білім алды.


– Мектеп бітірген жылы әкем дүниеден озды. Ес білгелі ол кісіден «адал бол», «әділ бол», «ешкімнің ала жібін аттама» дегенді естіп өстім. Осы сөздер миға әбден қашалғандай. Өзім мемлекеттік қызметке 2006 жылы келіп, әртүрлі салада жинаған тәжірибем мен алған білімімнің нәтижесінде адал, әділ қызмет етуге тырысып келемін, – дейді Алмасбек.


Қызметте жүріп ұдайы ізденісті қа­лайтын ол 2012 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының ұлттық мектебіне оқуға түсті. Академияның магистранты атанып, АҚШ-тағы Солтүстік Коралина штатының Дарем қаласында орналасқан әйгілі Дюк университетінің мемлекеттік саясат факультетінде қосымша білім алды.


– Әлі есімде, 2005 жылы біздің бөлімде оқу тәжірибесінен өтіп, 2006 жылы бөлімнің штаттан тыс маманы болып еңбек жолын бастаған Алмасбек содан дейін облыстық басқармаларда, қала әкімі аппаратында түрлі қызметтерді атқарды. Ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары қызметтеріне дейін жоғарылаған сәттерін мақтанышпен айта аламын. Ол облыс экономикасының түрлі салаларында жемісті жұмыс жасап келеді. Жүктелген міндеттерді үлкен абыроймен атқара алатынына сенімдімін, – дейді қызметтегі ұстазы әрі әріптесі, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова.


Иә, мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, басқарудың озық тәжірибелерін тарату, үздік кәсіби білімі мен дағдылары бар мемлекеттік қызметшілерді анықтауда жыл сайын өтетін республикалық «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсына жолдама алған жерлесімізге үлкен сенім артылған.


– Мақсатым – халыққа адал, әділ қызмет көрсету. Ең бірінші, маған тиесілі міндеттер мен тапсырмаларды мерзімінде аяқтауды өзгеден емес, өзімнен талап етемін. Өйткені, әрбір бастаған істің уақытылы, елге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің нәтижелі болуы – барлық осы саладағы азаматтардың ортақ абыройы, – дейді Алмасбек Есмаханов.


Жақында Алмасбек қалалық ішкі саясат бөлімі басшысы қызметіне та­ғайын­далды. Қай салада да ерінбейтін Есма­хановтың иірімі көп идеялогия жүгін арқалауда сүрінбейтініне сенім мол.


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<